Кішкене атаның түсі
Туған жер – тұнған шежіре. Қасиетті Қазалы өңірінде де ел мен жер тарихы туралы сыр шертетін құндылықтар жетіп артылады. Сондай бұрынғылардан жетіп, ел аузында жүрген әсерлі де мағыналы әңгіменің бірі былайша өрімделеді.
Кіші жүздегі Әлім аталығының алты баласының ең үлкені Жаманақ. Оның лақап аты – Шекті деп аталады.
Осы Жаманақ – Шектінің шөбересі Кішкене деген кісі. Кішкене атамыз өсіп-өніп алты бала өсіріп тәрбиелеген. Қазірде кең тараған ұрпағы Қазалы, Сыр өңірімен бірге Атырау, Түркістан облысы және Өзбекстан мен Қарақалпақстан жерінде молынан бар.
Кішкене баба қартайған шағында ұйықтап жатып түс көріпті. Түсінде ауырған екен, балалары еншісін алып, өз алдына отау тігіп, бөлектеніп кетіпті.
Сондағы сырқатының түрінен қауіптенген ол «балаларымды тірімде бір көріп разыласып, дидарласып қалайын» деп, хал-жағдайын айтып бәріне хабар бергізіпті.
Бойларын үрей билеген алты баласы әкемізден айырылып қалармыз, жаны барында жүздесіп қалайық десіп тұс-тұстан суыт жетіпті.
Балаларының көліктерінде артқан-тартқандары бар екен, асығыс қолына түскендерін ала келген сыңайлары байқалады. Ең үлкені – Жиеней бір қап қызыл тары әкеліпті. Жолшарасы – ақ бөз мата, аналарына көйлек-жаулық беріпті. Асаны – ақ қойдың жүнінен басылған үзіктік алты өре ақ киіз әкеліпті. Үсені – жаңасы бар, қақтағаны бар бір мардан балық әкеліп қойыпты. Құрманай – қант пен шай, өрік-мейіз шығарыпты қабынан.
Ал кенжесі Құттық арлан сұр қасқырдың терісінен жасалған мол қасқыр ішікті әкесінің тұсына әкеліп кереге басына іліпті.
Қарашаңырақта бір-бірімен сағына қауышқандық па, әкесімен аман-есен жүздескендік пе, бәрі де мәз-мейрам күйге бөленген...
Кішкене оянып кетсе, таң бозарып атыпты. Манадан бергі көргенінің бәрін есіне сақтайды. «Мұны күн шыққасын Ақсауытты Айдарбек атамның түс жорығыш баласы Ардана ағамды шақыртып алып жорытайын» деген тоқтамға келеді.
Мал сойдырып, ауыл ақсақалдарын түгел жинап, Ардана ағасын әдейі алдырады. Жиналған адамдар ас жеп болып, қымыз ішіп, жайланып отырғанда, Кішкене атамыз түнде көрген түсін ортаға салады.
Бұны Ардана ағасының жорығанын қалайды. Сонда Ардана ұзақ ойланып, өз қабырғасымен кеңесе келіп:
– Жиеней балаң бір қап тары әкелсе, үрім-бұтағың көп болғанмен біріне бірі жуыспай аузы ала, басы бірікпей, әр жерде тарыдай шашылып жүрер.
Жолшараң – аппақ бөз, шешелеріне кимешек әкелсе, дін жолын қалар, ғұламалықты ұстар.
Асан – алты өре ақкиіз әкелсе, үрім бұтағы киіздің түгіндей көп болар, ақниетті, аңқау, мейірімді болып, шаңырағыңның атағын биікке шығарып, даңқыңды алысқа жеткізер.
Үсенің бір мардан балық әкелсе, ойы зерек, өресі биік, ар-намысшыл, бауырмал болар. Жалпақ жердің үсті түгіл, астындағы су маржаны – балықты ұстағаны – өнер-білім, ақыл-парасаты мол, өзгеден ойы оқ бойы озық болар.
Құрманай – шай-шекер, жеміс әкелсе, сауда-саттықпен айналысар, қаланың жанында болар.
Құттығың әкесіне қасқыр ішік әкелсе, үрім-бұтағынан бүкіл қазаққа қорған болар, батыр туар, әулие болар, жұрт сиынар! Әмин!” – деп, түсті жорып, бата қылып, қос қолымен сақалын сипапты.
Елдің ақсақалдары Ардананың қиыннан қиыстыра келтірген пікіріне шын жүректен риза болыпты. Сыр сүлейлері қатарындағы Шораяқтың Омары “Нағашым” – деген өлеңінде:
– Нағашым алты Әлімде Кішкене еді,
Сыртынан көрмей дұшпан сескенеді.
Тағамның тал түстегі саясына,
Бес Бозғұл, алты Әлмембет түстенеді, – деп төгілдіреді.
Бүгіндері сол айтылғандай және түс жору кезіндегі пайымға сай Кішкене атаның ұрпақтары Кіші жүздегі ең көп тараған, өсіп-өнген жұрағаттар қатарында.
Дайындаған Сахи ҚАПАР