Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмағұл қари

Жұмағұл қари

Қари – құранды жатқа оқитын адам. Жұмағұл – менің қайын атам, зайыбым Айшагүлдің туған әкесі. Атамыз өз заманында Кеңес дәуірінің дін дегенде қылышынан қан тамып тұрған заманында құран кітабын қойнынан тастамаған. Аузынан Алласы түспеген, бес уақыт намазын қаза қылмаған жан екен. Өмірінің біраз жылын Қожаназар мешітінің азаншысы, молдасы болуға арнады. Қос жанарынан айырылса да, Құран – Кәрім аяттарын жатқа оқитын қасиетіне қарай – Жұмағұл Қари атанған.
Ол заманда бала-шаға асырау оңай ма, діни сауаты бар атамыз амалсыз аудандық аурухананың ат арба айдаушысы болып қызмет жасаған. Зерек жан аурухана басшыларының, дәрігерлерінің барлығы дерлік орыс ұлтынан болса да тіл табысып, өзіне міндеттелген жұмысын абыроймен атқарған.
Науқастарға көмек көрсетуге дәрігерлерді апарған жерде қарап отырмай, қойнындағы Құран кітабынан көз алмай отырады екен. Атқарған қызметіне адалдығына риза болғаны шығар, басқа ұлт болса да, діндері бөлек болса да сол орыс азаматтары не оқып отырғандарын білсе де, сыртынан сөз айтпай, бастарын шайқайды да қояды екен.
Зерек жан зағиптығына қарамастан үй тұрмысына қажет заттарды өзі айтып отырып жасатады екен. Тіпті қыздарына киетін көйлекті айтып отырып өзі пішіп беретін, үлкен бөлмені екіге бөліп тұратын пешті де, ошағын да қызы Қаншайымға өз ойымен өргізген. Зеректігі ғой, бірде Айшагүл мен анасы базардан әрең көтеріп әкелген тамақ асатын үлкен қара қазанды қолындағы таяғымен түртіп ұрып, «қайта апарып беріңдер, мына қазан жарық қазан ғой» деп қайта арқалатып жіберген.
Айшагүл айтады: «Көрші-қолаң, ағайын-туыс «Мақсым ата» деп алдынан кесе өтпей, айтқанын істейді. Соларға айтса бәрін де жасап берер еді. Жоқ, ол кісі бәріне өзі араласып, зағиптығына қарамай бас-көз болып отыратын. Үлкен анамыз Масаты (бірінші әйелі) перзентті бола алмағасын біздің анамызды бір баласымен, (біреудің қолына да жүрген жақын сіңілісі болу керек) әкемізге өзі алып береді. Дүниеге Қаншайым және мен келдім. Көз көргендер айтады, мен дүниеге келерде ұл бала болады деп қатты дәмеленген екен. Анамыз толғатып жатырғанда тамыз айында даладағы масаханада көз ілмей күтіп жатыпты. Келіндері «Қайынаға сүйінші, дүниеге бас қарағыш келді», – дегенде үн қатпай теріс қарай бір аунап түскен екен. Бірақ бізге қыз деп қырын қараған жоқ. Әкелік мейірімін алғаусыз арнады. Не ішемін, не киемін дегізген жоқ. Мені ерекше аялайтын. Сабағымды оқытып, шығарған есебімді дауыстап оқытып тексеріп, қатесі болса түсіндіріп қайта шығартатын. Тіпті шашыма дейін өзі өріп беретін, өйткені шашым ұзын, қалың еді. Ал шаш қию деген ол уақытта ойда болған жоқ қой. Бірақ Алла біздің қызығымызды көруді әкемізге бұйыртпады.
Қазір ойлап отырсам әкеме көрсеткен бар жақсылығым жетектеп жүргенім екен. Мешітке бес уақыт намазға, кейбір шақырған жерге жетектеп барамын. Қайтқанша оқулық кітаптарымды алып барып мешіт жанында оқып отырамын. Кейде алыстау жер болса есектің артына мінгесіп баратын жеріне апарып, есекті байлап беріп жаяу қайтамын. Қайтарда үйренген жеріне есек өзі алып келеді. Есімде қалғаны сондай жерге бара жатқанда кездескен жандар танып, сәлем беріп: «Ата, жай жүрсіз бе? – деп сұраса, «Молданың жүрген жері жай болушы ма еді» дейді екен.
Бірде бір құдажолыға әкемді апарсам әлгі тілші ағамыз қолға су құйып жүр. Әкеме өткендегі мені газетке жазған аға, мына кісі деп айта қойдым. Содан отырғандар әлгі ағаның жер-жебіріне жетті. Қып-қызыл болған аға әкеммен менен қайта-қайта кешірім сұрап әрең құтылды.
Әкем дүниеден өткенде намазын шығарда мешіт имамы бір бітеу жерге шығып бір қағазды дауыс­тап ұзақ оқығаны есімде. Ол қағаз әкеміздің намазға жиналған жамағатқа арнаған соңғы сөзі екенін кейін білдік. Тұрған жандардың бәрі қыбыр етпей тыңдағанын білемін. Қыз бала болғаныма өкінішім, құлағымда қалған әкемнің әріптестері мен ағайынға айтқан үш тапсырмасының орындалмауы. Ер бала болғанымда мүмкін ол жандардың ізінен қалмай, әкемнің аманатын орындата алар ма едім?!
Біріншісі, өзінің қойнынан тастамайтын әкесі Ұлықсатбайдан қалған шағын құран кітабын әріптес молдаларға өзімен бірге көмуді тапсырғаны. Жерлеуге ер баласы болмағандықтан мені алып барып топырақ салғызған. Құран кітапты бейітке алып барғанымен қосып көмбеді. Жерлеген молдаға «әкемнің айтқанын неге орындамадыңыз»,- деп шырылдап қала бердім.
Екіншісі, қолынан іс келеді деген інілерін шақырып алып: «Менің басымды қарайтқанда төртқұлақ бейітті ағаштан жасаңдар, шегесі де ағаштан болсын. Темір шеге жолатпаңдар», – деп тапсырып еді. Азаматтар орындамады. Қолдарынан келмеді ма, шамалары жетпеді ма, әкемізден қалған қаражат қалай жасауға да сол тұста жететін еді.
Үшіншісі, сол жерлеу кезінде жамағатқа оқылған қағаздың жоғалуы еді. Ес жиған бойда іздестіре бастадым. Кім алғанын ешкім есіне түсіріп айта алмады. Бар үмітім мешітте имам болған Әбдірауық атаның жұбайы Болпаш апа еді. Әбдірауық ата қайтыс болғаннан кейін ол кісі сақтаған біраз қағазды аяқ асты болмасын деп өртеп жібергенін айтты, – деп есіне алады Айшагүл.
Жұмағұл атамыз туралы аңызға бергісіз оқиғаларда айтылады. Менің бір жақын жеңгем:
– Атаңмен көрші тұрдық. Қожаназар мешітінің жанындағы қуыс көше болатын. Мен жас келіншекпін, сол арадан өткенде көретінмін. Ата ерекше жан болып көрінетін. Ақ киім мен ақ төсектің үстінде, аппақ болып отыратын. Көршілері ол кісінің науқастарға ем салатынын, көтеріліп жүргендерге оқыған дұғасының бос кетпейтінін өте бір ілтипатпен айтатын, – деп есіне алып айтып отыратын.
Жақында үйдегі электр жарығы дұрыс жанбай, Санжар балам бір электрик жігітті алып келген. Әлгі жігітті көрген Айшагүл:
– Сен Бораштың баласы Жәнібек емессің бе? – деп сұрады.
– Иә, апа, қайдан білдіңіз?
– Айналайын-ау, мешіттің айналасындағы бірге тұрған жандардың кескін келбеті менің жадымда жатталып қалған ғой. Бораштың аузынан түскендей болып тұрсаң қалай танымаймын.
– Сіз, Айшагүл, апасыз ба?! Анам сіздерді, Мақсым атаны (Жұмағұл атаны сол жердегі жандар солай атайтын) аузынан тастамай, кішкентай қуыста туысқандай болып тұрғандарыңызды үнемі есіне алып отырады.
Әсіресе көрші Мырзахмет ағамыздың қызы Зибагүлдің ойнап отырғанда көзіне шегенің ұшын тигізіп алып, көзі көрмей қалғанын, соны дәрігерлерге көрсетпей-ақ Мақсым атаның дем салған емінен көзі көріп кеткенін, анам ауырғанда да атаның ем салып есін жиғызғанын жыр қылып айтып отырады, – деп екеуі апақ-шапақ болған да қалған.
Бораш апа қазір ұл-қыз өсіріп ұлағатты ана болып отыр. Зибагүл дін аман он екі мүшесі сау, бой жетіп, қазір бір жанұяның анасы.
Ертеректе бір құрбан айттың кезінде болу керек, Айшагүл, мен, Санжар үшеуміз Қожаназар мешітіне бардық. Мешіт ауласында отырған үлкен кісіге Айшагүл әдейі барып сәлем берді. Баламыз екеуміз де барып қолынан алдық. Санжардың берген сәлемін алып Айшагүлге:
– Балаң ба, мұрны нағашы атасына тартқан екен, – деді батасын беріп жатып.
Үйге келген соң әлгі ақсақалдың Сәли деген молда кісі екенін айтты. Ол кісі атамыздан дәріс алған шәкірті екен.
– Әкемізден екі-үш шешен ұлтының балалары, сосын осы Сәли аға дәріс алды. Шешен балаларды әкелері ертіп келетін. Әкем балалардың оқығанын ұнатпай бірдеңе десе, әкелері балаларын желкесінен түйіп жіберіп қайта-қайта оқытатын.
Ол кезде Сәли аға жиырмадан асқан жігіт еді. Потребсоюз деген мекемеде қойма меңгерушісі екен. Жеті сайын, жұма күні бізді үй ішімізбен үйіне шақырып шай беретін. Әкемізбен ұзақ әңгімелесетін.
Әкем қайтыс боларының алдында Сәли ағаны шақырып алып, «балаларым жас қалып барады, мына орынды да жаңалап бере алмадым. Жағдайды түсінесің, халық қатарлы жайлануымды өзіңе тапсырамын» дегенін құлағым шалды. Не дегені есімде жоқ, бірақ, керек-жарақтар мен азық-түліктердің әкеміздің намазы шыққанға дейін потребсоюздың қоймасынан үзбей келіп тұрғанын көзім көрді, – деп айтқан еді.
Сәли ақсақалды үйге шақырып, балаларға батасын алып беріп, риза көңілімізді білдіріп шапан жабамыз деп жүргенде ол кісінің о дүниелік болып кеткенін естіп, өкініп қалдық.
Әкеміздің бір әдеті – айтқанынан қайтпайтын. Көңілі қатты қалған жанға жібімейтін. Бала болсам да екі нәрсе есімде қалыпты:
– Анамызға еріп келген Сайлау деген ағамыз болды. Әкеміз «ұлды болдым» деп қатты қуанған екен. Ақсақалдар болып жиналған жерде қуанышын бөлісіп, «балам үй салады деп үй салуға жер алдым», – дегенде Қорабай деген ақсақал:
– Айып етпеңіз аға, балаңыз үй салатын бала емес, – депті. Үйге келіп Қорабай солай деп айтты. Өлсе намазына шықпаймын, – деген екен. Қайтыс болғанда намазына бармады әкеміз.
Бірақ Қорабай ақсақал адам танитын жан екен. Ағамызға әкеміз қанша қамқорлық жасаса да еңбегі қайтпады. Бізге дұрыс аға, әкемізге дұрыс бала бола алмады. Әйтеуір бізге зияны тимеді. Әкеміз қайтыс болып, жағдайымыз төмендей бастағанда анамызға да, бізге де көңіл бөлмей, басын қайттап кетті де, кейін мүлдем хабарсыз кетті.
Әкеміз мінезді адам еді ғой. Бірде көршілердің көзінше анамызға кейіп, ұрып тастайды. Өзі шағын денелі, арық анамызға жұдырығы қатты бата ма, соны көріп тұрған көрші келіні, шыдамай кетіп:
– Қайынаға, мына қасқаның қай жерін ұрасың? – деп арашаласа, бірінің-біріне сөзі өтіп кете ме, әлгі келіні « Өлсем намазымды шығармай-ақ қойыңыз» – дейді ғой ашу үстінде.
Сол көрші келіні қайтыс болғанда намазын шығаруға неше адам келіп шақырса да ақыры бармады. Сөйте тұра туыстарға деген қайырқомы мол еді. Мезгілінде ағарған ішу керек қой деп, сауып ішуге туыстарға сауын сиырға дейін алып беретін. Сол сиырлар үйге қайтып келе бермейтін еді, – деп еске алып отырады Айшагүл.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ

31 мамыр 2022 ж. 420 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930