Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырымдылық жасау – ізгілікті іс

Қайырымдылық жасау – ізгілікті іс

Шығыс ғұламасы Әл Фараби: «Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан да өз бағытын өзі жасауы керек. Ол не нәрсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған - тергенін орынсыз шашпай, кез-келген адамға ашпай, өзінің мақсат мүдделері жөнінде достарымен ғана бөлісіп отыруы керек. Осылайша өмір сүрген адамның ғана ар-ожданы таза болады» дейді. Расында адамның абыройы адамгершілігімен асқақ, көрегенділігімен көрікті.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері – Бекболат Қоңырбаев пен Айдос Таңбышов есімді қайырымды азаматтар. Қарапайымдылық қалпын жоғалтпай, ізгі істерге ұйытқы болып, ел назарында жүрген қос азаматқа хабарласып, тақырып төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
Көмекке зәру жандарға қол үшін созу үшін бай болу керек деген пікірдің қалтарыста қалғаны қашан?! Дегенмен қайырымдылық жасап, мұқтаж жанға жәрдемдесу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ол үшін бойыңдағы мейірімділік пен жақсылық жасауға деген ниетің бір-бірімен үндесіп жатуы керек. Сонда ғана қиын жағдайға тап болған адам баласына түрлі бағытта көмектесе аласың. Осы сөздің дұрыстығын біздің кейіпкерлеріміз өздерінің игі істерімен дәлелдеп келеді. Себебі олар жаны жүдеп, жабырқағандарға жұбаныш, сүрінгендерге сүйеніш болуды өмірлік мақсат еткен. Бұл сөзімізге қос азаматтың мейірімге мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, жақсылық жасауда жарысып жүргендігі дәлел болса керек. Тіпті бүгінгі таңда осындай істе өздері ғана белсенділік танытпай, жақсылық алаңына біршама ерікті жастарды жиып, «Нұрай» қайырымдылық қорымен ауқымды істерді атқарып жүр. Осы ретте, жақсылыққа жасауға жаны құмар азаматтардың жасап жатқан жұмыстары жайлы өздерінен сұрауды жөн деп таптық.
– Қазақ қашан да көптің қамын қара басынан жоғары қоятын халық. Сондықтан мұндай мәселеден біздің алыс болуымыз мүмкін емес. Қысылтаяң шақта жан-жағымыздағыларға қолдау көрсете алмасақ адамдығымызға сын деп білемін. Дана халқымыз «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанған. Біз осындай дүниелерді жасымыздан бойымызға сіңіріп өстік, сондықтан да болар адам тағдыры сөз болғанда бей-жай қарап тұра алмаймыз. Жүрегіміздегі осы бір жылылық бізді қайырымдылық сынды қайырлы іске жұмылдырды. Қазір «Нұрай» қайырымдылық қорының аясында қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, сондай-ақ қаржылай тұрғыда қолдау көрсетіп келеміз. Кейбіреуінің баспаналы болуына мұрындық болдық. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Әрине, мұны бір ғана қордың жүйелі жұмысының нәтижесі деуден аулақпыз. Мұнда игі істе қапыда қалғысы келмейтін көптің де үлесі бар, – дейді қордың жетекшісі Бекболат Қоңырбаев.
7 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Нұрай» қайырымдылық қорының жұмысы жуырдан бастап қайта қарқын алған. Қор жетекшісі Бекболат ағаның айтуынша, карантин уақытында қор жұмысы аз уақыт тысқары қалып, бүгінгі таңда қайта жанданған.
– Өздеріңіз білесіздер, коронавирус дерті дендеген уақытта тірлігіміз тұралап онлайн форматқа көштік. Көптің ортасында жүріп жұмыс жасауға мүмкіндік болмады, дегенмен онлайн жүйеге демде дағдыланып, жақсылық жасаудан қалыс қалмадық. Одан кейін кент аумағында бой көтерген «Халық» мешітінің құрылысына да атсалыстық. Ал қазір бірыңғай қордың жұмысына ден қойып, көмек қажет еткен жандарға қолдан келгенше көмектесуге жүгіріп жүрміз, – дейді қор жетекшісі.
Ал қайырымдылыққа жасынан құмар Айдос Таңбышов қордың қуанышты жаңалығын бізбен бөлісіп қоймай, жүзеге асып жатқан игі істер туралы баяндап берді.
– «Нұрай» қоры бүгінге дейін 10-нан астам отбасының баспаналы болуына үлес қосты. Жуырда ғана қор еріктілерінің бастамасымен жақсылық жасауға пейілді жандардың көмегінің арқасында Мәрзия есімді апайымызға көптің көмегімен жаңа үй салып бердік. Жалпы қор жұмысы мұқтаж жандарға тек үйлі болуына жол ашып қоймай, одан да өзге жақсылықтарды жасауға тырысады. Әлеуметтік мақсаттағы іс-шараларды да жиі ұйымдастырып, әкімдік немесе жергілікті меценаттардың, сондай-ақ қарапайым тұрғындардың қолдауымен аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтып, коммуналдық қажеттіліктерін өтеп, дәрі-дәрмекпен және басқа да қажеттіліктерді алып беріп, ұдайы демеу көрсетеміз. Осындай мақсаттағы жұмыстардың нәтижесін әлеуметтік желілер арқылы үнемі көрсетіп, халыққа жеткізіп отырамыз. Желіге жарияланған жұмысымыз халық тарапынан үнемі қолдау табуда. Бұл бізді ерекше қуантады, – деді Айдос Таңбышов.
Осындай жағымды жаңалықтың жаршысына айналып, игілікті іске көпшілікті ұйыстыру біз ойлағандай оңай шаруа емес екені анық. Дегенмен қос азамат қайырымдылық шараларының арқасында жұрттың жоғына болысып, кемтігінің орнын толтырып, қуанышына ортақтасып, олардың алғысына бөленгенде жасап жатқан жұмыстарының бекер еместігін шын ұғынып, жақсылық жасауға одан әрі шабыттанамыз дейді.
– Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Рас. Жасап жатқан амалдарымыздың бәрі өзіміз үшін. Мұндай сауапты істерде адамдар бір-бірімен жақындасып қоймай, өзара қарым-қатынасты да нығайтады. Әлемді адамдардың бір-біріне жасаған жақсылықтары, игі істері құтқаратындығын да ұмытпауымыз керек.
Дана бабамыз Әйтеке Бидің «Бақыт деген басқа қонған құс, бала деген артта қалған із, байлық деген қолда еріген мұз. Мәңгілік қалатын қайырымды адал іс» дегені бар. Сондықтан тіршілікте тірі жүрген кісінің жамандықтан бұрын жақсылық жасауды ғана ойлап, қолынан келгенше қоғамға пайда келтіргенін құп көремін. Қайырымдылық жасау үшін тек байлық керек деген сыңаржақ пікірден арылғанымыз дұрыс. Жақсылық жасау үшін мейірімді жүрегіңіз болса болғаны, – дейді Айдос Таңбышов.
Сын сағаттарда көптен көмегін аямайтын екі қайырымды жанның еңбегі зор десек артық айтқанымыз емес. Әйтсе де олар жасап жатқан жақсылығын жарнамалаудан аулақ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осындай азаматтардың еңбегін елеп, өзгелерге үлгі етіп, оларға ақпараттық қолдау көрсетудің маңызы зор. Сондықтан адамдық жолынан айнымаған ағалардың салған сара жолы кейінгі толқынға үлгі болар деген ниетпен айтар ойымызға арқау еттік.
Сөз соңында дүйім жұртқа демеу көрсетуге асық тұратын, күйбең тіршілікте қиналғанға қорған болып, жан-жағына шуағын шашқан абзал азаматтарымыздың қажыр-қайраты мұқалмай, ізгі істері алдағы уақытта да жалғасын таба берсін демекпіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
24 қазан 2023 ж. 409 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930