Мақсұт Қарымсақ: Жақсылық – жанды жадыратады
Жақсылық жасау – жүректің ісі. Қысылғанға қол ұшын беріп, қиналғанның жанына желеу болу әр адамның қолынан келеді, тек ниет болса болғаны. Қайырымдылық қайырлы іс. Осы жолды таңдап, талайдың сауабын арқалаған «Сауаптан құр қалмайық» қайырымдылық қорының әрекеті көпге үлгі. Бүгінде аты жұртшылыққа етене таныс қордың қызметі мен алдағы жоспары туралы төрағасы Мақсұт Мұратұлыннан сұраған едік.
– Мақсұт Мұратұлы, қор қашан құрылды. Бұл бастамаға кім түрткі болды?
– Жалпы қор 2021 жылы ақпан айында құрылды. Осы уақытта қолымызға заңды құжаттарын алдық. Бірақ 2018 жылдан бастап сауапты іс жасап келеміз. «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» дейді ғой. Жарияға жар салуды қаламадық. Ең алғаш аудандағы бір нысанның ішкі жұмыстарына күрделі жөндеу жүргіздік. Өзім бастап, жігіттердің басын құрап, қаражат жинастырдық. Сөйтіп, нысанның жаңаруына себепкер болдық. Содан кейін маған: «Неге қаражат жинап, мұқтаж отбасыларына қол ұшын созбасқа?» деген ой келді. Міне, осы ойды жүзеге асырып, содан бері жақсы амал жасауды жалғастырып келеміз. Бізбен бірге жақсылық жасауға ұмытылып жүрген баршаға алғысым шексіз.
– Көпшілікке қордың аты тарқатып айтпаса да түсінікті болар. Дегенмен өз аузыңыздан естісек...
– Сауап – жөн, шын, лайық деген мағынаға саяды. Ислам дінінде жасалған игілікті іс үшін Алла тағала тарапынан берілетін сый. Ислам парыздарын орындау әр мұсылманның міндеті. Міне, осындай жақсылық жасаудан, сауап жинаудан құр қалмайық деген ниеттен туған болатын.
– Ең бірінші кезекте кімдерге көмек беріледі?
– Көп балалы, асыраушысынан айырылған жандарға, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен отбасыларына, жалғыз басты қарттарға, ата-анасынан айырылған балаларға, жалғыз басты әкелерге көмек көрсетеміз. Кезектілігі әр кезде әр қалай, жағдайға байланысты болады.
– Қанша отбасыға баспана сыйлап, бақытқа бөледіңіздер?
– Осы кезге дейін Әйтеке би кенті мен Абай, Жанқожа батыр ауылдарынан төрт отбасыны баспаналы қылдық. Бірін салсақ, енді бірін сатып әпердік. Мұқтаж жандарды дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету күнделікті жұмысымыз. Үйден бөлек, алты шаңыраққа көгілдір отын кіргізіп, барлық құжаттарын дайындап бердік.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...
– Осы жылы он үйге көгілдір отын құрғызып беруді жоспарлап отырмыз. Қанша қаражат кететіндігінде есептеп, шығарып қойдым. Енді осыған қарай әрекет етеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атаған «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға атсалысуды жөн санаймыз. Әр адам қолынан келгенше жаңаруға, жаңғыруға ұмтылса, кез келген қиындықтың күрмеуі табылады. Ер азаматтар барда әйел-аналар, қарындастарымыз, жетім-жесірлеріміз көшеге шығып, көмек сұрамауы керек. Осы орайда баршаны қайырымды болуға шақырамын. Табысыңды түгелдей садақаға бер деуден аулақпыз. Тек бір бөлігін беріп отырса жеткілікті. Реті келіп тұрғанда айтайын, бұрынғы «Наурыз» театрының ішінен арнайы офис ашылды. Бізді сол жерден табасыздар. Аудан жігіттерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын.
– Қордың құрамына кімдер кіре алады?
– Қазір менімен бес адам бар. Олар Талғат Ембергенов, Жарылқасын Ділімбетов, Рауан Нұрбаев, Сердалы Ықыласов. Қордың мүшесі болмай-ақ кез келген адам өз көмегін бере алады. Мүше боламын деушілерге ешқандай қарсылық жоқ.
– Сұхбатыңызға рахмет, жақсылық жасаудан жалықпаңыздар.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА