Мұнай бағасы қайтадан 100 доллардан асты
Pixabay.com14 қыркүйекте әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта өсті. Brent маркалы мұнайының бағасы Сауд Арабиясына жасалған жаңа соққылар, өңірдегі кемелерге шабуылдар және маңызды мұнай құбырының жұмысын тоқтатуы аясында 3%-дан астам қымбаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Brent фьючерстері 3,1% өсіп, барреліне 107,82 долларға жетті. WTI маркалы мұнай 3,2% қымбаттап, баррелінің бағасы 103,22 доллар болды.
Алдыңғы аптада мұнай бағасы шамамен 8% өскен. Осылайша, баррель құны шілдеден бері алғаш рет 100 доллардан асты.
Бағаның өсуі Сауд Арабиясының Шығыс–Батыс мұнай құбырына дрон шабуылы жасалғаннан кейін жеделдеді. Құбырдың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл бағыт Сауд Арабиясына Ормуз бұғазын айналып өтіп, мұнай экспорттауға мүмкіндік береді. Аталған бұғаз арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 4%-ына тең көлем өтеді.
Дереккөздердің мәліметінше, қазіргі жағдайда Янбу портындағы қорлар экспортты небәрі 5-7 күн қамтамасыз етуге жетуі мүмкін.
Жаңа шабуылдар
Мұнай нарығына Ормуз бұғазындағы жағдай да қосымша қысым жасап отыр. Кемелердің біріне снаряд тиіп, бортта өрт шыққан. Экипажды эвакуациялауға тура келді.
Иран билігі де ел жағалауында коммерциялық кемеге шабуыл жасалғанын хабарлады. Салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төртеуі жараланды. Ал хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы позицияларын күшейтіп жатыр. Бұл да – мұнай тасымалы үшін маңызды бағыттардың бірі.
Иран мен Парсы шығанағы елдерінің Ормуз бұғазына қатысты жағдайды талқылау үшін Оманда жоспарланған кездесуі кейінге қалдырылды. Қақтығыс бойынша бейбіт келіссөздер маусым айынан бері жүргізілген жоқ. Сол кезде уақытша келісім бірнеше аптадан кейін бұзылған еді.











