Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің шынайы көрінісі, адам бойындағы асыл қасиет. Жүрегі жылылыққа толы, көңілі мейірім шуағымен нұрланған азаматтар арамызда аз емес. Алайда мың құбылған дүниеде табысын біреумен бөліспек түгіл өз басын асырай алмай жүргендер де баршылық. Дегенмен олардың келімсіз тірлігінен гөрі, жақсылардың шарапаты өмірдің маңыздылығын арттырады. Кеудесінде иманы бар кісі қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парызының бірі – қайырымдылық жасап, алғысқа бөленеді. Солардың сапына жастардан құралған «Қайырымды жандар – Қазалы» еріктілер тобының мүшелерін қоссақ жарасады. Ізгі іске ұйытқы болып жүргендердің міндеті мен алдағы жоспарын топтың жетекшісі Әсем Көшербаевадан сұрап білдік.
– Әсем, топ қалай құрылды, бұл кімнің идеясы?
– Менің бұл істе жүргеніме бірнеше жыл болды. Бастаманың бірі жабылса, бірі ашылып жататын, қазіргі таңда орта және жас буыннан тұратын екі топтың мүшесімін. Негізі қайырымды жандар деген топ өз қаласы атауымен жазылып, Қазақстанның барлық аймағында ашылған деуге болады. Ал біздің Қазалының жастарынан құралған «Қайырымды жандар – Қазалы» еріктілер тобы жайында айтатын болсам бір күні жас қыздар келіп, ұмытпасам осы жылдың көктемі, «Сіздер қайырымдылық істерімен айналысасыздар, жұмыстың барысын білесіздер, жаңа топ құрайық, бізбен бірге болсаңыздар», – деп өтініш білдірді. Мен қуана келістім, сөйтіп 2019 жылғы мамыр айының 18-ші жұлдызында жастардан құралған топ өз жұмысын бастады.
– Топтың мақсаты туралы айтсаңыз...
– Біздің мақсатымыз – жастарды жақсылық жасауға шақыру. Сүрінгенді демеп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын бере білуге үйрету. «Жұмыла көтерген, жүк жеңіл» дейді, бәріміз бір үйдің баласындай күш біріктіріп, қолдан келген қамқорлығымызды көрсетеміз. Қаражат көзін табу үшін түрлі іс-шара ұйымдастырамыз.
Мәселен, өткен айда дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен және ерікті жастардың ұйытқы болуымен кіші футболдан турнир өткіздік. Екі баланың еміне ақша жинадық. Біз үшін бұл ең үлкен шара болды. Тағы да осындай ауқымды істер атқарғымыз келеді. Демеп, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымыз шексіз.
– Еріктілер құрамына кімдер мүше бола алады?
– Кез келген жан мүшелікке қабылданады. Топта отызға жуық жас бар. Әрқайсысы түрлі саладан келіп, ниеттес болған адамдар.
– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандар туралы мәліметті қайдан аласыздар?
– Әр жерден, мысалы мешіттен аламыз. Кейде таныстар осындай жерде, мынадай отбасы тұрады деп айтып жатады. Топ мүшелері де айналаға қарап, бағдарлай жүреді. Мектептерден, мұғалімдерден сұрастырамыз, олар оқушылардың жай-күйін жақсы біледі. Солай байланыса келе телефон нөмірлерін алып, ары қарай жан-жақты зерттейміз, тұрмысы мен мұқтаж мәселелеріне көз жеткіземіз.
– Арнайы жұмыс жоспарын құрасыздар ма?
– Иә, осы айда мынадай жұмыс жасаймыз деп ортаға ұсыныс тастаймыз. Сосын топ мүшелерінің ойын тыңдаймыз, талқылаймыз.
– Сіздерге тек ақшалай қолдау көрсету керек пе, әлде...
– Жоқ, тек ақшалай көмек керек демейміз. Таза, киюге жарамды киімдер болса, қалауына қарай кейбір отбасыларға жеткіземіз. Ақша аударып, қаржылай қолдау білдірушілер де бар. Әсіресе балалардың еміне қаражат жинаған кезде аудандағы шағын кәсіпкерлер белсенділік танытты.
Кез келген жанның бізге сеніп, аударған ақшасы өз иесіне жетеді. Қазір күнкөрісі төмен отбасыларға қыстық отын-көмір алып беруге жұмыс істеудеміз.
– Қайырымдылық жасауға ниетті жандар сіздермен қалай байланыса алады?
– Инстаграм әлеуметтік желісіне тіркелгенбіз. Парақшамызда атқарылған істерді жариялаймыз. Осы тұста кейбір адамдар тарапынан «жасаған жақсылығын жария еткені несі» деген сын естиміз. Менің айтпағым, біз бұл ісіміз мақтаныш үшін емес. Тек жұртшылықты мейірімді болуға, кішкентай ғана ынтаңызбен бәрін жасауға болатынын түсіндіргіміз келеді.
Бір нәрсеге, бір нәрсе себепші болады ғой. Қоғамда қандай жағдай орын алып жатыр, кімге көмек керек, қай бала науқастанып, ата-анасы қаржыға мұқтаждық танытатыны белгісіз. Біздің ақпаратымыз арқылы құлақтанып, қолұшын созатындар кездеседі. Сол себепті жариялылықтың болғаны дұрыс деп ойлаймын.
– Ой бөліскеніңізге рахмет, Алла істеріңізге береке берсін!
Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА