Елден ұят болар...
– Ішкі бөлменің терезесін жауып шықшы, – деді сыртта жүрген анасы жұмыстан келіп, үйге кіргелі жатқан Айжанға.
– Неге, күннің табы қайтты ғой. Сәл салқын ауа кірсін де, – деді қызы күні бойғы ыстықтан қалжыраған кейіппен.
– Дидар ауласындағы қоқысты тазалап жатыр. Шаң кіреді.
Айжан мән-жайды енді түсінді. Дидар дегені көршінің баласы. Бұлардың ас бөлмесінің терезесі солардың шарбағына қарайды. Кейде соған көз түсе қалғанда бейберекетсіздік көңіл қынжылтады. Әр жерде жатқан шөп қалдықтары мен төбе-төбе болып үйілген мал тезегінің иісінен терезені ашып, ара-тұра желдетіп алу мүмкін емес. Өзі біліп істемеген көршіге «Шарбағыңды тазаласаңшы», – деп айту да қисынсыз. Әйтпесе көрші үйдегі сотқалдай екі жігіт білек сыбана кіріссе, екі күнге жетпейтін жұмыс.
– Неге, күннің табы қайтты ғой. Сәл салқын ауа кірсін де, – деді қызы күні бойғы ыстықтан қалжыраған кейіппен.
– Дидар ауласындағы қоқысты тазалап жатыр. Шаң кіреді.
Айжан мән-жайды енді түсінді. Дидар дегені көршінің баласы. Бұлардың ас бөлмесінің терезесі солардың шарбағына қарайды. Кейде соған көз түсе қалғанда бейберекетсіздік көңіл қынжылтады. Әр жерде жатқан шөп қалдықтары мен төбе-төбе болып үйілген мал тезегінің иісінен терезені ашып, ара-тұра желдетіп алу мүмкін емес. Өзі біліп істемеген көршіге «Шарбағыңды тазаласаңшы», – деп айту да қисынсыз. Әйтпесе көрші үйдегі сотқалдай екі жігіт білек сыбана кіріссе, екі күнге жетпейтін жұмыс.
Айжан неше жылдан бері жиналмаған қора ішін тазалауға кіріскен Дидардың қылығына таң қалса да, іштей риза болып қалды. Терезені ашып:
– Арыма. Іске сәт, талабың оңғарылсын! – деп ықылас білдірді.
– Рахмет. Иә, жақында анамның Алматыдағы туыстары келеді. Сондықтан бұлай жатқаны ұят болар...
Айжан ойланып қалды. Сонда кім үшін, бәрі де тек ұят үшін бе? Неге адамдар алдымен өз денсаулығын ойламайды.
Алыстағы ағайыны қыдырып келмесе, мүңкіген күлімсі иістен арылмай жүре бере ме?
***
Жеті жасар Қуандықтың қой өрістен қайтқан кездегі жұмысы қауырт. Неге дейсіз ғой? Сол баяғы көршінің қой-ешкісін күтіп алып, өз үйінен әрірекке айдап жібереді. Өйтпесе өрістен аш қайта ма, көршінің жандықтары жапырлап келіп, есік алдындағы өсіп тұрған тал-терекке тап береді. Талай таяқтап та айқайлап та қуды. Ал көршісі көріп тұрса да, қорасына кіргізіп алуға асықпайды. Көше бойын жағалай жайылған қой-ешкілер әр аулаға бір кіріп, мазаны алады. Бұған көршілер қынжылғанмен қазақы мінезге салынып, шыдамдылық танытады.
Қашанғы үндемесін әнеукүні көк дарбазалы үйдің үлкен баласы енді түйнек салып келе жатқан бақшасына түскен қозы-лақты тырқырата қуып, ашу үстінде қой-ешкісіне ие болмаған көршімен айқайласып қалғаны бар. Сол оқиғадан кейін өрістен қайтқан малын қайырып алып, қорасына кіргізіп жүрді. Алайда бұл көңілге қонымды көрініс бар-жоғы бір аптаға созылды. Қазір ешкілер ескі «әуеніне» басқан.
Әдептілік сақтауды тез ұмытқан мал иесін тілмен безеп, тезге салуға тағы да «Ұят болар...» тосқауыл.
***
Кенжебектің үлкен қызы биыл мектеп бітірді. Өздері тұратын шағын ауылдағы «менмін» деген кәсіпкердің бірі осы Кенжебек. Үй жанынан ашқан азық-түлік дүкенінде жанға керектің бәрі бар. Күз түсіп, күн суыта бастағанда Кенжебектің түкірігі жерге түспейді. Өйткені ауылда қаладан көмір таситын бес-алты жүк көлігі болса, соның екеуі осының меншігінде.
Ебін тауып, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер кейде пенделікті ұмытады. Қолында барға масаттанып, дандайсып кететін әдеті бар. Бұнысымен балаларына бұрыс тәрбие беріп отырғанын өзі де байқамайды.
Айтпақшы сол Кенжебектің биыл мектеп бітірген тұңғышы Нұрила Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында жинаған баллмен Семей қаласындағы педагогикалық білім беретін колледж¬ге грант негізінде оқуға түсіпті. Кешкі аста қуанышты жаңалығымен бөліскен қызына: «Қызым, сен еліміздегі ең беделді жоғары оқу орнында оқуың керек. Оқуыңның ақысына алаңдама. Кенжебектің қызы колледжде оқиды екен деп жұрт күлмей ме? Елден ұят болар...» – деді. Осындайда неге біз баланың деңгейіне бас ауыртпаймыз?
***
– Алло, Сағира амансыңдар ма?
– Жақсымыз. Өздерің қалайсыңдар?
– Біз сол «төсек-орын апарамыз» деп әрлі-берлі шапқылап жүрміз.
– Еее, оң болсын!
– Сағира, сен әнеукүні Гүлжанар қызына төсек бергенде тойына қатыстың ба?
– Иә, иә бардық ғой. Гүлжанар абысын қызының артынан құстың сүтінен басқаның бәрін апарды. Қалы кілемнің өзі оннан асады.... Телефондағы әңгіме ұзаққа созылды.
Балхияның қызы бір айдан кейін тұрмысқа шығады. Анасы той өткізумен бірге қызына берер төсек-жабдық қамына да кірісіп кетті. Керек-жарақтың тізімін жасады. Одан бөлек пәленше мен түгеншенің қызына берген дүниелерінен тағы бір тізім шықты. Жұрттан қалуға болмайды. Артық апарса абыройы артады, кем апарса ұят болады... Бұл Балхияның ұстанымы.
Енді болдым-ау дегенде, Гүлжанардың құда жаққа қалы кілемнен он шақтысын апарғанын естіді. Ал бұл жетеуін алған. Гүлжанардан асып түсейін десе, ақшаның реті болмай тұр. Үйде кредит алмаған кіші ұл ғана қалды. Дереу ұялы телефонына жармасты.
Елден озам деп, ертеңгі күнді ойламай, есіріп кететінімізді түсінбеймін?!
Түйін: Елден ұят болар... Жұрт не дейді? Неге ғана осы сұрақтармен өмір сүреміз? Шын ұялатын жерде жиырылмай, қажетсіз кезде қымсынып қалатын дағдымыздан қашан арылар екенбіз? Сіз қай кезде, нендей жағдайда ұялып жүрсіз, оқырман?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА