Бәліштен басталған бизнес
Дидар жуырда алғаш табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған мектебінен ауысқалы жатыр. Үйінің терезесінен тысқа көз тастап тұрған ол көзіне ыстық көрінетін осы бір құтты орынды қимайтын секілді. Бірінші сыныпқа қабылданғаны кеше болғанымен, мектеп бұған бес жасынан бері таныс. Өткен шақты еске алған ол күлімсіреп қойды.
Дидарлар қалаға осыдан үш жыл бұрын көшіп келді. Әкесі таңертең жұмысқа кетеді. Анасы кішкентай қарындасы Динарамен үйде. Дидар да балабақшаға бармайды. Анасының айтуынша бұл жақта балабақша ауылдағыдан көрі қымбатырақ екен. Оған жалғыз әкесінің табысы жетпейді. Жалдамалы пәтер мен күнделікті азық-түліктің өзі біршама қаржыны қажет етеді. Одан ығыстырып, жеке меншік баспаналы болуға ақша жинаулары тиіс.
Анасы тәттінің түр-түрін дайындайтын бесаспап. Бәлішті де дәмді пісіреді. Бұлар қоныстанған көп қабатты үйдің жанында балабақша, мектеп пен бірнеше шағын мекеме орналасқан. Қаланың қақ ортасы деуге келеді. Дидардың әкесі теміржолда еңбек етеді. Таң ата жұмысқа кеткеннен кеш қарая бір-ақ келеді. Шаршаңқы жүзі солғын тартып, кешкі асын ішер-ішпестен ұйқыға кетеді. Кейде болмаса, балаларымен көп ойнауға шамасы жетпейді.
Ал анасы үй тірлігін ұршыққа иіреді. Аптасына екі рет балаларына бәліш пісіреді. Бір күні әдеттегіден көптеу қылып дайындады. Ойы бәліштерді мектеп оқушыларына сатып көру. Отағасына азда болса қолдау танытқысы келген. Пісіруін пісірді-ау, бірақ үйден қалай шығады. Бір жастан енді ғана асқан кішкентай қызымен бестегі ұлын қалдырып кете алмайды. Екеуімен бірге жүріп, сату да оңай емес. Ойланып кетіпті. «Мама, мен сатып келейін де», – деді Дидар анасының ойын оқып қойғандай. Анасы мейірлене қарап: «Құлыным-ау, сені жалғыз қалай жіберемін. Олай болмайды», – деп ұлын құшағына қысты.
– Неге мама, мен жолда қалай жүру керек екенін білемін. Әкем үйреткен. Мектепке барып келе аламын, – деп қоймады.
Анасы бір жағынан баласының көңілін жықпай, бір жағы ниеттеп пісірген соң «берсем беріп көрейін сата алмаса қайта әкелер» деп ойлады.
Дидарға мұқият оралып салынған он бәлішті ұстатып, есіктен шығарды. Ескертпелерді үйіп-төгіп айтқан анасы терезеге жүгірді. Баласын сыртынан бақылауға асықты. «Жалғыз жібергенім қателік болды ма?» деп дегбірі қашты. Әне, Дидар мектептің ауласына кіріп барады.
Қолындағы пакетін қыса ұстаған ол мектеп ішіне кірді. Есік аузында отырған аға: «Балақай, кімге келдің?», – жылы қарсы алды.
– Бәліш сатып жүрмін аға.
– Кім жіберді? Қанша тұрады? Кім жасады? – деп ағай сұрақты төпелетіп жатыр.
– Анам жасады. Жан-жағын қаумалаған балалардан Дидардың бойы көрінбей қалды. Бірінен соң бірі жамырай: «Қаншадан?» деген дауыстардан сасып қалса керек: «Бес теңгеден», – деді. Бәрі күліп жатыр.
Күзетші ағай: «Бәлішің көлемді әрі тым арзан екен. Анаң солай деді ме?», – деді.
Сол сәтте анасының «Сексен теңгеден сатасың» деген сөзі санасына сап ете қалды.
– Жо-жоқ, сексен теңге.
– Ее, бәсе солай десеңші, – деген күзетші ағай «кішкентай саудагерге» көмектесіп жатыр. Әп-сәтте он бәліш өтіп кетті. Ағай алдында тұрған қағаздардың біріне тапқан табысын мұқият орап, Дидардың қолына ұстатты.
– Анаңа апарып бер. Ертең тағы келесің бе?, – деп жымиды ағай.
– Иә, аға тағы келемін. Сау болыңыз, – деп Дидар үйіне құстай ұшты. Қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей келеді. Терезеден тағатсыздана қарап тұрған ана баласын көріп уайымы сәлде болса сейілді. Жақындады-ау дегенде есікті ашып күтіп алды.
– Мама, мен бәрін сатып жібердім. Ертең оннан көп жасап беріңіз. Майлық қосуды да ұмытпаңызшы. Мектептегі тәтелер солай деді, – деп Дидар бұйырса сөйледі. Анасы мен баласы осылайша шағын бизнесті бастап кеткен еді. Бүгінде жемісін көріп отыр.
Дидар мектепке барған жылы, қарындасы балабақшаға орналасты. Анасы базардан бір орын алып, сонда киім-кешек сатумен айналысады. Әкесі теміржолдағы жұмысында. Еңбектегі жауапкершілігі мен біліктілігі ескеріліп, қызметі жоғарылап келеді.
Бәліш сатуды Дидар бірінші сыныпқа барған жылы қойған. Өзі «кішкентай саудагер» атанған білім ордасынан ауысқалы жатыр. Қимастық бар, сыныптас достарында сағынатын болды. Басқа мектепке баруға тура келіп тұр. Өйткені бұлар сатып алған үй қаланың басқа бұрышында. Бұл жаққа тым алыс. Қуаныштысы, талай жыл аңсап күткен баспаналарына қолдары жеткендігі.
Бәліштен басталған бизнес еңбекқор жандардың көлік мініп, баспаналы болуына септігін тигізді. Еңбек бәрін де жеңбек деген осы болса керек.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА