Сұраншақтық сыйсыз етеді
– Аян, балтаны ала шық. Үй ауласының сол жағына қарай жапсарлас орналасқан сарайлардың бірінде күйбеңдеп жүрген Жолдас гаражға кіріп бара жатқан ұлына бұйыра сөйледі. Сенбі, жексенбі күндері әкелі-балалы болып біраз тірлік бітіруді әдетке айналдырған. Аптаның бес күнінде бірі жұмыстан, екіншісі оқудан босамайды.
Аян, гаражда біраз айналып қалды. Бір сәтте тасыр-тұсыр дыбыстар қаттырақ естілді. Жолдас «Жайшылық па екен?» деп жылдамдата жүріп жетіп келді.
– Балта жоқ ғой, бұнда. Бәрін ақтарып шықтым. Қайда кетіп қалады, аяқ біте ме өзі? – деп Аян бұлқан-талқан. Гараждың ішін астаң-кестең етіпті.
Екеулеп іздеді. Таппады. «Шынында да қайда қойдым екен?» деп ойланып қалған Жолдас кенет:
– Тұра тұр, балам. Өткен жолы көрші алып еді. Қайта әкелмеген ғой. Барып кел.
– Олар қашан алған затты қайтып әкеліп еді... Аян қай көрші екенін сұрамастан кейіп сөйлеп кетіп барады.
Осы көшеде сұраған дүниесін, пайдаланып болған соң рақметін айтып иесіне кері қайтару дегенді білмейтін бір ғана көрші бар. Ол – Мұрат аға. Қыс-жаз демей, сұраншақтанып жүреді. Мейлі, көрші болған соң арада алыс-берістің болатыны заңдылық. Дегенмен, қайта әкеліп беру керек қой. Аян он қадам басар-баспас сұраншақ көршінің ауласына кірді. Бұлардың үйлерінің арасында үй жоқ.
Есігін ақырын ашып, «Мұрат аға», – деп дауыстады.
– Кел, келе бер, – деген Мұраттың әйелінің даусы естілді. Қап, аяғын шешуге ерініп тұр еді. Қыстың күні болған соң сыртта жұмыс істеуге шығарда әкесіне қысқарып қалған байпақты қалың шұлықпен киіп алатын. Екі-үш минут үй иесі шығып қалар деп күткен, тырс еткен дыбыс болмады. Амалсыз ауыр байпақтан аяқты босатып, ішке енді. Мұрат пен әйелі шай ішіп отыр. Таңғы астары болса керек. Балалары әлі оянбаған ба, көрінбейді.
– Аа, Аян сен бе? Кел, төрлет.
Жастықты шынтақтай жатқан Мұрат кеудесін көтерместен бұның созған қолын алды. Әйелі де амандық сұрап, шай ұсынып жатыр. Былай қарасаң, ағеден жақсы адамдар. Тек, сұраншақтығы болмаса...
– Аға, балтаға келіп едім. Көше беттегі талдар бойлай өсіп кеткен. Әкем екеуміз қиып, бұтағалы жатыр едік, – деп Аян ақтала сөйледі. Тіпті өз затын өзі сұрағанға қуыстанып отыр. Онысына өзі таң қалды. Бұл жерде ұялатын адам бұл емес еді ғой.
– Еее, дұрыс екен. Қазір, шығамыз. Шайыңды іш,– деп Мұрат аға асығар емес.
– Айтпақшы Аян, сенің арбаң да біздікінде. Жазда құм тасығанда алып едік. Соны да ала қайт, – көрші осылай деп орнынан түрегелді.
Жаздан бері алты айдың жүзі өтті. Балтаны алғанына да біраз болса керек. Мұраттың «қазір әкеліп береміне» қанық өзге көршілер бұларға «ондай жоқ» деп айтуды әлдеқашан әдетке айналдырған. Жолдас ғана «жоқ» дей алмай жүр. Құдайы көршіден қолда барды аяғысы-ақ келмейді. Алайда, өзіне қажет кезде құрал-жабдықтарын таппай, сенделіп қалады.
Балтасын ішіне салып, арбасын сүйреп, Аян үйіне қайтты. Жалғыз дөңгелекті арба шиық-шиық етіп, онсызда көршіге күпті болған көңілді күйретіп жіберді.
– Мынаның мынадайы жоқ еді ғой. Өзі майысып та қалыпты. Әбден тоздырыпты-ау, – деп Аян өткен жолғы күрек құсап, мүлдем жоғалып кетпей, «жаралы» күйде болса да иесіне оралған арбаға аянышты көзбен қарап келеді.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ