Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көршінің көңілі...

Көршінің көңілі...

Жаз. Шілде айы. Күн аптап ыстық. Сәске түсте қорадағы бір топ қойлардың маңыраған дауысын естіген Лимаш әжей немересіне:
– Асқаржан, қорадағылар дыбысын үдетті. Құдықтан су алып, апарып бере ғой. Мына ыстықта тұрған оларға да оңай емес, обал болады, – деді.
Асқар дереу шарбаққа ілінген қауға шелекті қолына алып, жанындағы құдыққа сүңгітіп жіберді. Шелектерді толтырып, келесі ауладағы қораға қарай кетті. Осы кезде Лимаш әже даладағы нан салатын пештің айналасын ашып, отындықтарды алдына ығыстырды. Қорадан кері оралған Асқар тағыда аптап ыстықта от жағатынын біліп, ашуланып тұр. Жұлқына келіп:
– Күннің қызуы қайтқан соң пісірсек болады ғой, – деді. Лимаш әже ақырын қолын сілтеп жиналған қамысты жақындатуды айтты. Қанша сұрақ қойсада кері жауаптың болмайтынын түсінген Асқар пештің астындағы тамызықты тұтандырды. Ашуы тарқағандай болған ол:
– Әже, осы неге нанның астын қыздыру үшін тезек жағамыз? Айналадағы қоқыстарды жинап әкелсек болмай ма? – деді.
– Тезек қызуын ұзақ ұстап тұрады. Барлығы жанып біткен соң қолды пештің ішіне салып, лебін тексеру керек. Егер ошақтың аузынан оттың қызуы әрі қарай қолыңды кіргізбей тұрса, нан қалыпты салуға болады деген сөз. Ал қоқыс жағуға болмайды. Нанға иісі сіңіп қалады, – деді Лимаш әже.
Тезек жанып бітті. Асқар ошаққа қолын салып, дайын екенін түсінді. Сарайға қарай жүгіре кетіп, дайын тұрған 10 қалыпты кезекпен-кезек тасып әжесінің қолына ұстатты. Барлығын салып біткен соң сыртын киізбен орап, ауа кірмейтіндей етті. Әжесінің «40 минуттан асып кетпесін» деген сөзін ұмытпаған ол әлсін-әлсін сағатқа қараумен болды.
Пешке піскен нан дайын. Әжей қолындағы тәрелкеге май салып, ыстық наннан балаларына ауыз тигізуге үшін пеш жанына қарай жақындады. Қолымен нанды сындырып, майға батырды да тәрелкені Асқардың қолына ұстатты. Ошақ айналасын тазалап болып, құманына су құйып жатқанда көрші кемпірдің баласы Аян кіріп келіп:
– Сәлембердік! Әжем жіберді, – деді.
– Қарағым, үлкен азамат бол! – деп Асқарға екі нанды көрші баланың қолына ұстатуды айтты. Түсінбеген Асқар:
– Мына күннің ыстығында далада терлеп жүріп нан салатын біз. Ал неге оны келіп көрші-көлем алып кетеді? Өздері де осылай жасаса болады ғой, – деп ашуланды.
Әжей әдеттегідей ақырын ғана келіп тұрған қарадомалақтың қолына ұстатуды айтты. Үйге кері оралған соң Асқарды жанына шақырып:
– «Көрші ақысы тәңір ақысы» деген бар. Нан бергенде тұрған ештеңе жоқ. Керісінше сауабы мол. Оның үстіне замандастың төсек тартып қалғанына біраз болды. Ыстық нанды майға батырып жегенді жаны қалайды. Әйтпесе маған күні қарап тұр деймісің? Алда-жалда біздің үйде де тіске басатын түк болмай қалғанда қол ұшын созатын осы көршілер. Ауыл кішкентай. Бір-бірімізбен сыйласып күн кешпесек ұят болады. Ашуланатындай ештеңе болған жоқ, құлыным! – деп жымиды.
Әжесінің сөздерінің астарына жеткендей түр танытқан Асқар, үнсіз қалды.
***
Білесіз бе, бала күні түскі ас, кешкі асқа бір үзім нан табылмай қалғанда көрші үйге жүгіре кетуші едік. Ондағылар ләм деместен жеп отырған нанын жартысын бөліп беруші еді. Байқап қарасақ, мұның астарында үлкен тәлім-тәрбие, сыйластық жатыр. Сол арқылы жұрт бір-бірімен араласып, хал сұрайды. Ал қазір ше? Тек той-томалақ, құдажолда ғана көрші есігін қағатын болдық. Иә, қазір тоқшылық заман. Алыс-беріс азайды. Халықтың ахуалы бұрынғыдай емес, жақсарды. Бірақ сонда да көршінің жағдайын сұрау азайып кеткен секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Әмина БАҚЫТ
23 шілде 2022 ж. 706 0

Бүгінгі валюта бағамы қандай

05 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031