Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақ

Жемқорлықсыз қоғам – жарқын болашақ

Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі саналады. Тіпті бұл баршамыз үшін маңызға ие. Соңғы уақытта жегі құртқа айналып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық әрекеттері қоғамда жиі көрініс табуда. Бұл тиісінше, қоғамның имиджіне нұқсан келтіріп қана қоймай, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің нығаюына, нарықтық экономиканың дамуына кедергі келтіріп, еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
Мемлекет аталған әлеуметтік құбылыспен күресуге ерекше назар аударғанымен, құқық бұзушылық әрекеттері әлі де кездеседі. Мұның жай ғана құқық бұзушылық емес, қылмыс саналатындығын барлығы жақсы біледі. Десе де өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып, заңсыздықтарға жолберіп жатқандары баршылық. Олар өздерінің осындай әрекеттерімен әшкере болғанда ғана қылмысқа барғандығын ұғынады. Бірақ бұнымен ештеңені ақтауға болмас.
Жемқорлық сипатындағы қылмыстар түрлі салада кездеседі. Тіпті қай салада жиі орын алатындығы да көпшілікке белгілі. Себебі жемқорлық халық үшін маңызды салаларда, шешімді қажет ететін қызметтерде жиі орын алады. Мұны статистика бюросы да растайды. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің дені білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау салаларында жиі кездесетін көрінеді. Тіпті біздің облыс, қала берді аудан аясында да жемқорлық фактілері де кездесіп, әшкереленген-ді.
Жемқорлық фактілерінің алдын алу кезінде көбіне білім беру саласында сыбайластықтың жиі орын алатындығы ешкімге де жасырын емес. Дегенмен шындық осындай. Ауыр болса да, мұны мойындау да керек шығар. Бірақ бұған қалайша жол беріп отырмыз? деген сұрақтың туындайтыны тағы бар. Сан түрлі саланың тізімінде білім беруі саласының бірінші болып тұруы кім-кімді де ойлантпай қоймасы анық. Бірақ осы мәселеге қатысты фактілер өкінішке қарай әлі де үзілмей тұр. Тіпті ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің ресми сайтын парақтағанымызда білім саласына қатысты деректердің көптігінен көз сүрінді. Мысалы, орта мектептерде, балабақшаларда, колледждерде аттестация өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық әрекеттері жиі көрініс алған. Соның себебінен білім саласында бақылау департаменттерінің басшылары қылмыстық жазаға тартылды. Ал өңірде болған мына бір оқиға да желіні кезінде шулатқан еді. «Қызылорда қаласындағы департамент басшысы пара алу жағдайымен ұсталды» деген ақпарат БАҚ үшін бір кездері айқайлаған жаңалық болған-ды. Осыдан-ақ білім саласында түрлі шикіліктердің болатындығын аңғаруға болады. Тіпті бұның басы әріден басталып жатқан жоқ па? Әріден дегеніміз – балабақша. Иә, балалардың бақытты мекені саналатын орында да сыбайлас жемқорлыққа қатысты олқылықтар жетіп артылады. Балабақшадағы бала санын қолдан көбейту сынды мәселенің өзі жемқорлыққа бастап тұрған жоқ па?! Айтып отырғандарымыздың бәрі, айтпағандарымыздың бір сыпырасы ғана.
Мамандардың зерттеуіне сүйенсек, білім саласындағы мәселелер мұнымен таусылмақ емес. Тіпті бұдан көпке ұқсайды. Орта білім беру саласында қаржыны жымқыру және оның теріс мақсатқа пайдалану, кадр мәселелері, «қайтыс болған адамдарға» жалақы есептеу, жалған аттестаттар, сертификаттар және дипломдар беру істері де осы білім саласында кездесетін жағымсыз жайттар қатарын толықтырып отыр. Аталғандардың бәрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды сақтамау, белгіленген нормативке бағынбаудың салдарынан туындап отырғаны айдан анық. Ал осындай немқұрайлылық пен жауапсыздық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда стратегиялық механизмдердің тиімділігін тежеп тұр деуге болады. Дегенмен жолымызды кескен көлденең кедергілерге қандай да тоқтам қою керек секілді. Бірақ қалай? Білім саласының тамырын жемқорлыққа байлап, сапаға салқынын тигізген сыбайластықты түбегейлі жою үшін не істемек керек? Әрине, жемқорлықты түбімен жою бір күннің еншісіндегі шаруа емес. Десе де жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтауға жұмыла жұмыс жасаса, мемлекеттік бағдарламалардың қаржысын қолды ету, кадр тағайындаудағы ауызжаласу сынды фактілердің алдын алуға болатын сыңайлы. Сондай-ақ, сыбайластық сипатындағы қылмыстарды құрту үшін жемқорлыққа қарсы қалқан болатын заңды қатаңдатып, қарқынды күресуді жалғастырғанымыз абзал. Сонда ғана жемқорлықсыз қоғам құрып, жарқын болашаққа жол ашқан болар едік.
Арайлым ЖҮСІПОВА
12 қыркүйек 2023 ж. 375 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 42

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 38

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 42

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930