Жемқорлықпен күрес – жалпыға ортақ міндет
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – кез келген мемлекет үшін өзекті мәселелердің бірі. Мемлекеттің дамуына бармақ басты, көз қыстылықтың тигізер кесірін ата-бабалар да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар би мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
Қазіргі уақытта Қазақстан Орталық Азия өңірінде ғана емес, тұтастай алғанда ТМД бойынша жемқорлыққа қарсы неғұрлым мықты дамыған заңнамасы бар ел болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, орын алып жүр. Бұдан бөлек, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау да сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Себебі мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы ел дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер учаскесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де орын алуда.
Елімізде 18 қараша 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде күрес жүргізу жалпыға ортақ міндет.
Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.
Әрине ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі азаматтың тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы шарт. Тәрбие отбасынан басталатындықтан ата-анасының шарауаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды солай болуы керек екен деп түсінеді. Есейгенде ол баладан қандай маман шығады? Сондықтан әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал.
Илияс КОКЧОЕВ,
Қазалы аудандық сотының жетекші маманы