Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенеден кесел келмесін

Кенеден кесел келмесін

Фото: istockphoto.com
Көктем жетісімен, табиғат аясында тыныстағанда ұнатпайтын жандар кемде-кем. Ал осы мезгілде қауіп-қатер де арта түсетінін көбіміз ескере бермейміз. Соның бірі айналада өмір сүретін жәндіктерден жететін қиындық. Ел арасында «қара өлім» деген бейресми атқа ие «Конго – Қырым гемморрагиялық қызбасы» қауіпінің салдары қандай? Себебі неде?
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалы Қазалы аудандық бөлімшесінің санитарлық эпидемиологиялық қызмет маманы Перизат Әбдиевадан сұрап, білдік.
– Перизат Ерсұлтанқызы, қызба атауын естіген тұрғындар бұл өзге мемлекеттерде кездесетін ауру түрі деп түсінеді. Анығын оқырмандарға айтып берсеңіз...
– Оныңыз рас. Вирус тудыратын жұқпалы ауру біздің елімізде ертеден бері талай адамның ажалына себепкер болған. 1944 жылы Қырымда, 1956 жылы Конгода анықталғандықтан, медицинаға «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» деген атпен енгізілген. Таяу Шығыс, Африка, Балқан түбегі және Азия елдері сияқты ыстық климатты аймақтарда жиі кездеседі.
– Қандай жолдармен беріледі?
– «Конго – Қырым гемморрагиялық қызбасы» ауыр сырқатқа немесе өлімге әкеліп соқтыратын өте қатерлі ауру. Аурудың қоздырғышы – вирус. Тасымалдаушысы қанында вирусы бар жыныстық жетілген иксодты кене.
Кене көзге кішкентай көрінгенімен, сезім мүшесі өте жақсы дамыған қансорғыш жәндік. Олар мүйізді ірі қара,уақ малдар,түйе,жылқы,жабайы жануарлар,ит,кірпі қосаяқжәне құм тышқандарында паразитті түрде тіршілік етеді. Қанды сорып алып, жұмыртқаларын кеміргіштердің ініне салып,одан шыққан дернәсіл індегі ұсақ жәндіктермен қоректеніп, алдымен нимфаға, кейін жыныстық жетілген ересек кенеге айналады. Күннің көзі жылысымен жылуқанды жан-жануарларға, төрт-түлік малға,адамдарға қан сору үшін шабуыл жасайды.
Кенелер Конго – Қырым гемморрагиялық қызбасы ауруының вирусын өз ағзасында сақтап қана қоймай, ұрпағына дейін жеткізіп, қоршаған ортаға таратып отырады. Ағзасында ауру қоздырғышы бар кене адамды шаққанда және малды қырқу кезінде кенемен жанасқанда, оның қаны адам денесіне тигенде жұқтыруы мүмкін.
– ««Конго – Қырым гемморрагиялық қызбасы» вирустық аса қауіпті жұқпалы кесел» деп қалдыңыз. Бұл аурумен жан-жануар, жәндіктер де ауыра ма?
– Жоқ, бұл аурумен тек адамдар ғана ауырады.
– Вирус қалай өршиді? Қандай белгілер арқылы анықтауға болады?
– Өкінішітісі, ауру өте күрделі өтеді. Қоздырғышы денеге еніп, аурудың алғашқы белгілері білінген 2-7 күнге дейін ешқандай өзгеріс сезілмейді. Жасырын кезең бірнеше күннен 14 күнге дейін созылады. Ауру кенеттен жедел басталады.Адамның дене қызуы 30-40 градусқа дейін көтеріліп, бастың ауруы, бұлшық ет және буын, сонымен қатар бүкіл дененің қақсап ауруы байқалады.
Науқас адамның беті, мойны, көкірегі, көмекейі қызарып, көзі қанталай бастайды. Төртінші, бесінші күндері денесінде геморрагиялық бөртпелер, қан құйылулар, иньекция жасаған жерде қанталау пайда болады. Сонымен бірге мұрын, тамақ, құлақ, қызыл иек, асқазан, жатыр, ішектен қан кете бастайды. Бұл кезде науқастың жағдайы нашарлап, ағзаға енген улы заттарға қарсы реакцияның тұтас кешені белгілері күшейеді. Қан қысымы төмендеп, тамыр соғысы жиілейді. Кейде сандырақтау да болуы мүмкін. Кейбір ағза, соның ішінде бүйрек зақымдалады. Салдарынан арқа да ауырады. Кейде ауру симптомсыз өтуі де мүмкін.
Дер кезінде дәрігерге қаралып, дұрыс ем қабылдаса, науқас жазылып кетеді.
– Ықтимал қандай? Олардың алдын алу шаралары бар ма?
– Ауру сәуір, мамыр, маусым айларында жиі кездеседі. Маусымдылығы кенелердің белсенділігіне тікелей байланысты. Біздің республикада ірі және ұсақ жануарларда кездесетін кенелер ауру вирусының тасымалдаушысы болып табылады. Адамдар кене шағуынан және қолдың кене қанымен ластануынан жұғады. Дені сау адам осы аурумен ауыратын науқастың қанымен, сондай-ақ медициналық процедуралар (инъекциялар, инфузиялар, операциялар, қан алу және т.б.) арқылы жұғады.
«Конго – Қырым гемморрагиялық қызбасына» көбіне мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары, малшылардың шалдығу қаупі жоғары. Ауру таратататын кенелердің басым көпшілігі жануарлар қанымен қоректенетіндіктен, малға жабысқан кенелерді жою – індеттің алдын алудың алғашқы шараларының бірі болып саналады. Қазалы ауданында осы індеттен қолайсыз елдімекендердің аумағы және тұрғындардың жеке малдарына кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары үкімет тарапынан бөлінген қаржыға жыл сайын залалсыздандырылады.
– Маман ретінде қауіптен сақтануға қандай кеңес берер едіңіз?
– «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей қатермен күрескенше, алдын-алу ережелерін сақтаған маңызды.
Көктемгі-жазғы дала жұмыстарымен айналысқанда, немесе табиғат аясында демалғанда ашық түсті киім киген жөн. Дененің жалаңаш жерлерін мейлінше қымтау керек. Үйге келген соң дененің барлық жерін, әсіресе шаш арасын тексерген дұрыс.
Малды қырыққанда, оны күтіп-қарау кезінде кенені жалаңаш қолмен жұлуға,езуге болмайды. Кесу кезінде жеке гигиена ережелерін мұқият сақтап, арнайы киімдер: қолғаптар, жеңі мен аяғы тығыз жабылған шалбар, жилет, резеңке етік пайдаланыңыз.
Малдан алынған кенені әр жерге тастамай, қағазға орап, өртеп жіберу керек.
Денеге жабысқан кезде вирустың берілуін тоқтату және жұқтырудың алдын-алу үшін жабысқан кенені тез алып тастау керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін естен шығармаған жөн. Оны өзіңіз жұлып алатын болсаңыз,мына ережелерді сақтау керек: кененің басы теріге кірген жерге тұмсығының түбінен жіппен байлап, ырғап отырып алу керек. Егер тұмсығы тері астында қалып қойса, іріңдеп кетпеуі үшін, шаққан жерді иодпен сүрту қажет. Мүмкіндігінше елдімекен ішінде болсаңыз, емдеу мекемесіне дереу барғаныңыз дұрыс.
Сәуір-шілде айларында шөлді аймақтарға (табиғат құшағына) бармау, шөлді аймақтар мен базарлардан ұсақ және ірі мүйізді малдарды кенеге қарсы емсіз үйге әкелмеген жөн.
Егер ірі қара малда кене табылса, дереу ветеринарға хабарласып, олардың ұсынысы бойынша кенеге қарсы ем қолдану маңызды.
Малды және олар тұратын орындарды толық және сапалы дезинфекциялау кеселдің келмеуіне көмектеседі.
Ерекше ескертер жағдай, қырқу маусымына жас балалар мен жасөспірімдерді тартпау.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

22 сәуір 2025 ж. 47 0

Кенеден кесел келмесін

22 сәуір 2025 ж. 48

Ана сүтінің маңызы

21 сәуір 2025 ж. 112

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930