Бірлесе атқарған істе береке болады
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті V сессиясы өтті. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш ашып, жүргізіп отырды.
Сессияға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудан прокуроры Дарын Әбіш, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, құқық қорғау органдарының басшылары, теміржол мекемелерінің басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.Сессия отырысының күн тәртібіне енген мәселелердің негізгісі аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі болды.
Сондай-ақ, басқосуда Қазалы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №326 «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Қазалы ауданын басқару схемасын бекіту, Қазалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №21 «Аудандық жер комиссиясының құрамы және комиссия туралы ережені бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу және Қазалы аудандық сайлау комиссиясының мүшесін сайлау туралы мәселелер талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жыл басынан бергі экономикасының әр саласында жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы негізгі жоспарларға тоқталды.
Ашып айтсақ, жыл басынан 11,5 млрд. теңге болып бекітілген аудан бюджеті 13,1 млрд. теңгеге жеткен. Ал оның ішіндегі өз кірістеріміз 2,3 млрд. теңгені құраған.
Ал ауыл шаруашылығына келетін болсақ, өнімінің жалпы көлемі 5,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық орындалды. Сонымен қатар, аудан бойынша биыл барлығы 17 377 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған-ды.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда Абай ауылын газдандыру жұмыстарын бастауға тиісті қаражат бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.
Соңғы жылдары ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Жалпы, ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар.
Биыл Әйтеке би кентінің 14 көшесіне асфальт төселіп, 24 көшесіне қиыршық тас төселетін болады. Сол секілді Қазалы қаласындағы 15 көше толық асфальтталатын болады. Ол үшін қызу жұмыстар басталып та кетті.
Аудандық мәслихат сессиясында алғашқы жарты жылдықтағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берген аудан басшысы алда тұрған міндеттер мен жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндады.
Сессия отырысында аудандық мәслихат депутаттары тарапынан ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, көтерілген өзге де мәселелер жайында хабарламашылар тыңдалып, аудандық мәслихат депуттары тарапынан оң шешім тапты.
Басқосу соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ел ішіндегі оң шешім тауып келе жатқан жұмыстар аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе атқарғандықтың нәтижесі екеніне тоқталып, бірлескен жерде береке болатынын тілге тиек етті.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат