Ауыз аштыру да сауапты іс
Ораза – бес парыздың бірі. Мұны Құран Кәрімнің: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнің бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» – деген аятынан анық аңғарамыз. Бұл құлшылық, әрине, тек Алла тағаланың ризашылығы үшін ниет етіледі. «Ораза» сөзінің шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанша ас-судан тыйылуды ғана емес, күллі жат әрекеттерден, күнәдан аулақ болуды, мінез кемшіліктерінен төзімділікпен арыла білуді қамтиды.
Отыз күн Оразада ауыз бекітумен қатар ауыз аштыру да сауапты іс. Міне, осы ретте Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ұжымы қасиетті Рамазан айында Ораза ұстап, ауыз бекіткен жандарға арнап Қазалы қаласындағы "Нұралы" мешітінде ауызашар берді. Білікті басшы Фердоуси Қожабергенов басқаратын ұйымшыл ұжым жайған дастархан басында имандылық, адамгершілік, жастар тәрбиесі хақында салиқалы әңгімелер тиегі ағытылып, Ораза айының қадір-қасиеті, ауызашар, пітір-садақа берудің маңызы мен сауабы туралы ойлар ортаға тасталды.
Дастархан басында "Нұралы" мешітінің бас имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлы отыз күн Оразаның қадір-қасиеті туралы насихат-уағыз айтып, Құран оқыды. Он екі айдың сұлтаны – Рамазан айы Алла Тағаланың мейірім нұры жауатын, сабырлыққа шақыратын кешірім айы екеніне кеңінен тоқталды.
Ауызашар асының соңынан ақсақалдар игілікті іске ұйытқы болған басқарма қызметкерлеріне алғыстарын айтып, дастарханға бата берді.
Ж.СОВЕТҰЛЫ