Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылықты ұлықтаған ұжым

Ұлттық құндылықты ұлықтаған ұжым

Қазалы қаласында Ғани Мұратбаев атымен аталатын мектеп бар. Іргетасы сонау 1939 жылы қаланған білім ордасы бүгінде білікті ұстаздар мен білімді шәкірттердің құтты шаңырағына айналған. Қашанда мектептер арасында алғашқылардың бірі болып жаңашылдығымен көзге түсетін ұжым мүшелерінің ауызбіршілігі мен жұмысқа деген жауапкершілігі аса жоғары. Уақыт көшімен қатар лесіп, заманауи жаңалықтар мен тың идеяларды өмірге әкеліп жүрген білім ордасының басшысы Эльмира Сматуллаеваның еңбегі ерекше. Күн-түн демей, ұжымды алға сүйреп, білім берумен қатар шәкірттердің тәлімді тәрбиені бойына сіңіруіне атсалысып жүрген мектеп директорының бастамасымен жұма күні тәрбие мектебі жобасы аясында «Ұлттық құндылық – ұлттық иммунитет» тақырыбында аудандық семинар өтті. Шараға мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және өзге де қонақтар шақырылды.
Бұл күні таңның атысымен мектеп ауласында ерекше көңіл-күй сезілді. Әуезді ән ойнап, шуақты күннің шұғыласына бөленген шәкірттер шуылы әдеттегіден ерекше есітілді. Өйткені олар үлкен шараға дайындық үстінде еді. Бірі ән салып, енді бірі домбыра шертіп, өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде алып шығуға талпынып жатқан-ды. Қаз-қатар тізілген көрмелер мен жайма базар спеттес сауда орындары келушілердің назарын ерекше аударды. Бірнеше бөлімнен тұратын семинар қонақтарды күтіп алумен басталды. Алдымен «Ғанибай үйінің архитектуралық ерекшеліктері» жобасын 10 сынып оқушысы Диас Ильяс танысытырып өтті. Өз жұмысында «Ғанибай үйінің» қыр-сырын толық баяндап, тарихи деректерді тізбектеген жас өреннің жан-жақтылығына жиналғандар тәнті болды. «Көне тарих сыр шертеді» атты көрме аясында XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрініс көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер сауда-саттық алаңында жібек тауарлардың саудасын қыздырды. Жәрмеңкеде қап-қап арпа, бидай, тары, жүгері сатылып, тіпті қозылы қойда саудаға түсті. Қос жанында жүн сабап отырған кимешекті әже жәрмеңкеге жан бітіріп, қонақтардың қызығушылығын одан әрі арттырды.
Қазақы ауылда жырдан жаһұт, әннен шашу шашылды. Өткен ғасырға шегініс жасалып, Ғанибай көпестің мәрттігі мен кеңдігін ата-аналар комитетінің төрағасы Еркін Әбдіраманов ерекше сомдап шықты. Осы орайда ауқымды шараға ұстаздардан бөлек ата-аналарда айрықша атсалысқандығын атап өткен жөн. Бұдан кейін күмбірлеген күй тартылып, мектеп оқушыларының қолынан шыққан көркем туындылардан жасақталған көрме таныстырылды. Ою ойып, кесте тігіп отырған өнерлі өрендердің ісіне көпшілік сүйсіне қарады. Ардагер ұстаз, ата-ана Қазыбай Саниязов жанына жиналған балаларға өнегеге толы өсиет сөздерін айтты. Қазақтың «Ат қою» салтына тоқталып, би-шешендерден қалған аталы сөздің астарын түсіндірді.
«Ұлы дала жәдігерлері» құндылықтар жәрмеңкесінде «Ұлттық фармокология» үйірмесінің жұмыстары қойылды. Онда ұстаздардың жетекшілігімен дайындалған оқушылардың ғылыми жобалары таныстырылды. «Қамыс өсімдігінен жасалатын сұраныстағы бұйымдар», «ЕБҚ оқушыларының интеллектісін дамыту», «Ұлттық бренд – қазақы тақия», «Қазақ дүниетанымындағы физика», «Биологиялық активті заттардың фармокологиялық әсері», «Өңірдегі қара тұз кенінің қасиеті», «Ұлттық ойындар» үйірмесі, «Ұлттық киім – ұлт ажары», «Ата-аналар акдемиясы – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі», «Қолөнер бұйымдарының көрмесін» көрушілер шығармашыл шәкірттер мен ізденімпаз ұстаздардың еңбегін ерекше бағалады. Бірінен-бірі өткен жобалардың қай-қайсысы болмасын өзіндік құндылығымен қадірлі.
Бұл күні ерекше көзге түскен дүние – мектеп ауласындағы су бұрқақ болды. Бұны түлектер тарту еткен екен. Ол жасыл желегі жайқалған ауланың одан әрі ажарын аша түскен. Ауладағы керемет көріністерден кейін мектеп директоры Эльмира Сматуллаева қонақтарды білім ордасына бастап барды. Білім ордасының қабырғаларында ұлтымызға тән ою-өрнектер, қазақи нақыштағы картиналар, мектеп мақтаныштары, жетістікке жеткен мұғалімдер суреті ілінген. Әр кабинет ұлттық бұйымдармен жабдықталған. Бұнда алдымен «Ұлы дала биосферасы – әдіс-тәсілдер қоржыны» атты педагогикалық шеберхана жұмысы көрсетілді. Көрнекіліктер көрмесі, «Асық GAME» жобасы, үйірмелер үлгісі, таңдау курстарының топтамасы, ҚМЖ жинақтары, дидактикалық материалдар, 1-11 сынып тәрбие бағдарламалары қойылған. Келесі кезекте этно ойындар өрнегі келушілер назарына ұсынылды. Шәкірттердің классикалық квест, ұлттық квест ойыны, «Алтын қақпа» және «Алтын сақа зияткерлік ойындары тамашаланды. Осы орайда оқушылардың ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жөніндегі білімдері жоғары екендігі байқалды.
«Тәрбие атмосферасындағы құндылық» атты бөлімде «Меірімділк жүректен ...» тәрбие сағаты, «Ұлттық тәрбие негізі – Tik Tokтрендінде», «Қазақ хандығы» ойыны, қазақтың жазылмаған психологиясы (ұлттық ойындардың психолгоиялық мәні), «Шам түбіндегі ертегі» жобасы, BANI әлеміндегі альфа ұрпақ, «Ұлттық қоржын» «MEGA study» жобасы, ұлттық құндылықтар деректер қоры арнайы сайты семинарға қатысушылардың таным көкжиегіне ерекше әсер қалдырды. Шара барысында қонақтарға қазақшы нақышта ою-өрнектермен безендірілген кәдесыйлар таратылып, ұлттық тағамдар құрт, ірімшік, жаппай нан, бауырсақ пен айран ұсынылды.
Семинар соңында қонақтар алған әсерімен бөлісіп, мектеп басшысы мен ұжым мүшелерінің іскерлігіне, дүниетанымдарының кеңдігіне, жұдырықтай жұмыла білген бірліктеріне ризашылық білдірді. Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Әбілқасым Роман, әдістемелік кабинет меңгерушісі Лаура Ізбасарова, №93 мектеп директоры Серікбол Сансызбаев сөз алып, семинардың көпшілікке ерекше шабыт сыйлағанын тілге тиек етті. Әрбір педагогтың санасында тың идеялардың туындауына себепші болған бастаманы жоғары бағалады. Ал «арқамнан ауыр жүк түскендей болды» деген мектеп басшысы Э.Сматуллева бізбен әңгіме барысында өз әсерін былай баяндады.
– Бұл жобаны қолға алғанымызға да екі жылдың жүзі болды. Мақсат – ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие мектебінің нобайын ұсынып, құндылық жобаларымен таныстыру. Ал міндетіміз білім алушылардың тұлғалық мәдениетін қалыптастыру және оқушыларды ұлттық тәрбиенің құнарымен ізгілендіру болатын. Бүгін мақсатымыз орындалып, міндетіміздің іргетасы қаланды дей аламын. Себебі, бұл міндет бұнымен тоқтап қалмауы тиіс. Әрбір оқушы ұлттымыздың ерекшеліктерін естіп-біліп, көріп өсуі тиіс. Елдің ертеңі – бүгінгі шәкірт. Осындай дүниелерді әрі қарай жандандыратында осылар.
Семинардың өз деңгейінде өтуіне үлес қосқан демеушілер Мырзахмет Толыбаев, Жарқынбек Қабақбаев, Нұртай Аманов, Кенжебек Толыбаев, Нұргүл Қайназарова, Медеу Есқожаев, Ардақ Кәдіров секілді жомарт жандар мен әр жылы мектеп бітірген түлектерімізге алғыс білдіреміз. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген» ұжым мүшелеріне ризамын. Бұл шарада әрқайсысының еңбегі ерекше. Ешқайсысықалыс қалды дей алмаймын. Ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсете білді, –деді риза кейіппен.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
27 мамыр 2023 ж. 361 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930