Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Букмекерге түнеп жүр талай қазақ баласы

Букмекерге түнеп жүр талай қазақ баласы

Спорттық ойындарға құмарлық ат үстінен аумаған ата-бабамыздың өмір сүру салтынан-ақ көрінеді. Алайда бүгінгі күні жақсыны көрсе, желігі артатын жастардың спортқа құмарлығы мен хоббиін желеу еткен бәс тігу букмекерлері көбейе түсті. Көк қағаздың соңынан қуғандарды «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп ақтап алу да жөн емес. «Осы жолы соңғы рет» деп өзін сендіріп, құмар ойынға салынып кететіндер материалдық жағынан қарызға кіріп қана қоймай, әйелімен ажырасуға, ағайын-туғанымен араздасуға дейін барады. Спортқа деген шынайы жанкүйерліктен бәс тігуден тәуелділікке ұшырайтындардың саны неге азаймай тұр? Мәселенің мәніне үңіліп көрейік.
Тез байысам деп тақырға отырғандар
2000 жылдары ойынға бәс тігетін алғашқы орталықтар ашылып, жаңалыққа үрке қарайтын халықтың бойын үйрете бастады. Қазір шағын қала мен аудан орталықтарының өзінде бәс тігетіндердің бәйгесі ұйымдастырылатын бірнеше жер бар. Букмекерлік кеңсе жұмыссыздар мен жалқауларға арналған жұмыс орнына айналды. Әсіресе футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңсенің қызметі қыза түседі. Мәселен, бір күнде бір кеңсенің өзінде мыңнан астам адам ұтыс тіксе, олардың арасында аз ақшаны еселеп алғысы келетіндердің үлесі басым. Ал тұрақты тұтынушылар мұны құмар ойынына жатқыза қоймас. Олар бәс тігу үшін спорттық білім мен тәжірибе керек деп есептейді.
– Мен өз өмірімді мысалға келтіріп, қарапайым халық ойланса деймін. Бірнеше жыл бұрын жас болғандықтан, жиналып алып құрдас балалардың үйіне барып карта ойнайтынбыз. Бірте-бірте ақша тігіп ойнауды үйрендік. Сонымен, үлкен көлемдегі ақшамен ойнайтын ортаға тап болып, бұл іс жалғаса берді. Отбасымнан береке қашты. Үйдегі уақ жандықтар, тіпті, ақыр соңында сауын сиырды да түн қараңғысында жүк көлігіне тиеп сатып жібердім. Тек бар мақсатым құмар ойынынан ұту және сол ақшаны бірнеше есе көбейту болды. Алайда мен тек былыққа бата бердім. Негізінен адам бір ойыннан ұтқан қаржысына қанағаттанбай, нәпсінің ісіне арбала түседі екен. Соңы өкінішке әкелген ойындардан жастар аулақ болса екен, – дейді Сәкен есімді тұрғын.
Адамның санасын улайтын ойынның салдарынан қауіптенсе керек, Француз Пьер Олер ойлап тапқан букмекерлік ойындарға Еуропа елдерінде тыйым салынған. Тек Англияда ғана аталмыш ойынға бәс тігуге рұқсат етілген. Ал Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңнамасына сәйкес, кеңсе қызметкерлері бәс тігушінің жасын білу үшін оның жеке куәлігін тексеруі тиіс. Заңның 15-бабында көрсетілгендей, 21 жасқа жетпеген тұлғаларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Алайда санын бақыламағанмен, соңғы кездері құмар ойынға жасөспірімдер мен қыз балалардың да қызығып жүргенін байқаймыз. Біздің елде бір ғана «Олимп» букмекерлік кеңсесінің 180-нен аса филиалы бар. Бұл қатарға «Зенит», «Betcity», «Гол+Пас», «Tennisi», «MegaBet», «Profit» деген кеңселерді қоссақ, түгелін түгендей алмаспыз.
«Спорт» деген желеумен жастардың психикасын бұзып жатқан бәс тігу ойындарының бизнес ретіндегі басты қаруы – ақшаны бірнеше есе арттырып, тез баюға бағыттауында. Тез баюға деген құмарлық ең әуелі кірісі төмен адамдарды, әсіресе, жастарды баурап алуда. Психологтардың айтуынша, әлемде құмар ойындарына деген тәуелділік есірткіге тәуелділік секілді тез белең алады екен. Ал ондай адам бүкіл шаруасын тастап, есіл-дерті ойын мен ақшаны арттыруда болады. Еркінен айырылғандай күй кешеді. Сонымен бірге ойын кеңсесіне тәуелді болғандар сәтсіздікке ұрынған бойда өз-өзіне қол жұмсауға, қарызын төлеу үшін отбасының, ата-анасының дүние-мүлкін сатуға дейін барып, кейбір жағдайда қылмыстық жолға түсуі мүмкін екендігін де айтады.

Заң не дейді?
2020 жылы Қазақстандағы тіркелген букмекерлер саны 1184 екені белгілі болды. Осылайша күн санап жеңіл ақшаны көздеген жалқауларды қанағаттандыратын бәс тігу орындары мен лоторея ұтыстары өз алдына бизнес сынды дамып жатыр. Жоғарыдай айтқанымыздай, ойын бизнесі қылмыстың артуына ықпал етеді. Өткен жылы соған қатысты 302 қылмыстық іс қозғалған. Осы орайда мәжіліс депутаттары ставкаларды есепке алу орталығын құрып, тотализаторларды құмар ойындарға арналған резервацияға, яғни Қапшағай мен Бурабайға көшіруді ұсынды. Осыдан 6-7 жыл бұрын да ойын орталықтарын Қапшағай мен Бурабайға көшіру туралы ұсыныстар айтылып, мәселе көтерілген. Ұсыныс білдірушілер діттеген мақсатына қол жеткізбегенімен, құмар ойынға қатысты заңға енгізілген түзетулердің нәтижесінде тотализаторларды тұрғын үйлерге орналастыруға толықтай тыйым салынды.
Қазіргі таңда жауапты мамандар Қазақстандағы ойын бизнесінің нақты табыс мөлшерін айта алмайды. Ал ойын бизнесінің көлеңкелі бизнеспен шатылуы біраз дау туғызған. Мәселен, біз бағындырмаған «Олимп» осыған дейін салықтан жалтарып қана қоймай, айналымдағы қаржыны шетел асырып келген. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің есептеуінше, «Олимп» букмекерлік орталығы өткен жылы 13 млрд теңгені құрайтын салық төлеген. Алайда, бес жылдық табысы мен салық төлеу тарихын бес ай бойы май шаммен қарау арқылы шындықтың беті ашылды. Нәтижесінде Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті нақты табыс мөлшерін жасырған «Олимпке» 145 млрд теңге салық салды. Тексеріс кезінде заңсыз деп танылған 50 ойын ошағы анықталып, 120 ойын автоматы тәркіленген. Аталған қылмыстық іс бойынша 2020 жылдың 22 қаңтарынан бастап OLIMP.KZ лицензиясының тоқтауына байланысты бәс тігу мен ойындар тоқтатылған еді.
Бәс тігу бизнесін бақылаудың төте жолы – заңсыз ойын ошақтарын азайту. Бұл туралы ҚР Ойын бизнесі саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қауымдастық төрағасы Бадри Шаинидзе: «Заң ғаламтордағы ставкалар көлемінің өсуін, онлайн-казинолардағы ставкалар сегментін толық бақылай алмайды. Шамамен бес ірі букмекерлік кеңсе жұмыс жасайды. Қалғандары заңсыз онлайн ойындар ойнатуға көшкен. Заңсыз ойын сайттарын болдырмау үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау болмаған жағдайда, онлайн сектормен бәсекелес болу өте қиын», – дейді.
Бәс тігу үшін үйден шығудың керегі жоқ. Интернет арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі қолжетімділігі болса, букмекерлік кеңсенің оңай ақшаға шақырған жарнамасы да жанарды арбайды. Қалтасының жұқалығына қарамастан бәс тігуден бас тартпайтындардың қатары көбейгендей. Әр адам өз өміріне жауапты дегенімізбен, ұрпағының болашағына алаң ата-ана мен мемлекеттің бұл мәселенің шешімін шығарар кезі жетті.
Дина БӨКЕБАЙ

03 тамыз 2021 ж. 587 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930