Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Зілзаладан қазаққа қандай қауіп бар?

Зілзаладан қазаққа қандай қауіп бар?

Қазақтың оңтүстік беткейдегі табиғаты көз сүйсіндіреді. Түркістан облысына аяқ басқаннан бастап, ақша қарлы Алматы өңіріндегі далалық жанды жадыратып, адам жанын ерекше күйге бөлейді. Таза ауа, қызғалдақ құшағына алған жазық, тау-төбемен таласа өскен шырша, қарағай талантты суретшінің қолымен салынған суреттей әсем бейнеленген. Алайда сұлулық белгілі бір дәрежеде қауіппен қатар жүреді. Айтпағымыз, еліміздің таулы-қырлы қалалары сейсмикалық қауіпті аумақтар тізіміне кіреді. Ғалымдар Қазақстан жерінің 30 процентінде зілзала болу қаупі бар екенін айтады. Сондай-ақ республика аумағында 50-ден астам сейсмобелсенді нүктелер бар.
Алматыдағы апат
Ең күшті жер сілкіністерінің бірі Алматы облысында 1887 жылы орын алды. Зілзала бір қарағанда қаланы жер бетінен жойып жіберетіндей көрінген. Ол заманда Верный деп аталған шаһарда 30 мыңға жуық адам тұрды. 1887 жылы 9 маусымда таңертең тұрғындар шошып оянды. 5 баллға жеткен жер асты дүмпуі көп адамның үрейін ұшырғанымен мұндай құбылыстар жиі болып тұратындықтан сақтық шаралары жасалмаған. Араға бес минут салып, таңғы сағат 4:35-те негізгі жер сілкінісі болды. Бұл оқиға кейінірек «Верный апаты» деп аталды.
Қазақстан Ұлттық деректер институтының мұрағатында жер сілкінісін байқаған куәгерлердің әңгімелері сақталған.
– 28 мамыр күні таңертең сағат 4:35 минут өткенде үйлер қозғалып, ұйқыдағы жұртты оятып жіберді. Жер сілкінісі бір секундтан аспады, барлығы қайта қалпына келді. Мен темекі тартып отырып, әйелімнің табыт жайлы қандай да бір қорқынышты түс көргені туралы әңгімесін тыңдап отырған едім. Кенет әңгіме аяқтала салысымен, кенеттен қатты дүмпумен екінші жер сілкінісі болды. Қабырғадағы сылаққа дейін опырылып, төбемізден жай түсті, – деп келтіреді Верный тұрғындарының бірінің сөзін «Туркестанский ведомости» газеті.
Қираған қаланың айқай-шуы шақырымдарға жетіп, аспанға көтерілген шаң Верный көшелерін тұманға толтырды. Сағат таңғы 4:50-де қараған жанның көзі тоймайтын әсем қала үйіндіге айналған. Ресми деректер бойынша, Верныйдағы жер сілкінісі тастан тұрғызылған 1799 және ағашпен салынған 839 көпқабатты үй тас-талқан еткен. Ғалымдардың пікірінше, апаттың жалпы ауданы 2 мың шаршы шақырымнан асады.
– Қатар-қатарынан қирап, құлаған ғимараттардың дауысы, басы ауған жаққа қарай қыңсылай қашқан үй мен дала жануарларының дауысы заманақырдың таяп қалғанын аңғартқандай еді. Тұрғындар жартылай жалаңаш көшенің қақ ортасына қарай ентелей жүгіріп, таяп қалған ажалды күтіп тұрғандай қорқынышты көрінді, – деп жазды «Туркестанский ведомости».
Алматыдағы апаттан 332 адам жан тапсырып, тағы 468 адам жарақат алды. Осы жер сілкінісінен кейін Жетісу өңіріндегі құрылыс оңтайландырылды. Жер сілкінісінен келетін залалды азайту үшін талап күшейтіліп, саман кірпіштен үй тұрғызуға тыйым салынды.
Зілзала хронологиясы
2009 жылы қазіргі Жетісу облысындағы Текелі қаласында болған жер сілкінісін сейсмологтар тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстандағы ең күшті жер сілкінісінің бірі деп бағалайды. Мұндағы зілзала 2009 жылдың 13 маусымында жергілікті уақыт бойынша 23:17-де болды. Жер сілкінісі бүкіл облыста сезілді, бірақ ең қатты зардап шеккен Текелі еді. Аталған қаладағы дүмпулердің күші жеті баллға жеткен.
Бұқаралық ақпарат құралдары сол жылы тұрғын үйлердің қабырғаларына түскен үлкен жарықтар бейнеленген суреттерді жариялады. Текелідегі жер сілкінісінен зардап шеккендер мен опат болғандар туралы ақпарат жарияланған жоқ. Дегенмен, арнайы құрылған комиссияның мәліметінше, апаттан келген шығын 400 миллион теңгені құраған. Осыдан 14 жыл бұрын мемлекет үшін бұл қомақты қаржы еді. Аталған деректі 2019 жылы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты (ҚазҚСҒЗИ) хабарлады.
Текелі қаласы аспаптық эпицентрден 8 шақырым жерде орналасқан. Сейсмикалық микроаймақтандыру картасына сәйкес, қаланың шығыс бөлігі сейсмикалық қолайсыз аумақта орналасқан – мұнда барлық жерде қалыңдығы 20-30 метр шөгетін лесс саздақтар байқалады. Кейбір ғимараттар еңістерде орналасқан. Сейсмологтардың айтуынша, бұл факторлар Текелі жер сілкінісінің ауқымына әсер еткен.
Қарағандыға қауіп қайдан келді?
Қарағанды облысында жер сілкінісі болады дегенге ешкім сенбеуі мүмкін. 2014 жылдың 21 маусымында қалада болған зілзала жергілікті тұрғындарды ғана емес, сейсмологтарды да таң қалдырды. Қазақстан Ұлттық деректер орталығының мәліметінше, бұл күні ҚР Энергетика министрлігі Геофизикалық зерттеулер институты желісінің барлық сейсмикалық станциялары Орталық Қазақстанда біршама күшті жер сілкінісін тіркеді. Оның магнитудасы 5,2-ге жетті.
Мамандар Алматының солтүстігінде болған жер сілкінісі сирек кездесетін құбылыс екенін атап өтті. Бұған дейін көбінесе Орталық және Солтүстік Қазақстанда пайдалы қазбаларды игеруге байланысты өнеркәсіптік карьер жарылыстары тіркелетін еді. 2014 жылғы жер сілкінісі республиканың сейсмикалық аумағы деп танылды.
Сол күні қарағандылықтар болған оқиғаға сенбеді. Себебі аймақта жер сілкінісі тудыратын таулар, жанартаулар және басқа да триггерлер жоқ. Сондықтан мұны жарылысқа балағандар аз болмады.
– Бізде жер сілкінісі болуы мүмкін емес. Мен геофизикпін. Осыдан жиырма жыл бұрын көріпкел Ванга Қарағандыда жер сілкінісі болады деп болжағаны есімде. Сонда геологтар маған Қарағандыда мұндай жағдай орын алуы мүмкін емес екенін дәлелдеді. Енді қалай екені есімде жоқ, бірақ тектоникамен бір нәрсе байланысты. Бізде жер сілкінісіне әкелетін таулар мен тектоникалық ығысулар жоқ. Бұл жарылыс, – деді Светлана Демент.
Дегенмен, Қазақстан ұлттық деректер орталығының сайтында жарияланған ресми дерек бойынша, Қарағандыдағы жер сілкінісі табиғи және техногендік сипатта болған. Бұл оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Сейсмологтар жер асты дүмпулері ең көп сезілген Қарабас карьері маңында ғимараттарда ұсақ жарықтар пайда болғанын, жөндеуді қажет ететін нысандар шамамен екі есеге артқанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл құбылыстың карьердегі жұмысқа қатысы жоқ екенін, себебі сол күні ешқандай жарылыс болмағанын атап өтті.
Сыр өңірі сейсмикалық аумаққа жатады
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, сейсмикалық аймақтар республиканың жалпы аумағының шамамен 40 пайызын алып жатыр. Аталған аумақта 400-ден астам елді мекен орналасқан, 10 миллионға жуық адам тұрады.
Алматы, Шымкент, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумақтары жоғары әлеуетті сейсмикалық қауіпті қалаларға кіреді. Бұл дегеніміз зілзала орын алар болса, күші 7 баллдан асып кетуі мүмкін. Қызылорда? Қалай?
Республика аумағында 50-ден астам сейсмикалық белсенді аймақ бар. Олардың кейбірінің сейсмикалық әлеуеті 7-8 баллға дейінгі жер сілкінісінің пайда болуын қамтамасыз етеді.
– Бұл сейсмогендік аймақтарға жақын немесе оның шегінде орналасқан елді мекендерге және басқа объектілерге сейсмикалық әсер ету 9 және одан да көп баллға жетуі мүмкін дегенді білдіреді. Сондай-ақ, мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбалар кен орындарын қарқынды игеру, ірі су қоймаларын құру салдарынан жер қыртысының жоғарғы бөлігіне техногендік әсер етуден туындаған жер сілкінісі әлеуетті қауіп тудыруы мүмкін, – деп түсіндірді Сейсмология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұрсарсен Өзбеков.
Бірер апта бұрын Қызылорда облысында 2 баллдық жер асты дүмпулері сезілді. Жер сілкінісінің ошағы қаладан оңтүстік-батысқа қарай 848 шақырым жерде орналасқаны айтылды. Абырой болғанда жағдай қайталанған жоқ. Ал өңірдің не себепті сейсмикалық аймаққа кіретіні жайында ашық ақпарат жоқтың қасы.
Сейсмология институты әзірлеген Қазақстанның сейсмикалық картасы облыстың Шиелі және Жаңақорған аудандарының бір бөлігі сейсмикалық белсенділік аймағына кіретінін көрсетті.
Бір бөлек мәселе – мұнай-газ кен орындары, онда өндіру процесінің өзі ұзақ жылдарға созылатын болса, салдары көп. Мәселен, Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Құмкөл кен орнында осыдан төрт жыл бұрын 5 баллдық жер сілкінісі тіркелген. Енлі Құмкөл мен бірнеше елді мекенді сейсмикалық апаттан қорғау мәселесі тұр.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қазақстанда 40 мың жер сілкінісі, 66 сейсмикалық оқиға тіркелген.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
08 сәуір 2023 ж. 262 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930