Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалқаулық орға жығады

Жалқаулық орға жығады

Өзара сыйластығымыз мол жолдас жігіттің ағасының үйінде болдық. Сексеннің сеңгіріне шыққан, әдемі шоқша сақалды қарияның қимылы әлі де ширақ. Мезгілінде темір жол бойында жолшы болып еңбек етіпті. Шойын жолдың суығына тоңып, ыстығына күйіп шыңдалғаны сезіліп-ақ тұр.
Амандасып, жөн-жосық сұрасып болғаннан кейін адам жатырқамайтын ақкөңіл ақсақал:
– Ел басына бұлт үйріліп, Ұлы Отан соғысы басталған жылдары туғанбыз, – деп сыр тиегін ағытты. – Сөйтіп бұғанамыз қатпай жатып бейнетке белшеден баттық. Үлкендермен қатар жүре егін егіп, мал бақтық. Балалық дегенді білмей, ерте есейдік. Шаршап-шалдықсақ та бәріне көндік. Ал, осы күнгі жастарымыздың бойында жігерліліктен гөрі жасықтық басым тәрізді.
Біз осы жерге келгенде сөзге араласып:
– Ақсақал, өйтіп бәрін де жоққа шығарғаныңыз шындыққа сәйкес келмес, – дедік.
Өткір кездерімен біздің жүзімізге тікірейе қараған ол желпіне сөйледі:
«Бөрік кигеннің намысы бір» деп қазіргі жастарды қорғаштап, ара түспей-ақ қой. Ел ішінде жүргесін бәрін де көріп-біліп жүрміз...
Өткен жылы жақын ініміздің баласы мектеп бітірді. Жоғары оқу орнына бара алмады. Бас сұға қоятын жұмыстың да ыңғайы кездесе қоймады. Сөйтіп ауылда екі қолын қалтасына салып, біршама уақыт бос жүрді.
Бір күні сол жігітіміз ата-анасына:
– Астанаға барып, құрылыс жұмыстарына араласайын. Біраз жолдас- жораларым сол жақта жаман болып жүрмеген көрінеді, – деп көңіліндегі мақсатын айтады.
Әке-шешесі ұлының талабын қуана қоштап:
– «Талап – талмас қанат» деген. Өйтіп талпынып, тіршілік жасаймын десең, жолың болсын! – десті.
Ұлына ақ тілегін жаудырып, елордасы – Астанаға аттандырды. Көп ұзамай, одан: «Құрылыс жұмысына орналастым. Жағдайым жақсы» деген хабар да жетті.
Баласының өздеріне қолғанат болғанын ойлағанда әке-шеше көңілі теңіздей шалқып, төбелері көкке жеткендей болады. Арада үш ай дегенде бәрі де құмға сіңген судың кейпіне енді...
Кешкілік Қызылорда жақтан жеткен «Ақтөбе-Алматы» пойызынан түскен Күмісбай күлімсіреп кіріп келіп тұр. Үй-ішіндегілер әдепкіде үрпиісіп қалды. Артынан өз баласын танып, әке-шешесі мәре-сәре болысты.
– Астананың ауа райы жақпады. Сосын ауылға қайтуға бел будым, – деді Күмісбай жайбарақат күйде.
Сол жігіт қазір әр күнін босқа өткізіп, ата-анасына масыл болып жүр.
Оны айтасың, үйленіп, бір-екі балалы болған жігіттердің әке-шешесіне немесе мемлекет тарапынан берілетін азын-аулақ жәрдемақыға қарап, әрекетсіз жүргені көптеп ұшырасады. Олар аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін-ақ жастар.
Жастық – алаулаған от. Сондықтан кім-кім де болса, бұл кезде жақсылыққа талпына түссін. Отбасын асырап, тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін пайда келтіретін ізгі істермен айналысса екен. Өйткені жалқаулық кім-кімді де орға жығады, ол ешкімге пайда бермейді», – деп сөзін түйіндеген сырбаз ақсақал «бұған не айтасыңдар» дегендей түр танытып, үнсіз қалды.
Теміржолшы қарияның көңілге қонымды әңгімесі отырғандардың бәріне терең ой салды.
Сахи ҚАПАР
20 сәуір 2018 ж. 3 330 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 107

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930