Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөсіпірімдер қылмысы жиілеп тұр

Жасөсіпірімдер қылмысы жиілеп тұр

Мектеп жасындағы жасөспірім оқушылардың қылмысқа бой ұруы – жақсы құбылыс емес. Алайда қылмыс жасаған жасөспірімдерді «олар не істеп жатқанын білмейді» немесе «жақсы мен жаманды ажырата бермейді» деп орынсыз ақтау опа бермесі белгілі. Бүгінде жастарқылмыстықа көбіне өз-өзін таныту немесе есесін қайтару мақсатында барып жататынын айтады көбі. Сондай-ақ кейде қылмысы үшін түрлі себептермен жазаланбай қалу жастарды тым еркінсітіп жіберетіні де жасырын емес. Себебімен күреспей, салдары жойылмайтынын ескерсек, алдымен балаларды қылмысқа не итермелейтініне үңілуіміз керек-ақ.Бұл бір ғана себеппен түсіндірілетін шаруа еместігі тағы аян.

Полиция пәрменсіз қозғалмай ма?
Ең әуелі жасөспірімдер қылмысы мен заң бұзушылықтарының аудандағы ахуалын білмек болып жергілікті ішкі істер бөліміне барған едік. Сондағы ювеналды полиция тобының аудан бойынша кәмелетке толмағандармен жасалған құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың 2022 жылдың 11 айындағы ахуалымен бөліскен еді. Шыны керек, жыл ішінде көрсеткіші саны жаға ұстатарлықтай.
2022 жылдың 11ай көлемінде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты 12 бабтың әртүрлі бөліктері бойынша үш жүзге жуық заң бұзушылықтар орын алған. Мәселен, ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабының екінші бөлігіне сәйкес екі жүз жиырма үш дерек анықталып, олардың заңды өкілдеріне ЮПт-ң учаскелік инспекторларымен ескерту жасалды. Бұл заңды өкілінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-06:00 дейінгі аралықта болуы бойынша болып отыр. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабының үшінші бөлігіне сәйкес 25 дерек тіркелген. Тиісінше олардыңзаңды өкілдеріне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айппұл салынды. Бұл жасөспірімдердің кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген іс-әрекет еді. Одан бөлек, профилактикалық және тізімдік есепке он төрт кәмелетке толмаған жасөспірім тізімге алынған.
Қазір қылмыс немесе бірнеше рет құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарды және тәрбиесімен айналыспайтын ата-аналарды тізімдік және профилактикалық есепке алу бағытында жұмыстар атқару барысында қылмыспен қайталанған құқық бұзушылықтар орын алмаған деседі. Әр аптаның үш күнінде мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, ата-аналар комитетімен бірлесіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен рейдтік жұмыстар да жасап тұрмыз. Онда қала, аудан көлемінде жастар мен кәмелетке толмағандар көптеп шоғырланатын орындарда жастарға және түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен тұрғын үйден тыс жерлерде жасөспірімдердің жүрмейін қадағалаймыз. Басқа да, дүкендердің кәмелетке толмағандарға темекі және алкоголь өнімдерін сату деректерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып жүр.

Көргені жаман болған соң...
Ғаламтор желісінің әсері ғаламат екенін жоққа шығара алмаймыз. Кісі өлтірушілердің немесе қылмыстық топтың беделді мүшесінің ерекше өмірін дәріптейтін көрініске толы фильмдер көрінгенге еліктеп тұрар жасөспірімдер психикасын бұзбай тұрмайды. Кент тұрғыны, көпбалалы ана Айшолпан мұның барлығы ата-ана жауапсыздығы мен оңды-солын танымаған жасқа уақытын да бөлмеуінен де пайда болатын мәселе екенін айтты.
– Ата-аналар баланы сөзбен емес, өзінің іс-әрекетімен тәрбиелейтінін ескере бермейді. Мәселен, бір ата-ана екіншісіне әлеуметтік желілердің бірі арқылы баласының үнемі ғаламтордан бас көтермейтінін айтып зар қағамын деп, өзі сол баласының көзінше ғаламтордан шыға алмай жатқанын аңғармайды. Жанұядағы тәрбие жұмыстарынан кеткен осындай қателіктер, кемшіліктер жинақталып келіп, қоғамдық тәрбиедегі қателіктерімен байланысып, жасөспірімдердің тәртібін одан әрі шиеленістіре түседі.
Отбасы бала тәрбиелеуде ерекше мәнге ие. Ешкім де бала үшін ата-ананың қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды. Сондықтан баланы ұрсып, керісе отырып емес, оны тыңдай біліп және келісе отырып тәрбиелеу маңызды, – дейді көпбалалы ана Айшолпан Қайратовна.
Қалай десе де, жастың жастықпен жаза басуының негізгі себебін отбасыдағы тәрбиеден іздейтініміз қазақы қалып. Ал бүгінде отбасы тәрбиесінің әлсіреуіне қоғамдағы жұмыссыздық, күнкөрiстің төмендеуi әсер етіп отырғанын да айта кету керек.

Белсенді жас – қоғам беделі
Жасөспірімнің өзіне, қоғамға пайдалы іспен айналыспауынан бос уақытының көптігі, күні бойы бос жүру ғаламтор мен әлеуметтік желіге қолжетімділігі қылмыстық әрекеттің алғышартын қалыптастырады. Сонымен қатар бос жүрген жас айнала қоршаған ортаның кері ықпалына тез түсетіні тағы бар.
Осы орайда, қазалылық жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында көптеген іс-шаралар мен ауқымды жобаларды қолға алып жүрген жастар орталығына жолыққан едік.
– Бүгінгі таңда жастар орталығында 10 маман болса, оның жетеуі тікелей жастармен жұмыс жасайды. Сондай-ақ Қазалы қаласында да арнайы орталық үздіксіз жастар игілігіне жұмылуда.
Жалпы Жастар ресурстық орталығының негізгі мақсаты өздеріңіз білетіндей аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға, оның ішінде қылмыстылық іске бет бұрып кетпеуін қадағалап, оларды қоғамға тарытп, бірелсіп жұмыс жасау.
Жоғарыда аталған өмірдің соқпақ жолына елітпеуге, жастарға арналған 10 жобамыз да бар. Оның ішінде, дебат, волонтерлық, мобилаграфия, сурет және әкелер мен аналарға және жұмыссыз жандарға арналған үйірмелер мен бағдарламалар жүзеге асып келеді.
Әрине мұның барлығы 100 процент жастарды қамти алмағанымен жақсы нәтижесін, жемісін беруде. Алдағы уақытта да бұл істер толастамайды.
Естеріңізде болса өткен жылы «Жастар керуені» атты жобамен елді-мекендерді аралағанбыз. Биыл да сол жобаны қолға алып, одан әрі жандандыруға жұмыс жасаймыз.
Одан бөлек, жастар орталығы маңынан ойын алаңын салуға арнайы жоба-сметасын әзірлеп қойдық. Биыл бұған да қаржы бөлінсе, аудан жастары игілігін көрмек.
Тағы басқа да, кешкі рейдтік жұмыстарды да назардан тыс қалдырған емеспіз. Олар жұма, сенбі және жексенбі күндері жүргізіліп отырады, – Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбектов.

Жаман орта жарға жығады
Бала тұлғалық деңгейде қалыптаспағанға дейін жаман ортаға ғана емес, өзге діни ағымға да қосу оңай. Мұны болдырмау үшін психологтар баланы ерте жастан бастап үй жұмыстарына баулып, жауапкершілік алуды үйретуге кеңес береді.
– Отбасында, мектепте өзін түсінбейтін адамдарды таппаған бала қайда барады? Көшеге. Көшеде уақыты көп, спортпен шұғылданбайтын балалар жүреді. Олардың өмірге деген көңілі толмайтыны анық. Барлығы қарсы. Мұндай ортаға тап болған баланың жаман жолға түсері сөзсіз.
Жалпы үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған бала пазл секілді болады. Оның әр бөлігін дәлме-дәл қойып, құрастыру ата-ананың қолында. Тиісінше дұрыс құрастыра алмай, жасөспірімнің нашар ортаға бейімделуі де соған байланысты.
Тағы бір айта кететіні, өтпелі шақтағы бала шылым шегу, жаман әдеттерге әуестігінің бәрі қазіргі көгілдір экраннан көріп жүрген фильмдер әсерінен де бар. Дәлірек айтсақ, сол фильмдегі жақсы емес жаман кейіпкерге еліктеуі.Байқасаңыз, бұрындары теледидардан кез келген жанрдағы кинода залым кейіпкер жәбірленушіге қол жұмсағанын көруге жүрегіміз дауаламаушы еді. Ал қазіргі жастарға сол көріністер қарапайым, күнделікті дүниеге айналған. Яғни, бүгінгінің арналарында цензура жоқтың қасы.
Еліміздің әрбір жасы – мемлекетіміздің болашағы. Олардың тәрбиесіне, өміріне мән беріп, немен айналысатындығына, кімдермен байланыста екендігіне, бос уақытын қалай өткізетіндігіне назардан тысқары қалдырмау керек екенін ұмытпайық,– дейді психолог Салтанат Ерланова.
Қорынытдылай келе, жастардың өміріне қатысты барлық жағдай елеусіз қалмауы керек. Өйткені ел үшін кез келген жастың өмірі мен тағдыры бәрінен қымбат. Оның қалыптасуына, өмірде дұрыс адам болып өсуіне қоғам болып жұмылуымыз қажет. Жалпы барлық жұмыстарға мазмұндық һәм сапалық өзгерістер ауадай керек. Ең бастысы, кез келген баланы қылмыс әлемінен алшақтатудың, соның құрығынан құтқарудың жолдарына аса мән беруіміз керек.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
11 қаңтар 2023 ж. 261 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031