Қамқорлық – қайырымды қоғамның қағидасы
Қоғамның қай дәуірінде болмасын, ауқатты адамдар жоқшылық пен жетпеушілік көріп отырған адамдарға қолдау көрсетіп отырған. Ол жүйесіз түрде жекелеген адамның бір жолғы көмегі немесе діни ұйымдардың демеуі арқылы жүзеге асырылған. Уақыт өте келе ол мемлекеттердің қалыптасуымен қатар дамып, әлеуметтік қорғау жүйесіне айналды. Яғни қазіргі кездегі әлеуметтік қорғау ұғымы қалыптастырылды.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі жыл бойына берілген жоспарды жүйелі аяқтады. Барыстың 12 айында мүгедектермен жұмыс секторы бойынша «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына байланысты атқарылған жұмыстары қыруар көрінеді.
Мүгедектермен жұмыс секторы мамандарының мәліметіне сүйенсек, аудан көлемінде биыл қаңтар айына мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 3233-ке жетіп тұр. Солардың қатарында 273-і I топтағылар, 1203-і II топтағы, 1296-сы III топтағы жандар болса, 130 бала 7 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулілер санатында. Сондай-ақ 7-18 жас аралығындағы І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек балалар есебі 331-ді құрап отыр. Осылардың арасынан 2260 адам мүгедектігіне байланысты оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтылған.
Мамандардың айтуынша, «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына байланысты әлеуметтік қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білім беру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасауға арналған бірқатар шара атқарылды.
Атап айтқанда, былтыр Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесіне жеке оңалту парағы бойынша жолдамамен 42 мүгедек жіберілді.
– Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына байланысты санаторий-курортқа емделуге әлеуметтік порталы арқылы санаторий-курорттық қызмет көрсетуші шипажайларды өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы таңдалып, 120 мүмкіндігі шектеулі адам демалды. Олардың жеке оңалту бағдарламасына сәйкес міндетті гигиеналық құралдарға, сонымен қатар қосымша техникалық көмекші құрал жабдықтарға республикалық және аудандық бюджеттерден өткен жылға бөлінген қаржыға сәйкес қомақты қаржы бөлініп, сол ақшадан 851 адамға гигиеналық құралдары жеткізіп берушілермен төлем жасалды. Аудандық пошта байланыс торабы арқылы үйлеріне жеткізілді.
Сонымен қатар бағдарламаға сәйкес протезді-ортопедиялық, тифлотехникалық құрылғылар мен арнаулы жүріп-тұруға арналған және сурдотехникалық құралдар 687 адамға жеткізіп берушілермен пошта байланыс торабы арқылы тұрғылықты жеріне апарылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тірек қимылы бұзылған немесе жүріп-тұруы қиын және көру қабілеттері нашарлаған адамдарға үш «Инватакси» көлігімен 3961 тапсырыс қабылданып, тұрақты қызмет көрсетілді, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мүгедектермен жұмыс секторының меңгерушісі Өмірбек Кетебай.
Бұдан бөлек тірек қимылы бұзылған және психоневрологиялық диагноздарымен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес «Шапағат» мүгедек балаларға күндізгі жартылай стационарлық жағдайдағы оңалту орталығында 21 балаға арнайы қызмет көрсетілді. Жүріп-тұруы қиын І топтағылар үшін жеке көмекшінің қызметіне, ымдау тілі маманының қызметін қажет ететін мүгедектігі бар 196-сына мамандар бөлінді.
Сектор меңгерушісінің мәліметінше, аудан көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасыларын әлеуметтік қолдау мақсатында барыс жылында жинақталған мәліметтерге сәйкес 5735 аз қамтамасыз етілген тұрмысы төмен отбасылары мен мүгедектерге қаржылай және азық-түлік, қатты отын беру, баспасөз газеттеріне жазу және кәсіпкерлердің демеушілігімен қайырымдылық көмектері жасалды. Жаңа жылдық мереке ұйымдастырылып, жаны жабырқау балаларға сый-сияпат тарту етілді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА