Кемшілік кедергі болмауы керек
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деген ұстанымды Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері қатаң ұстанады. Өйткені олардың басты мақсаты – мүгедек жандардың жағдайын оңтайландыру, міндеті – мемлекет көрсетіп жатқан көмекті тиісінше теңдей үлестіру.
Бүгінде ауданда мүгедектігі бойынша 3234 азамат мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алып отыр. Олардың 258-і бірінші, 1197-сі екінші, 1314-і үшінші топ мүгедегі. Сондай-ақ 7 жастан 18 жасқа дейінгі 465 мүгедек бала бар. 7 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны 123. Мүгедектігі бар 3234 адамның 1986-сы мүгедектігіне байланысты оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтылған.
Тиісті сала мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, осы мүгедектігі бар адамдардың ішіндегі 29 жасқа дейінгі жастар саны 288 адам, яғни 11 процентті құрап отыр.
– Мүгедектігі бар жастардың жеке оңалту бағдарламасына байланысты әлеуметтік қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білім беру, жұмысқа орналастыру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасауға арналған жұмыстар атқарылуда.
Үстіміздегі жылдың 8 айында Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесіне 3 мүгедектігі бар жасқа жолдама берілді. Санаторияға өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы таңдаулары бойынша 10 мүмкіндігі шектеулі жас демалуға жіберілді.
Міндетті гигиеналық құралдар жөргек, сіңіргіш жаялық, нәжісқабылдағыш, несіпқабылдағыш, тері тазартқыш және тағы басқа қажетті заттарға «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы 39 мүгедектігі бар жас тапсырыстарын беріп, қол жеткізді.
Осындай мүгедектігі бар жастардың жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын 1- топтағы жеке көмекші қызметін қажет ететін 29 жасқа дейінгі 4 мүгедекке жеке көмекші қызметі көрсетілуде, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев.
Жүріп-тұру қабілеті бұзылған протезді-ортопедиялық құрылғыларды қажет ететін 24 жанға ортопедиялық таяқ, балдақ, жетек арбалар, ортопедиялық аяқ-киім берілген. Көру қабілеті бойынша зағип жандарға арналған тифлотехникалық құрылғылар синтезді ноутбук, диктафонды телефон, сағатпен 6, арнаулы жүріп-тұру құралдары жасөспірімдерге арналған кресло-арбалармен 4, есту, сөйлеу қабілеті бойынша ымдау тілі маманының қызметімен және сурдотехникалық құралдар қосымша компенсаторлық құрал-жабдықтармен 3 мүгедектігі бар жас қамтылған.
Қоғам үшін адамның бәрі бірдей. Алайда жастайынан тағдыр тауқыметіне тап келген мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандардың өмірге бейімделуі, білім алуы, еңбек етуі, кәсіп игеріп шығуы оңай емес. Мұның барлығы үлкен қамқорлықтың, зор қолдаудың, тынымсыз баулудың арқасында ғана іске аспақ. Мүгедектер мәселесі бүгін ғана пайда болған жоқ, бұрыннан өзекті. Ал бүгіндері мүмкіндігі шектеулі азаматтар өзгелермен тең дәрежеде қызмет істеу, білім алу құқықтарына ие болып отыр.
Мәселен, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 203 мүгедектігі бар адамдар жұмыс іздеуші ретінде хабарласып, тиісті орынға тіркелген. Оның 47-сі тұрақты жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда 3 адам жеке кәсіпкерлерге, 5 адам ЖШС және ТОО, 1 адам мектепке, 1 адам СТК мекемелеріне жұмысқа орналасқан. Ал Жастар практикасына 4, әлеуметтік жұмыс орнына 4, ақылы қоғамдық жұмысқа 49 мүмкіндігі шектеулі азамат жіберілген. «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізде 62 жан оқыса, оның 11-і жас. Мемлекеттік грант 9 азаматқа бұйырған.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА