Мүмкіндігі мол орталық
Кез келген қоғамда, даму дәрежесі қаншалықты жоғары болғанына қарамастан, әлеуметтік қиындықтар болып тұрады. Осының салдарынан, қазіргі кезде әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырған мүмкіндігі шектеулі балалар күннен-күнге көбеюде. Әрине, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп, әлеуметтік тұрмысқа баулуда, ата-ана мейірімімен қатар, мұғалім және психологтың тарапынан шексіз мейірімділіктің қажеттілігі бірден айқын байқалады. Қоғамда осындай ерекше жандар соқтығысатын олқылықтың алдын алып жүрген арнайы орын да бар. Ол – бұл іске үлкен жауапкершілік пен төзімділік, сонымен қатар кәсібилік танытып жүрген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі.
Тәжирбесі мол бөлім «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына байланысты әлеуметтік қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білім беру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасау сынды істерді күн тәртібінен түсірген емес.
Қазіргі таңда аудан көлемінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүмкіндігі шектеулі жандар көп-ақ. Олардың барлық жиынтығы – 3229 құрап отыр. Оның ішінде I топтағы мүгедектер – 263 болса, II топта – 1203 және III топта – 1300 жан бар.
Ал 7 жасқа дейінгі ерекше балалар саны – 130, 7-18 жас аралығындағылар I топтағы – 45 бала бар екен. Келесі дәл осы жастағы бірақ II топтағы балалар саны – 45 болса, 7 жастан кәмелет жасқа дейінгі жас аралығындағы III топта – 243 балалар тіркелген.
Мұндай ерекше жағдайдағы балалар әлеуметтік қызметкер мен арнайы логопедтерден бөлек мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарына да барып, ем-дом қабылдап тұрады. Мәселен, ағымдағы жылда Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесіне жеке оңалту парағы бойынша жолдамамен 50 мүгедек оңалтуға жіберілген. Онда бала көңілін ауламақ мақсатта тәдірибелі мамандар түрлі шаралар ұйымдастырумен қоса жоғарыда айтқандай ем-дом, арнайы массаждарды да жасайды.
Сондағы санаторий-курортқа емделуге мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бағдарламасына сәйкес арнайы портал арқылы тиісті қызмет көрсетуші мекемеге С.Бабанаев бастаған ұжым жолдамаға ниетті жанның ЭЦҚ-сы арқылы таңдап, жібереді. Биыл осындай санаторий-курортқа 115 мүмкіндігі шектеулі азамат дем алуға мүмкіндік алған.
Одан бөлек, ерекше жандарды жеке оңалту бағдарламасына сәйкес арнайы құрылғығы мұқтаж жандар жағдайы да қарастырылған. Дәлірек айтсақ, протезді-ортопедиялық құрылғылар – 363, тифлотехникалық құрылғылар – 171 адамға, арнаулы жүріп-тұру құралдары – 71 және сурдотехникалық құралдар – 37 адамға жеткізіп берушілермен төлем жасалып, аудандық пошта байланыс торабы арқылы үйлеріне жеткізілген.
– Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға көптеген көмек пен жеңілдіктер қарасытырылған. Солардың бірі – «Инватакси» қызметі. Бұл қызмет бойынша тұрақты түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетілуде. Қазіргі таңда бірнеше азаматымызға осы тасымал түрін белгілі күнтізбесіне сай енгізіп қойдық.
Сонымен бірге «Шапағат» мүгедек балаларға арналған күндізгі жартылай стационарлық жағдайдағы оңалту орталығының есігі де арнайы қызметті қажет етуші жандарға айқара ашық.
Жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің қызметі мен ымдау тілі маманының қызметі бойынша арнайы мамандар бар.
Осыған сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына» байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
«Мүгедектерді оңалту бағдарламасына» сәйкес жеке оңалту парағы берілген 120 мүгедек балаға 8 түрлі қызмет, яғни әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік- медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық сынды үйден арнаулы әлеуметтік қызмет те қарастырылған, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев.
Серік АҚМЫРЗА