Отшашу опық жегізбесін
Әне-міне дегенше 2022 жылдың тәмамдалар уақыты таяп қалды. Енді аз күннен соң жаңа жыл есік қаққалы тұр. Ағымдағы жылды аман-есен еңсергенімізді тойлар мерекеге де қызу дайындық басталып кетті. Бұл күннің ерекшеліктері тәтті бәліш, жақындарымызға түрлі сыйлықтар сыйлау мен отшашу екенін бәріміз білеміз. Алайда мерекеге сән қосатын, көңілге қуаныш сыйлайтын көздің жауын алар отшашуларды пайдалану барысында жыл сайын қаншама адам жарақат алып, күйіп қалу сынды түрлі жағдайларға тап болып жатады.
Бұрын көгілдір экраннан ғана көретін неше түрлі отшашулар, бүгінгі таңда кез келген сауда орындарынан табылатын қолжетімді затқа айналған. Біршама уақыт бұрын отшашулар тек үлкен мерекелік іс-шараларда қолданылса, қазіргі кезде туылған күн, үйлену, қызға ұсыныс жасау сынды жекеменшік мейрамдардың басты сәніне де айналған.
Бұл зиянды жарылғыш заттардың кеселі тек адамдарға ғана емес, сондай-ақ көктегі құс пен жердегі жан-жануарларға да зиян екен. Әлемдік статистикаға көз жүгіртер болсақ, өткен жылы Италия елінің астанасында мереке қарсаңында толассыз отшашулар орын алған. Нәтижесінде қала маңын мекендеген жүздеген құстар қырылып, көше бойы қалың құстар мәйітіне толған.
Осындай келеңсіз жағдайларды болдыртпай, оның алдын алу үшін, пиротехниканы пайдаланғанда аса мұқияттылық пен сақтық таныту керек.
– Иә, жалған отшашулардың болуы мүмкін. Олардың дайындалу технологиялары дұрыс емес және сертификациядан өтпеген. Абайламасаңыз, отшашу уақытында іске қосылмай мерекелік көңіл күйді бұзуы мүмкін.
Мұндай жалғандыққа ұрынбау үшін көшеден немесе базардан отшашу құрылғыларын алмағаныңыз жөн. Арнайы дүкендерден сатып алғаныңыз жөн. Отшашудың дұрыс дайындалғанына көз жеткізу үшін қаптамасын тексеріңіз, сонымен бірге нұсқаулық орыс тілінде немесе мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Дайындалған күні, сертификацияланғандығы туралы ақпараттарды да тексере өткен абзал.
Мереке қарсаңында тиісті орындар осының барлығын жіті бақыласа екен дейміз. Әйтпесе қарапайым отшашудың кесірі тиіп, майып болып жатқан жандар көп-ақ, – дейді кент тұрғыны Азамат Серікұлы.
Бұдан бөлек, «Отшашудың салдарынан көз жарақатын алған», «Петарда атамын деп қолын күйдірген». Жаңа жыл қарсаңында осындай себептермен ауруханаға түсетіндер көп. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі балалар. Ақ халаттылардың айтуынша, бұған балақайлардың от шашуды дұрыс қолданбауы себеп болып отыр. Бұған бала-шағамен аулада, көп қабатты үйлердің балкондарына жиналып алып, отшашу «атуды» берік дәстүрге айналдырып алған ата-аналардың да кінәсі бар дейтін ата-аналарда жоқ емес. Бұған қатысты:
– Мереке қарсаңында отшашудан жарақат алып, ауруханаларға түсетін жандардың басым бөлігі балалар. Көбіне үй жағдайында орын алатын жайттың себебі ата-ананың балаға фейрверктің қаншалықты денсаулыққа қауіпті екенін түсіндіріп, тыйым салудың орына оны өз еріктерімен сатып алып, қолына ұстатуынан болады. Нәтижесінде оң-солын танып үлгермеген балақайлар қайғылы жағдайға душар болып, аурухана төсегіне таңылады. Сол үшін ең әуелі ол жарылғыш заттарды балаларға беруден аулақ болу қажет.
Егер осындай жағдай орын алса дереу жедел жәрдемге хабарласыңыз. Ал ол келемге дейін, күйік жараға салқын басып, зардап шеккен аймақты салқын судың астына шамамен 15-20 минут қойыңыз. Су мұзды болмауы керек.
Күйік жараны құрғақ әрі таза дәкемен таңып, байлаңыз. Дәке залалсыздандырылған болса жақсы. Оның мөлшері күйікті толығымен жабатындай болу қажет. Дәкені тым қатты тартып қою қажет, – деген пікір білдірді Айнұр Алтынбайқызы.
Негізі елде отшашу мен жарылғыш заттарды қолдану бойынша заңды талаптар бар. Мәселен, қоғамдық тәртіпті түнгі 11-ден кейін бұзу ережесі отшашуға да қатысты. Жұмыс күндері кешкі 10-нан кейін елдімекендерде шу шығаруға болмайды. Яғни, егер сіз отшашуды жұмыс күнінде 22:00-ден кейін ұйымдастырсаңыз сізге тыныштықты бұзғаныңыз үшін айыппұл салынуы мүмкін. Әкімшілік кодекстің 436-бабына сәйкес, айыппұл 2020 жылы жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш немесе 13 890 теңгені құраған. Ал өткен 2021 жылы осы және басқа айыппұлдар құны өскен.
Бұл жаза пиротехниканы дұрыс емес жерде қолданғаны үшін салынуы да мүмкін. Нәтижесінде түнде пиротехникалардың жарылуы немесе отшашулар үшін қазақстандықтар жалпы сомасы 69 450 теңгеге дейінгі жазаға тартылуы мүмкін.
Алайда ең бастысы жақыныңыздың аман-саулығы. Сол үшін мереке немесе атаулы күндерде көздің жауын алар отшашулар ұйымдастырар болсаңыз, барлығын ереже мен заңды талаптарына сай жасағаныңыз абзал.
Серік АҚМЫРЗА