Жаңа жылда жарылқаудың жолы қайсы?..
«Самарқанның көк тасы еріп», құт-берекенің жаршысы болған Наурыз мерекесі келді. Ал мұндайда мейрамның тиімді тұсын пайдалана білген сауда үйлері түрлі жеңілдік жасап, тұтынушыларды көптеп тартудың тәсіліне көшеді. Сырт көзге тауарды өткізудің амалы болып көрінгенімен, бұл қадамның белгілі бір деңгейде халыққа мерекелік көңіл күй сыйлайтыны жасырын емес.
Біздің қазақта 22 наурызда ағайын-туысты, көрші-қолаңды аралайтын дәстүр бар. Жеңілдіктері бар сауда дүкендерінен сыйлық алады. Дастарқанға керек-жарағын қамдайды. Шыны керек, жаңа жыл қарсаңында жеңілдіктер маусым 1 ай бұрын басталып, мерекеден кейінгі 2 аптаға жалғасады. Ал Ұлыстың ұлы күнінде мұндай алашапқын байқала қоймайды.
Сонда да болса, коммерциялық ұйымдар соңғы жылдары Наурыз мейрамының да мән-маңызын ескеріп, мерекеге орай түрлі маркетинг қадамын жасап жатады. Соңғы уақытта дүкендер желісінің түрлі жеңілдіктер өткізетіні жиілеп кетті. Акция аясында сауда орындары сауда жасаған тұтынушыларға пайыздық не қомақты ұтыс ойнатады. Техникалық дүкендер де «Жеңілдіктер түні» сияқты арнаулы акциялар ұйымдастырып тұрады. Тіпті ұлттық киім-кешек, тағамдар ұсынатын кәсіпкерлер Наурыз қарсаңында түрлі маркетинг қадамы арқылы тұтынушылардың назарын аударуға тырысады. Бұл орайда халыққа тиімді жеңілдіктер жүйесін жолға қоя алғандар ғана көпшіліктің көңілінен шығып, нарықтағы бәстен дараланбақ. Бұдан бөлек, халықтың төл мәдениетіне ден қоя алған сауда орындары бір оқпен екі қоян ата алады. Маркетологтер Наурыз сияқты ұлттық мейрамдарда түрлі маркетинг қадамына бару кәсіпкерлерге мол табыс әкелумен бірге халық арасында беделге ие болуға да ықпал ететінін айтады.
Маркетинг саласында эмоционалды маркетинг қадамы деген ұғым бар. Бұл жақсы әсер қалдырған компаниямен, қызмет көрсетушімен жұмыс істеуге құштарлықты білдіреді. Мәселен кез келген жергілікті жердегі мейрамханаларда мұндай кезде ондағы қызметкерлер ұлттық киім киіп, ішін соған сай безендіретін болса, мұның өзі кәсіпкерге үлкен олжа. Осыдан соң келетін адамдардың да қарасы қалыңдайды. Өйткені ол жер мейрамға сай безендірілген. Демалуға қолайлы болады. Осылай-ақ мейрамхана келушілерді баурап алды. Бұл мысал сәтті маркетинг қадамының нәтижесін көрсетеді.
Қазір елде сауда-саттық компаниялары өте көп. Сәйкесінше, олар тек Жаңа жылда ғана жеңілдіктер жасамай, Наурыз қарсаңында да маркетинг қадамына барса, ол қадам өзін-өзі міндетті түрде ақтар еді. Мұнда ұлттық мейрам деп тауар мен қызметтің санаулы ғана түрімен шектеліп қалмағаны дұрыс. Мейрам мен соның алдындағы қарбалас бизнестің 90 процентіне ықпал етеді, – дейді мамандар.
Рас. Бірнеше жыл бұрын ауданда орталық көшелердің бірінен «Муслим» тамақтанатын орыны ашылған. Ә дегеннен онда бас сұғушылардың қатары артты. Ол қатарда біз де болдық. Өйткені ондағы дизайн бірден елітіп әкетті. Мейрамхана ішіне тігілген киіз үй, ұлттық нақыштағы киімдер. Міне, осылардың барлығы онда ағылған жұрттың көңілінен шықты. Бұл да болса кәсіпкердің жаңа тәсілге көшіп, қаржы түсірудегі ұтымды жолы.
Мамандар ұлыс мерекесі кезінде серпін алатын кәсіптің түріне ұлттық киімдер мен ас-су ұсынатындарды жатқызуға болатынын айтады. Мәселен, ұйымдастырылатын көпшілік іс-шараларда ұлттық киіммен дараланғысы келетіндер киімнің дәл осы түрін тігетін шеберханалардың жұмысын жандандырады. Бұл күндері ою-өрнекпен әрленген киімдерді сататындар мен жалға беретін кәсіп иелерінің саудасы жүреді. Сонымен қатар мәзірінде ұлттық тағамдар мен сусындар бар дәмханаларға да сұраныс артады. Маркетинг қадамдары ұлттық брендпен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің екінші тынысын ашатыны даусыз. Алайда ауданда мұндай дүкендерді кезіктіру қиын.
Байқасаңыз, соңғы жылдары біздің елдегі сауда орталықтары көптеп ұйымдастыра бастаған «Қара жұма» шарасы да жалпыхалықтық сипатқа ие болғаны жасырын емес. Ол жергілікті жерде талай мәрте болды. Кәсіпті одан әрі ширату үшін олар өнімдерін қолжетімді бағаға ыңғайлайды. Осылайша қажетті зат алғысы келетін тұрғындар да қараша айындағы «Қара жұманы» асыға күтеді.
АҚШ-тан бастау алған бұл акцияның атауы жеңілдіктер жасалатын күн деген мағынаны береді. Сондықтан болса керек, америкалықтар оны қайырымдылық күні ретінде қабылдайтын. Американың ұлттық сауда-саттық федерациясының мәліметінше, дәл осы күні дүкендерге асығатындардың саны 200 миллионнан асып жығылады екен. Олар орта есеппен 400 долларға сауда жасайды. Біздің елдегі осы күні жасалатын жеңілдіктер аз қаржы түсірмейді. Бір ғана кенттегі «Мечта», «Sulpak» сынды ірі сауда орындары «Қара жұмада» әлде қайда қаражатты иемденеді. Тіпті бұған дейін бір аптада түстетін ақшаны сол күні табады десек артық емес.
Қалай десек те, мерекеге әркімнің өз жоспары бар. Біреулер бұл күндері отбасы-ошақ қасында демалып, ағайын-туыспен қауышуға асықса, екіншілері мерекелік көңіл күйді табыс табудың тетігі ретінде қарастырады. Ал кәсіпкерлер мейрам күндердегі табыстың кілті сәтті маркетингте екенін көрсетіп отыр.
А.БАҚЫТҰЛЫ