Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескі жылдан тәтті естелік

Ескі жылдан тәтті естелік

Күнтізбеден келер жылдың төбесі көрініп тұр. Бұл мезгіл бар адамзат баласы бір мезет сиқырға сеніп, келе жатқан жаңа жылдан керемет күтетін сәт. Жаңа жыл тұсында жасалатын ырым мен жоралғының орны бөлек. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демей ме қазақ? Бұл мерекені әлемнің әр түкпірінде тойлап, жұрт шаттыққа кенеледі. Қазақстанда ше? Мейрамның біздің жерде тойлануына көпшілік қарсы. Бүгінде «Атаңа нәлет! Мына шал қайдан шықты! Жаңа жыл біздің мейрам емес!» деп жүргендердің бірсыпырасы бұрын бұл мерекені тойламады емес, тойлады. Ал ертеректе қалай болып еді? Арғысын білмеймін, дегенмен өзімнің балалық шағымдағы жаңа жылды көз алдымызға елестетейін.
Ұмытпаппын. 2003 жыл. Қылышын сүйретіп қыс келді. Жаңа жылға аяқ басқалы отырмыз. Әкем таңертең ерте тұрып, қырау басқан терезе қарап:
– Қандай керемет, ә! Бүгін 31 желтоқсан, жаңа жыл. Дала тамаша болып тұр. Мерекеде қар да басып тастапты ғой. Балам, қалың қымтанып ал, есік алдын ашып, отын бұтайық. Әйтпесе, үй іші азынап барады. Ошақтағы көмір де басылып қалыпты. Сосын көңілді кешке дайындалайық, – деді.
Ақырындап пештің үстіндегі темір құманды алып, қанжылым суға дереу жуындым да, қуысқа кептіріп қойған киімдерімді үстіме іліп алдым. Қайбір әкеме қолғабыс болуға шықты дейсіз, бір қолыма кіреберісте тұрған шанамды іле кеттім. Бар ойым – жиналған қар үстінен төмен қарай сырғанау. Қар тізеден. Әкем айырдың ортасына шағын төртбұрышты панерді салды да, жан-жаққа жол ашуға кірісті. Ал мен кіршіксіз бала көңілмен жаңа жылдың басты кейіпкері Аяз атаны асыға күтіп, сыйлықтарды ойлап ұшып-қонып жүрмін.
Барлық жұмыс бітті. Ошақта от жанып, шәйнек бұрқырап қайнап тұр. Барлығы қызу дайындыққа кірісіп кетті. Анам үйдің ішін әдемілеп безендірсе, отағасы бір бұрышқа ойыншықтармен өрнектеп шырша орнатты. Оның үстіне бізге қарап:
– Аяз атадан қандай сыйлықтар күтесіңдер?, – деп мәз қылып қояды.
Кеш қарайды. Көптен күткен үлкен мейрам да келіп жетті. Төр бөлмеде мерекелік дастархан жайнап, шырша жарқырап тұр. Әрбір келген қонақтардың әкелген сыйлықтарына қарық болдым. Сағат 00:00 де Елбасы көк жәшіктен Қазақ еліне деген жылы лебізін білдіріп жатқанда, мен, қалың ұйқыға кетіп, жаңа жылдың қалай өткенін сезінбей қалдым. Әйтеуір ертесіне, ата-анамнан «Аяз ата келді ме?» деп сұрағанымда «Ақшақар екеуі келіп еді, сенің ұйықтап жатқаныңды көріп кетіп қалды» деп, ойымды сан-саққа жүгіртті. Ал сыйлық, жөніне қалды. Өкінішті, енді жаңа жылды тағы 1 жыл күтуге тура келді. 364 күн күткен мерекені оймен сезініп рахат алатын қайран балалық шақ десеңізші?! Міне, мендегі бұл мерекеге деген көзқарас осылай қалыптасты. Ал қазір аталған мерейтойды тойлау жылдан жылға бәсеңдеп кетті. Оған қоса оның біздікі емес екенін айтып, шоқпар ала жүгіретіндер көбейді.
Әсілінде бұл күні отбасыңмен дастарқан басына жиылып, бір-біріңе деген ақ тілектерді жауғызғанда тұрған не бар?! «Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деп отыратын қазақ әр жаңа күннен, айдан, жылдан жақсылық күткен. Сондықтан келер жылдан көп несібе күтіп, жорамал жасау бізге жат емес секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

А.БАҚЫТҰЛЫ
01 қаңтар 2022 ж. 689 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930