Еңбектерімен елеулі
Дана Абай: “Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың төресі сол. Егер ісім өнсін десең – ретін тап”, – дейді өз өсиетінде. Бұл кеңесті жанына жалау қылған жанқожабатырлық Майра Шарап атасынан дарыған қасиетті жұмысынан тыс уақытта дамытып, жандандырып отырады. Кезінде атасы Шарап ауылға белгілі етікші әрі тігінші болған. Әжесі Оралбике де құр алақан емес. Жүн иіріп, алаша тоқыған, киіз басқан.
Бүгінде Майра ата-әжесінің еңбекқорлығын бойына сіңіріп, үйренген өнерді қажетіне жаратып жүр. Атап айтқанда, ауыл адамдарына қыз жасауын, бесікке салатын бұйымдарды, құрақ құрап, көрпе көктейді, жүн иіреді.
– Жұбайым Жолшы екеуміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Олардың алды жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Үлкен қалада болған соң күнделікті жүріп-тұруына қаражат керек. Сондықтан жұмыстан келген бойда ауылдастарымның тапсырысын орындаймын. Қыста шұлық, бас киім, қолғап тоқимын. Қолдағы ұсақ малдың қырқылған жүнін тастамай, жақсылап жуып-тазалап кептіремін. Дайын болған жүнді иіріп, қажетіме жаратамын. Кезінде алаша мен кілем тоқып, киіз басатынмын. Қазір базарда дайын дүниелер толып тұрған соң ол бұйымдарды ешкім алмайды, – дейді қолөнерші апа.
Оның айтуынша, барға қанағат қылып еткен еңбегіне белгілі баға қоймайды. Шамасына қарай бергенін алады екен. Барынша жан-жағына көмек беруге жақын тұрады. Тіпті індет жайлаған кезде қолдан маска тігіп, әріптестерімен бірге тегін таратыпты. Бетпердені қат кезінде сатқан кезде де арзан бағада ұсынған. Балаларын да мейірімділік пен еңбекқорлыққа бейімдеген. Үлкен қызы Алматыда үйінде отырып тұтынушылардың тапсырысын орындайды. Ол да тігіншілік өнерін бойына дарытқан.
Қай кезеңде болмасын қазақтың ұлттық бұйымдары өз құндылығын жойған емес. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен тұрмысқа қажетті мүліктерді шебер орындайды. Қазір де атадан мұра болып қалған бұл өнерге деген қызығушылық артып келеді. Мұндай іспен айналысу үшін үйрену қиын емес, тек қолдың ептілігі қажет дейді ісмер. Өткеннің өнегесін бүгінге жеткізген осындай қолөнер шеберлерінің дүниесі өз маңыздылығын жоймасы хақ.
Қазір халық талғамы жоғары. Сондықтан да қолдан жасалған дүниелерге құмар келеді. Сондай үйдің сәнін келтірер өнімге сұраныс көптігін байқаған жандар өз шеберлігінің арқасында кәсіппен айналысуда қолға алуда. Осындай қол еңбегімен айналысып, қосалқы табыс табу мақсатында белгілі бір істі дамытып жүрген жастар баршылық. Солардың қатарынан шығып, адал еңбекпен пайда тауып, кәсібін өрлетіп отырған жас Нұрлан Құмарбаевтың шеберлігінде де шек жоқ.
Нұрлан мектеп бітіре сала жиһаз сататын дүкенге жүк тасушы болып орналасады. Ақкөңіл жігіт сауда үйінің заттарын тасумен қатар, жиһаздарды құрысуға көмектесіп те жүрді. Бұл оған қиынға соқпады, себебі әкесі Жалғасбек кәнігі ұста болған. Одан дарыған осы өнері ақырында нақты бір кәсіппен айналысуына жол ашты.
Қазір жас кәсіпкер ағасы Маратпен бірлесіп, шағын цех ашты. Күні бойы ағаш кесіп, сұранысқа сай заманауи жиһаз жасай бастайды. Олар есігі жылжымалы шкаф-купені түрлі дизайнда дайындайды. Үйдің сәнін келтіретін соңғы үлгідегі бұл жиһаз талғамы жоғары тұтынушылардың көңілінен шығатын көрінеді. Бұдан бөлек, көне дивандарды жаңалап, қаптайды. Көрпе жинайтын шкаф пен киім іліп, аяқ киім қоятын түрлі тұрмыстық дүниені сапалы жасап береді.
«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қолдан келгенше еңбектеніп жүрмін. Қазалы көлік-техникалық колледжінде оқып, машинистің көмекшісі мамандығын игеріп шықтым. Дегенмен, қазіргі кәсібіме ерекше ден қойдым. Еткен еңбегіме қарай тапқан табысым да жаман емес. Шүкір, тапсырыс берушілер қатары көбейіп келеді. Арнайы сұраныспен қонақүй мен сұлулық салондарына қажетті жиһаздар жасадым. Дүкен иелерінің талабы бойынша зат қоятын сөрелер құрастырдым. Сондай-ақ, туған күнге арналған естелік сый мен суреттерге рамка салуды да қолға алдым. Әдемілік үшін жарға ілетін айналардың жиегін рамкілеймін», – дейді ағаш шебері.
«Ұстамен жақын болсаң ісің бітеді» деген. Нұрланға тапсырыс бергендер тиянақты ісіне риза болып, алғысын білдіріп жатады. Уақыт өте оның қызметіне қайта жүгінетіндері де бар. Жас кәсіпкер бір күнде бар болғаны 3 адамның ғана тапсырысын алып қала алады. Өйткені, адам қолы жетіспейді. Ол мемлекет қолдауынан үмітті. Қаржы алып, бұл ісін дамытып, ұлғайтқысы келеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА