Көп қорқытады, терең батырады
qazaly.kz. «Көптің аты қашан да көп», көпшілік іспен де, күшпен де, санымен де, барымен де әрдайым үстем. Бірақ бір ескеретіні, мәселе сапалы көпшілікте. Саны бар да сапасы болмаса, ондай көпшіліктің барынан жоғы жақсы, әйтпесе «құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деп ата-бабамыз еріккеннен айтып кетпеген. Бабаларымыз басынан өткенді ұрпағы қажетіне жаратар ма екен деп соңына қалдыра берген. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас», «У ішсең руыңмен» дейді. Әйтеуір, қандай нақыл айтса да, өмірдің өзінен алынғаны айдан анық.
Қай заманда да ел басқарғандардың естісі де, есері, данасы да, дүмшесі болған. Ертеректе уәзірлерінің желіктіргеніне өзін-өзі сондай данышпан санайтын есерлеу хан ерігіп оңашада ойға кетіп отырып, күндердің күнінде бұл өмірден өтетін болса, артында ел аузында «пәлен деген хан айтып кеткен екен» дейтіндей даналық өсиет сөз қалдыруды қиялдапты. Қолындағы билік қиялын жүзеге асыруға итермелеп, тыныштық тапқызбай табан астында уәзірлерін сапқа тұрғызып, сондай бір елде ешкімнің аузынан шықпаған даналық өсиет сөз ойлап табуға тапсырма береді. Хан айтқан соң жан қалсын ба, ақ дегені алғыс. Қара дегені қарғыс деп қағида қылып алған, сөз мәйегіне мән беріп көрмеген байғұс уәзірлер қанша ойланса да, ой түбіне жете алмай шерменде болыпты. Қол астындағы халқын аралап, хан тапсырмасының түйінін іздесе де, ондай өсиет сөздің табылуы мүмкін болмапты.
Содан салы суға кеткен уәзірлер ілгері басқан аяқтары кері кетіп ілбіп келе жатса, көлдің жағасында бір қария отыр екен. Жандарынан түңіліп, әбден көздері қарайған уәзірлер «әй, жасарын жасаған, асарын асаған, көпті көрген, өсиет сөзді бір білсе осы шал біледі дейік хан иеме» деп, байғұс шалды дедектетіп ханның алдына алып келіпті. «Ал шалым, осынша жасқа бекер жетпеген шығарсың, кейінгілерге ғибрат болатын сөз мәйегінің майын тамызып бер маған, әйтпесе тура осы жерде басыңды аламын» депті хан. Шал әрі ойланады, бері ойланады, қанша ойланса да ой түбіне жете алмай, ханнан үш күнге мұрсат сұрайды. Хан рұқсат береді. Жан пидаға аманатқа айырбасталған үш күн де зымырап өте шығады.
Қариядан хабар болмаған соң, уәзірлерін ертіп хан өзі іздеп келе жатса, сол көлдің жағасында салы суға кетіп отырған шалды көреді. «Ал қане, айтатының бар ма ?» деген ханға үнсіз басын шайқапты. «Үш мәрте суға батырыңдар, соған дейін тапсырманы орындамаса батырып өлтіріңдер» дейді есерсоқ хан қаһарына мініп. Уәзірлер үш рет суға батырып соған дейін ештеңе айта алмаған шалды төртінші рет батырайын деп жатқанда «таптым, таптым ондай сөзді, босатыңдар» депті жанұшыра. Хан бұйрығымен жағаға шығарылып, есін жиғызып сөйлеуге рұқсат берілгенде әрең дегенде өзіне-өзі келген шал,«көп қорқытады, терең батырады» деп жөніне кете беріпті. Даналық сөзді есер хан «менен қалған» деп көпке таратқанымен, бүгінгі күні бұл тәмсіл халық қазынасы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді.

Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті