Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаны алдау

Ағаны алдау

Б.Мергенбаев атындағы гимназиядан Жанқожа батыр мектебіне 7 сыныпта ауысып бардым. Әкеден ерте айырылған бала көңілі әдебиетке, бояулы шығармаларға ынтық бола бастаған кезі. Алғашқы тебіреністен туған ана туралы өлеңді әдебиет пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Райхан Сәдуақас апайыма оқып бердім. Сол сәттен бастап қара домалаққа тәлімгер болып, түрлі мүшәйраларға қатыстырды.

Мектеп бітіруіме 1-2 жыл уақыт қалған болуы керек, кезекті сайысқа арнау өлең жаздым. Бұл ақын Рүстем Жанаевтың мерейтойына байланысты ұйымдастырылған мүшайра екенін білемін. Бұрынғы оқушылар үйінің бірінші қабатындағы акт залға кіріп, жас ақындардың жанына жайғастым. Үстіне ақ мата төселген үстелге жайғасқан үшеудің ортасында аққұба реңді Жетіскен Мәкеналының табиғаты шығармашылыққа бейімірек көрінді. Үлкендер дас­тархан басында жиі айтатын ақын, жазушы, зиялы тұлғамен алғашқы кездесу бұйырған күні сайыстың бас жүлдені жеңіп алуыммен қатар есте қалды.
Бұдан кейін де ағамыз басшылық еткен «Қазалы» газетіне жиі бас сұғатынмын. Мектеп қабырғасында жүріп, әр түрлі тақырыпты қаузап, шимай-шатпағымды паңдана апарып, тапсыратынымды қайтерсің?! Газеттің келесі санында корректордың түзетуінен өткен мақаламды оқып, іштей намыстанып, сәлден кейін бала «былығы» басылым бетіне шыққанына шынайы масаттанғаным да сол қалпы есте. Осындай бір күні марқұм көкемнің қабылдауына келдім. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, шала материал жазып жалыққанымды, басқа жанрда қалам тербегім келетінін айттым. Үйден Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музейдің қызметкерлеріне қоятын сұрақтарымды көрсетіп едім, түзетіп берді. Сол сұхбат газет бетіне жарияланғандағы 15 жасар баланың қуанышы өзіне жетіп-артылатын еді. Қателеспесем, 2011-дің жаңа жылы болуы керек, сұхбаттың қаламақысы салынған мерекелік құттықтауды анама әкеліп ұстатқанымда қуаныштан көз жасына ерік беріп еді.
Жетіскен көкеммен соңғы рет мектеп бітірер уағымда кездестім. Кабинетінде қабағын қадап тұрып: «Журналистикаға оқуға түсесің бе?» деп тосыннан сұрақ қойды. Бұл кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мемлекеттік грант жеңу әркімнің қолынан келе бермейтіндіктен физика пәнін таңдап қойған едім. Көкемнің көңілін жығудан қорықсам керек, «ия» деп, өтірікті соға салдым. Кейін оқу бітіріп келгеннен кейін ешбір мектеп жас маманды жұмысқа алуға құлық танытпады. Қайта айналып, редакцияға түйіндемемді тапсырдым. Аяулы ақынның өмірден өткеніне жылдан асып бара жатқан кез. Бірнеше ай тәжірибеден өттім. Сол тұстағы бас редактор Дәурен Омаров тілші етіп, жұмысқа қабылдады.
Туған жердің туын көтеруге ғұмырын арнаған, тұтас жұртқа «Қазалы вальсін» шырқатқан Жетіскен көкеме айтқан сөзім өтірік болмады. Алланың қалауы, ағаның қасиет қонған тұлғасы қарадомалақтың берген жауабын шындыққа айналдырды. Бүгінде Жетіскен Мәкеналы ұзақ жылдар еңбек еткен редакциядағы тірліктің ізін жалғап, нанын жеу бұйырып отыр. Адам пешенесі өмірде кездес­кен жандардың ықылас-пейілімен өрнектеліп, жазылатын секілді көрінеді. Сөзде кие бар. Мұндай сөзді бойына қасиет қонған адамның ғана аузына салса керек. Пейішің жарық болсын, Жәке аға!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 қазан 2022 ж. 289 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031