Есімі ел есінде

Жетіскен Мәкеналы 1952 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды ауылдық Кеңесіне қарасты «Қожабақы» ауылында дүниеге келген. Ақынның өлең-жырға құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. Алғаш рет сүйікті ұстазы, ақын Ф.Омаровқа еліктеп өлең жазуға әуестенеді. Алғашқы өлеңдері аудандық «Ленин туы» және республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінде жарияланады.
1971 жылы Қызылорда медицина училищесін ойдағыдай бітіріп, бірінші санатты фельдшер дәрежесімен денсаулық саласында он екі жыл қызмет атқарды. Дәрігерліктің қыр-сырына қаныққаны соншалық бар жауапкершілікті бір өзі өткерген. Қаншама науқасқа жедел медициналық көмек берген. Дегенмен жаны шығармашылықты қалаған ол 80-інші жылдары Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп шығады.
Шығармашылық еңбек жолын 1983 жылы 5 мамырда Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінің бөлім меңгеруші қызметінен бастаған. Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық тіл басқармасының бас маманы, аудан әкімі аппараты ішкі саясат секторының бас маманы, Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінің аға ғылыми қызметкері, Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінің директоры, аудандық «Қазалы» газеті МКК директоры-бас редакторы міндетін атқарушы, Бас редакторының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.
Қазақстан Журналистер одағының, КСРО Журналистер одағының мүшесі.
Ж.Мәкеналы ұзақ жылдар бойы өлке тарихын зерттеумен айналысқан. «Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалы», «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы», «Асандар көтерілісі», Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметі, жастарға рухани тәрбиесі туралы «Мен – Ғанимын», «Ғани тағылымы» атты кітаптары мен «ХХІ ғасырға аманат» атты жыр жинағы жарық көрген.
Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Қызылорда облыстық партия комитетінің «Құрмет грамоталарымен», Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, Қазалы ауданы әкімінің «Алғыс хатымен», «Қызылорда облысына 70 жыл» және «Қызылорда қаласына 190 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Аяулы әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырмандары мен оны білетіндердің жүрегінде ұзақ сақталады.Қасиетті Қазалы топырағында мекен еткен ақын-журналист Жетіскен Мәкеналының есімін ел-жұрты лайықты мақтан тұтады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА