Нұрлы ғұмыр
Осындай тақырыпта ақын, журналист, қоғам қайраткері Жетіскен Мәкеналының 70 жасқа толуына орай әдеби сазды кеш өтті. Оны 25 қазан – Республика күніне арнаған Ж.Жабаев атындағы №234 мектебінің Бастауыш сынып пән бірлестігінің мүшелері ұйымдастырды. Айтулы басқосуға ақынның жары Марияш Марданқызы арнайы шақыртылып, төрден орын берілді.
Кездесу барысында кеш қонағы зейнеткер журналист Сахи Бахиұлы Жетіскен Мәкеналының шығармашылық қасиеттері мен адами ерекшеліктері жайлы сөз етті. Қазалы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев ақынның бар болмысын, жазған жыр жолдарынның қоғамда алар орнын ашып берді. Әрбір шығарған өлеңінің шумақтарына тоқталып, айналада болып жатқан тіршілікті жанамалап келтіретін өнеріне тәнті екенін жеткізді. Ақынның өлеңдерін оқығанда шабыттанып, рухани демалатынын да жасырмады. Ауданның тыныс-тіршілігінен шет қалмай, бел ортасында жүретін ерекше жауапкершілігін атап өтті.
Сонымен қатар Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Әбілқасым Роман да Жетіскен Мәкеналымен алғаш танысуы мен бірге жанында жүрген күндерін айрықша толғаныспен еске алды.
«Қазалым қазынасы халқымның» деп жырлаған ақын поэзиямен егіз дүниеге келген іспеттес. Оның жиырмасыншы ғасыр қойнауында жазып кеткен мұңды, сырлы жырлары тілге бірден оралатын күнге де жеттік. Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Қазақ қазақ болғалы ұрпақ жадында өзіне өзі сөзден ескерткіш сомдаған біртуар ұлылар бар. Данышпан Абай, абыз Жамбыл, отты Махамбет, жұлдыз Сұлтанмахмұт, тұңғиық Мағжан, Құлагер Ілияс, дауыл Қасым сияқты тұлғаларымыздың асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары қазақ халқының рухани әлемін байытқан үстіне байыта түсті. Солардан кейін қара өлеңнің көш керуенін қара нардай алға сүйреген биігіміздің бірі – Жетіскен екендігі ақиқат. Себебі оған халық «Қазалының ардақтаған арысы» деген айдар тақты.
«Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді» деген. Жетіскен Мәкеналы – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын. Арамызда ақын жоқ, бірақ жыры, шығармалары мен жыр сүйгіш ұрпақтары сақталғандығы тілге тиек болды.
Әдеби сазды кеште «Қазалының ардақтаған арысы» атанған Ж.Мәкеналының барлық еңбегі тұтастай ұсынылды. Оның еңбектерін өткен ғасырдың екінші жартысындағы, жаңа ғасырдың бірінші онжылдығындағы қазақ елінің рухани дүниесін, тұрмыс-күйін, арман-мүддесін, тарихи тұрғыдағы ұлттық портретін шыншылдықпен хаттаған асыл мұралар қатарына жататындығы паш етілді.
Шығармашылық кездесуде оқушылар ақынның жырын толғаса, ұстаздар әннен шашу шашты. Мерекелік тарту ретінде келушілерге сый-сияпат ұсынылып, Марияш Марданқызына ақ жаулық тағып құрметке бөледі. Мұндай ізеттілікке риза болған ол өмірлік серігінің жазып кеткен ойларын, бүгінгі, болашақ ұрпақтың бәріне айтылған ақыл-өсиеттері екенін айтып, алғаусыз алғысын жеткізді. Мектеп оқушыларының тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауабын берді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА