Ата-анаға құрмет – балаға міндет
Бір отырыста жасы елуді еңсеріп қалған әйел адам: «Балаға анау әкең, әке деп айт, мынау анаң, ана деп айт деп үйреткен абзал. Өткен жұмада жақын туысымыз бақилық болып, көңіл айтуға бардық. Сонда қыздарының бірі: «Мама деп бір рет те атамады-ау» деп ағыл-тегіл. Сөйтсем, бала кезінен әке-шешесін атымен атап кеткен екен. Есейген соң «мама-папа» деуге аузы үйренісе алмаса керек, өле-өлгенше сол дағдымен кетіпті», – деп күрсінді.
Бұл әңгімені естіп ойланып қалдым. Шынында да өз әке-шешесін атымен атайтындар арамызда жоқ емес. Әсіресе, ата-әжесі бар отбасыларда жиі кездеседі. Бұған кім кінәлі? Былдырлаған сәбидің бал тілі бала кезінде тәтті естілгенімен, есейген кезде ата-ананы атымен шақыруы ерсі көрінеді. Бұл ретте оқырмандар былай дейді.
Бұл әңгімені естіп ойланып қалдым. Шынында да өз әке-шешесін атымен атайтындар арамызда жоқ емес. Әсіресе, ата-әжесі бар отбасыларда жиі кездеседі. Бұған кім кінәлі? Былдырлаған сәбидің бал тілі бала кезінде тәтті естілгенімен, есейген кезде ата-ананы атымен шақыруы ерсі көрінеді. Бұл ретте оқырмандар былай дейді.
Дина ҚАЛАСҚЫЗЫ, ата-ана:
– Баланың әке-шешесінің атын атағаны дұрыс емес деп ойлаймын. Баланың ата ананы мойындамауы, екі жақты тәрбиеде өсуі осыдан басталады. Тұңғыш баланы ата әжесінікі деп бауырына салып, аға-жеңеше деп айтқызу немесе атымен ататқызу әсіресе ауылдық жерлерде белең алады. Бұл сөзімді ата-әженің тәрбиесіне күмән келтіру деп түсінбеңіздер. Екеуі екі бөлек дүние.
– Баланың әке-шешесінің атын атағаны дұрыс емес деп ойлаймын. Баланың ата ананы мойындамауы, екі жақты тәрбиеде өсуі осыдан басталады. Тұңғыш баланы ата әжесінікі деп бауырына салып, аға-жеңеше деп айтқызу немесе атымен ататқызу әсіресе ауылдық жерлерде белең алады. Бұл сөзімді ата-әженің тәрбиесіне күмән келтіру деп түсінбеңіздер. Екеуі екі бөлек дүние.
Мен өзім де тұңғыш баламды ата-әжесінде қалдырғанмын. Жұмыс жасаймыз деген желеуіміздің сол кезде баламның жүрегіне қандай жара салғанын есейе келе әңгімелескенде ұқтым. Әр бала өз ата-анасын анам, әкем деп танып, солай атап өскені дұрыс. Ата-әжелер немеремсің деп өз рөлдерінде болса нұр үстіне нұр болар еді.
Айгүл ТІЛЕУМБЕТОВА, психолог:
– Баланың ата-анасын өз атымен атауы көбінесе отбасындағы тұңғыш балаларда кездеседі. Қазақ халқында тұңғыш баланы ата-әжеге беру дәстүрі бар. Ата мен әженің тәрбиесін көріп өскен бала әдет-ғұрып, салт-дәстүрге жетік, үлкенді құрметтеп, ойы зерек, мейірімді болады.
Дегенмен дәстүр біреу болғанымен бұл жағдай әр отбасыда әртүрлі қалыптасады. Жақында Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабын оқыдым. Апамыз: “Қайсыбір әжелер өзімсініп немересіне “Сені өзім тудым, менің ғана баламсың” деп құлағына құйып, онымен қоймай әке-шешесін боқтатып, аттарын ататқызып үйретеді. Осының бәрі баланың болашағына үлкен кедергі келтіретінін өзімшіл ата-әже ескермейді. “Бұрын туған бұрын өлсе” ата-әже өмірден өткенде бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жапанда жалғыз қалғандай сезінеді. Іші біліп тұрса да өз ата-анасына жуықтай алмай қиналады”. Оның сөзінше, саналы ата-әже сәбиді анасының ақ сүтінен ажыратпайды, баланы біржола бөлек әкетіп өгейсітпейді, ата-анасын білгізіп өсіреді. “Тек тәрбие тізгінін қолдарына алады” – дейді жазушы.
Баланың әке-шешесін атымен атауы өсе келе бала психологиясына қатты әсер етеді. «Анашым», «әкешім» деген сөздер де психологиялық тұрғыдан эмоциональды байланыс бар, яғни, жылылық, махаббат, мейірім, сүйіспеншілік сезімдері бар екендігін ескерсек, осы байланыстан бала ажырап қалады.
Мұндай балалар ересек өмірде өздеріне тірек болатын, күш-жігер беретін махаббаттан кенде қалады. Баланың құндылықтары деформацияланады. Кейін де отбасының құндылығын түсінбейді. Бала жалтақ болып өседі. Бұл жағдайдың соңы баланың туған ата-анасын мойындамауына алып келеді.
Шалабай ШАЛТАЕВ, кент тұрғыны:
– Менен үлкен үш әпкем бар. Төртеуміз де анамыздың атын айтамыз. Әкемді «тәте» деп атайтынмын. Үйде ата-әжеміз болды. Сол кісілердің ықпалы болды деп ойлаймын. Есейе келе ыңғайсыздық тудырады екен. Қазір орта жасқа жақындадық. Анамды көргенде қалай атарымды білмей қиналып қаламын. Соңғы уақытта «апа» деп атап жүрмін. Анамның да бұған еті үйренбеген. Көп жағдайда «апа» дегеніме қарай бермейді. Бөгде біреуге айтып жатыр деп ойлап қалатын шығар. Менен кейінгі інім мен қарындасым папа, мама деп атайды. Соларға қарап кейде іштей біртүрлі боламын.
Осы жағдайдан кейін өз баламның анасын ана, әкесін әке деп атауына қатты мән бердім.
Ата-әжеміздің баласы болғанда ешкімнен, ештеңеден кем болмадым.Олардың өсиет сөздері, тағылымды тәлім-тәрбиесімен қазіргі таңда өмірден өз орнымды таптым деп ойлаймын.
Қазір әкем марқұм өмірден өтті. Қазір көзі тірі болғанда әке деп атар едім. Кейін келе ойлап жүрмін, әке деп атағанымды бір естіп кеткенде ғой деп.
Айнұр СЫДЫҚ, мұғалім:
– Бала тәрбиесі басты міндетіміз дейтін болсақ дұрыс қарым-қатынас жасауына мән беруіміз керек. Анасы дүниеге баланы әкелген соң, дұрыс сөйлеуіне, тәрбиесіне жауапты болуға міндетті. Көп жағдайда «Бұл кемпір-шалдың баласы ғой» деп балаларының ерсі іс-әрекеттерін еркелікке балайды. Бұл дұрыс емес. Тіпті анасын жаман қылып көрсетіп отыратын ата-әжелер де бар. Көпке топырақ шашпаймын, дегенмен «Шешеңе жабысып қалыпсың ғой. Бар соның баласы бол» деп отырған қарияны көзіммен көрдім. Былай қарағанда үйреншікті әңгіме секілді. Алайда оның бала психологиясына кері әсерін тигізетінін сезіне бермейміз.
Әжесі немересін тәрбиелеп, анасының атымен атап қарым-қатынас жасағанына үзілді кесілді қарсымын. Өсе келе өз баласының атымен атағанына ана жүрегі ауырады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА