Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Баланы жастан...» дегеннің байыбын білсек...

«Баланы жастан...» дегеннің байыбын білсек...

Біз мінген автобус кезекті аялдамаға тоқтар тоқтамастан жеті-сегіз жастағы бала алдыңғы есіктен жүгіре кірді де бос орындықтарды жағалай келе, шығар есік жанындағы биіктеуінде отырған өзіндей балаға:
– Түс, мен отырамын! – деді бұйыра сөйлеп.
Тез тұра қоймаған бала оның анасына қарады. Ол кісінің жақтап тұрғанын байқағасын орнын босатты. Бірақ әлгі балаға кекті көзімен қарап, төмендеу орындыққа жайғасты.
Бұл жағдайды көрген жолаушы келіншектің бірі:
– Балаңыз шустри екен, – деді күлімсіреп.
– Иә, қазіргі заманның ұрпағы емес пе? Өздерінің ойлағанын, айтқандарын орындатады. Ауырушаңдау болғасын еркелетіп жібердік пе, психологқа апарғанбыз. Екі жыл болды сол мамандардың кеңесімен тәрбиелеп жатырмыз. Олардың айтуынша, бұл жаста баланың бетінен қақпау керек екен. Өткенде бір ойыншықты интернеттен көріп, байбалам салғасын шетелден почта арқылы алдырып бердік, –деді еркетотайдың анасы.
Бала анасының жанындағы әйел үндемеді. Басын шайқады да қойды.
Осы кезде автобус келесі аялдамаға тоқтады. Әлгі жеткіншек адамдарды кимелей, үлкен-кішіге қарамай баса-көктеп алдымен түсуге ұмтылды. Атам қазақ «Әйелді бастан, баланы жастан» деуші еді. Шамасы осы тәрбие қазір ескіріп, ескерусіз қалып бара ма? Осы ой көңіліме келді.
Мен психолог, педагог та емеспін. Заңгермін, зейнетке шықтым. Жасым жетпістен асты. Қазіргі жағдайды түсінбеуім де мүмкін.
Мен баланың бетінен қақпауды мына жағдайда мақұлдаймын.
Үш-төрт жасар бала үстел үстіндегі сағатқа қызыға қарады. Сырт-сырт етеді. Бетінде бірдеңе (секундтік тіл) зыр айналып тұр. Білгісі келеді. Ана жерін бұрайды, мына жерін бұрайды. Сағат бұзылады.
Жазғы жаңбыр толасыз себелейді. Үш-төрт жасар бала үшін қызық. Кішкентай тамшыдан көп су пайда болып жатыр. Санын шапаттап жүгіреді, құлап тұрады. Үсті батпақ па, су ма оны елемейді де. Мәз-мейрам. Бір-ақ үстіндегі қымбат (қазір балалардың барлық киімі қымбат қой) киімі былғанған.
Бұндай жағдайда (және осыған ұқсас жайттарда) ата-ананың сабырлы болуы, балаға кешіріммен қарауы керек-ақ. Бұндайда ұрысу шынында беттен қағу болады. Ата-ана айқайлап қатты кейісе, бала білгісі келіп тұрған затқа, ұнаған нәрсеге қызығушылығын жоғалтуы мүмкін.
Үлкенді сыйлаудың, жақсы мен жаманның, мейрімділік пен қатыгездіктің, әке мен шешенің орнын ажырата білуді жас баланың бойына сіңіру, беттен алып, пәтін қайтару болмаса керек.
Керісінше психологтар баланың психологиясын жете зерделеп, жасына, психикалық ерекшеліктеріне қарай жас кезінен бойында қалыптасуына кеңес берсе екен деймін.
Баланың айтқанының бәрін қалтқысыз орындау ше?
Жақсы, мүмкіндігі болғасын жаңағы келіншек баласының талап еткен нәрсесін шетелден болса да алып беріп отырған шығар. Бір күні ол бала «айды алып бер» деуі мүмкін ғой.
Балғындар өнерге қызығушылық танытып, сонымен айналысуға талпынуы мүмкін. Музыкаға бейім болса қалаған аспабын, сурет салуға әуестенсе соған қажетті құралдарын, бірдеңелерді құрастыруға бейім келсе, қажетті заттарын қымбатсынбай (мүмкін қарызданып болса да) алып беріп жатқан ата-аналарды түсінуге болады. Бұл міне, шындығында баланы бетінен қақпау. Ол ертең сол мамандықтың иесі бола ма, жоқ па мәселе баланың талабын қолдау, талантын ашуға көмектесу.
Психологтар ата-анаға баланың кез келген талап еткен нәрсесін алып беруді (айтқанының бәрін орындауды) емес, әрбірінің мінез ерекшеліктеріне қарай сондай жағдайдан көңіліне тимей, қалай шығып кетудің (орынсыз талабын орындамауды) үйретсе дұрыс болар еді.
Мектепте мұғалімге қарсы сөйлеген ұлына риза болған ата-ананы да көрдім. Баланың өз ойын іркілмей айтуға дағдыланғаны дұрыс та шығар. Мүмкін мұғалімнен де қателік кеткен болар. Сонда да мектептің ішкі тәртібі мен мұғалімді сыйлауды баланың есіне салып, істің мән-жайын зерделеп, жатқан ата-ананы көрмедім. Оған баласының «батырлық көрсетіп», мұғалімге қарсы шыққаны маңызды немесе мақтаныш болғаны ма?!
Автобустағы орнын босатып берген баланың құрдасына үлкен адамдарша ызғарлы кейіппен қарағаны менің есімнен көпке дейін кетпеді.
Балаға тәрбиенің жас кезінен бастап берілгені, ата-ананың өзіне абырой, қоғамға көмек. «Баланы жастан...» бұл сөздің мағынасы да, мәні де ескірмеуге тиіс.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті
18 тамыз 2020 ж. 892 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930