Бабын білсең, бақша да байлық
Майдакөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Алмасбек Ыбырайұлы балаларын ерте жастан еңбекке баулыған. Қазіргі таңда әке жолын қуған балалары да өзіне қолғабыс жасап жүр.
Жастайынан еңбекке ерте араласқан ақсақал зейнет демалысына шықса да қарап отырмайды. Жыл сайын ағайын-туыс және бала-шағасымен бірге ауыл іргесінен жер алып, бақша егеді.
Дихан ағамыз биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмады. Ерте көктемнен бастап 7-8 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, жаз бойы бел жазбай еңбек етті. Ерте көктемнен басталған тынымсыз тіршілік еш кеткен жоқ.
Бүгінде Алмасбек Нәукенің бақшасы жайқалып өсіп тұр. Арықтардың жиегінде піскен қауынның иісі мұрынды жарады. Бүгінде балаларынан артылған қауын-қарбызды аудан орталығына апарып, көтерме бағада өткізуде. Жазғы демалысқа Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген немерелердің де қуанышында шек жоқ.
Алмасбек Нәуке қауын-қарбыздан бөлек, картоп, жуа, қызанақ, қияр сияқты дақылдарды да еккен. Осылайша қыстай бала-шағасы жейтін бақша дақылдары мен көкөністерді дайындайды. Жаз бойғы еткен адал еңбектің арқасында Алмасбек Ыбырайұлының отбасы бұлардың ешқайсысын сатып алмайды.
– Мен бақша егумен көп жылдан бері айналысып келемін. Биыл да інілерім және балаларыммен бірге бақшаны жыртқызып, қоршап алдық. Бақша егу табандылық пен еңбекқорлықты қажет етеді. Көріп тұрғаныңыздай жаз бойғы еңбегіміздің нәтижесі жаман емес. Қарбыз, қауын, қияр мен асқабақтың шығымы жақсы, – деді еңбек иесі бізбен әңгімесінде. Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА