Бау-бақша – береке бастауы
Бекарыстан би ауылы тұрғындарының негізгі кәсіптерінің бірі жер жыртып, бақша егу. Елді мекен тұрғындары жыл сайын «Құлпыбай» учаскесіндегі бақшада қауын-қарбыз өсіреді.
Әкеден балаға мұра болған атакәсіпті жалғастырып келе жатқан жанның бірі – Азамат Қожақов. Ол шамамен 1,5 гектар аумаққа қауын-қарбыз тұқымын тастаған. Қазіргі таңда бақша өнімдері пісіп, базарда саудалануда.
Азамат Бөрібайұлы бақшалық жерге қауын-қарбыздан бөлек, көкөніс дақылдарын да еккен. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын» жақсы білетін жанның зайыбы Жазира Әбілдаеваның да іске икемі бар екені байқалды. Бақша басында артылған қауын-қарбыздан қауынқұрт дайындап, өнімін тұрғындарға ұсынуда.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бекарыстан би ауылына сапары кезінде Азамат Қожақовтың бақшасына арнайы барып, еңбекқор жігіттің жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ, қолына кетпен ұстаған ағайынға әрдайым қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Бекарыстан би ауылына іргелес орналасқан Ү.Түктібаев ауылының тұрғындары да жыл сайын елді мекеннің айналасына бақша егеді. Басқа ауылдарға қарағанда мұндағы бақшалықта аяқсу арықтары қазылған.
Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Еркін Аймағамбетов мезгілінде Еуропа төрінде Қазалының атын шығарған қара күләбі еккен. Қазіргі таңда қауын пісіп, аудан орталығында сатылуда. Бұл шаруаның ерте көктемде бастаған еңбегінің жемісі.
– Бақшада – береке бар. Күн жылынғаннан отбасымызбен осындамыз. Таң атқаннан қолымызға кетпенімізді алып, кеш батқанға дейін бақшадан шықпаймыз. Соның арқасында қазір мол өнім алып отырмыз. Ата-бабаларымыз «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған. Қазір қауынды аудан орталығына апарып сатудамыз. Одан бөлек балаларымыз да тойып жейді, – деді еңбекқор Еркін Аймағамбетов.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазіргі таңдағы қиыншылықтарға қарамастан атакәсіпті қолға алып, көпке үлгі болған азаматтарға алғысын айтты.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі