Теміржол – қауіпті аймақ
Бүгінгі таңда теміржол үстіне қараусыз малдың шығуынан, жылжымалы құрам алдында жолға адам шығу салдарынан, жол құрылғыларын ұрлау әрекетінен пойыздардың қозғалыс қәуіпсіздігіне жиі қатер төндірілуде.
Биыл жартыжылдықта дистанцияда 4 рет мал басу оқиғасы, 14 рет қараусыз малдың жолға шығу оқиғасы тіркелді. Қазалы жол дистанциясы Аралқұм-Қазалы, Қазалы-Жосалы, Жосалы-Қаракеткен аралығындағы 311,3 шақырым теміржолды қамтиды. Қазалы жол дистанциясының қызметкерлері тарапынан ай сайын жергілікті мал ұстайтын тұрғындармен «Теміржол – аса қауіпті аймақ» тақырыбында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Ағымдағы жылдың 6 айында 3519 мал иелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жол бойында төрт түлікті бағу ережелерімен таныстырылды. Тұрғындарға мүйізді ірі қара пойыздар қозғалысына қауіп туғызып, жол бойында ұсталса, заң жүзінде айыппұл салынатыны және әкімшілік шара қолданылатыны ескертілді. Дистанция тарапынан жол бойының малға қарсы қоршаулары жөнделді. Төртаяқтылар жолға шықпас үшін темір жолдың екі жағы 4-5 қатарлы сыммен қоршалған. Бірақ қойылған қоршау сымдар қараусыз жүрген малдардың темір жолға шықпауына тосқауыл болмай тұр.
– Сонымен қатар бөгде адамдардың, әсіресе балалардың темір жол маңында жүріп және де түрлі заттарды рельс үстіне қойып, не жол құрылғыларын ұрлауға әрекет жасау фактілері де орын алып отыр. Осы айтылған меселелерге сәйкес темір жол бойында орналасқан тұрғындардың назарына, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында өзіңізге қарасты үй жануарларының және туыстарыңыздың теміржол бойында, тұрғындар өтуге белгіленбеген жерлермен бей-берекет жүрмеулерін қадағаласаңыздар оқыс оқиғалардың алдын алар едіңіз. Сондықтан қауіпсіздік шараларын бірігіп жасайық, – дейді Қазалы жол дистанциясының жетекші инженері Ақайша Мусина.
Маманның айтуынша, тас жол мен теміржолдың бір деңгейде қиылысқан тұсы теміржол өткелдеріндегі жағдай да алаңдатады екен. Жабық тұрған теміржол өткелдерінен кейбір автокөлік жүргізушілерінің пойыз алдынан өтіп кетпек әрекеттері де байқалыпты. Енді әрбір автокөлік жүргізушісі тарапынан теміржол өткелінде орын алған жол ережесін бұзу фактілері бойынша мемлекеттік автоинспекцияға мәлімет беріліп отырады. Ай сайын теміржол өткелінде көлік жүргізушілерімен таныстыру жұмыстары да жүргізіледі. Дегенмен нәтиже көңілді көншітпейді. Бұған дәлел осы жылдың мамыр айында Қамыстыбас елдімекені тұсындағы темір жол өткелінде тепловоз бен lada жеңіл автокөлігімен соқтығысқан жол-апат оқиғасы.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ