Бау-бақшаның берекесі мол
Еліміздегі бау-бақша шаруашылығы тарихының тамыры ертеден бастау алады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығының бұл саласы қарқынды жандануда. Өткеннің тәжірибесі мен ақбайлықтардың бау-бақша егу технологиясын қолданып, Қазалының өнімдерін дамытуға құштар жандар арамызда көбеюде. Олардың қатарынан жанқожалық бағбан Мақсат Ордабаев озық тұр. Ол бүгінде жарты гектар жерден халыққа қажетті біраз азықтық тағамдарын өндіріп шығаруда. Еңбекқор жас әуелгіде Ақбайдағы апасының үйінде жүріп, агроном жездесінің жанында бақшалықта қауын-қарбыз, картоп, асқабақ егудің қыр-сырын меңгерген. Өнім шыққан соң жол бойындағы базарда сауда жасаған. Айтуынша, бір жазда 400-500 мың теңге табыс тапқан. Дегенмен бұның барлығы төккен тер мен еселі күш-қуаттың арқасында келеді.
– Бақшаны баптауға 5 ай кетеді. Мамырдан бастап, қыркүйектің соңына дейін бақша басында жүресің. Көктемде ерте қамданасың. Егіндікке дайындалған жерді жыртып, алғашқы дәндерді тастайтынбыз. Бірінші жәмбілшә сосын күләбі мен шытырлақ және асқабақ тұқымы салынады. Сосын картоп егіледі. Егер құмшауыт жер болса, әр 10 күнде, саз араласса 15 күнде мотормен суаратынбыз. Ертерек жәмбілшә екі айда піседі. Шілдеде сатып алғашқы қаражатын көретінмін. Қолға аз-маз қаражат түскендіктен жұмысқа деген құлшыныс одан бетер оянады. Уақыт өте үлкен қауындар тамызда өз жемісін береді. Картоп мен асқабақ қыркүйекте жиналады. Әуелі үйге түсіріліп, қалғаны саудаға кетеді. Қысқа азыққа біраз бөлігі қалдырылады. Өзіміздің еккен азығымыздан ұрықты өндіріп келесі мезгілге алып қаламыз. Осылайша 3-4 жыл бақшаны қалай баптау қажеттігін меңгердім, – дейді Мақсат.
Бүгінде мотоцикл мен жеңіл көлігі бар диқаншы ауылында “Сарынсан” аталатын жерде бау-бақшасын баптап жүр. Асқабақ, жәмбілшә, шытырлақ, күләбі, тор қауын, қарбыз бен картопты молынан еккен. Дегенмен асқабақ тұқымын көптеу сепкен. Өйткені оған сұраныс жоғары. Кәсіпке бейім жастың мәлімдеуінше, асқабақтың алғашқы түйнектері дамып, жақсы өсуде. Бақшаға суды Жанқожаға қарасты үлкен арықсудан алып отырған Мақсат шағын мотормен тартып суарады екен. Әзірге су жағынан кедергі жоқ жеткілікті деседі маңайдағы бағбаншылар.
Талапты табыскер егістігінің сыртын өзі темір сыммен қоршаған. Жиі қарауылдап тұрады. Өз уақытында әкімшілік тарапынан үлестірілген қауынқұртқа қарсы уды он күнде бір сеуіп залалсыздандырады. Егін егерде жерді әкімшілік берген соқасы бар трактормен жыртып алған. Бұлай жұмысын жеңілдеткен билік өкілдеріне алғысы шексіз.
Тынымсыз жігіттің үйінде де шағын бақшасы бар. Онда қияр мен қызанақ, қызылша және болгар бұрышы, сондай-ақ түрлі көкөністер еккен. Қазір ауыл арасында тұрақты тұтынушыларына тапсырыспен сатып пайда табады. Сырттан базардан ештеңе алмайды. Өзінің ала жаздай баптаған табиғи таза өнімдерін қолданады. Бұнымен қоса, қауынқұрт, қауынқақ дайындайды. Үлкен отбасында он бір ағайынның ортасында бала кезден еңбекке ширығып өскен. Далалық жер болғандықтан түйеден басқа төрт түліктің бәрі бар. Сүтінен құрт, ірімшік, айран қолдан жасалады. Құр жатқанды жаны қаламайтын Мақсат Кемалұлы күн суығанда қыстық отын мен қамыс шауып сатады. Балық аулап азық қылады. Келешегі кемел жастың арманы да ауқымды. Бұйырса бақшалық жер көлемін үлкейтіп, қосымша көкөністер егуді қолға алмақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА