Бабын білген бау-бақша өсіреді
Қазалы қаласының тұрғыны Ерболат Жұбатқанов осыдан бірнеше жыл бұрын Бозкөл ауылынан қоныс аударған. Бала күнінен үлкендердің қасында жүріп, бау-бақша егудің қыр-сырына қанығып өсті. Бүгінде Ерболат Ибайдуллаұлының ауласында кішігірім бағы бар. Онда жеміс ағашының бірнеше түрі өседі. Қауын-қарбыз, қызанақ, қиярды күнделікті жеп отыр.
Бізге бау-бақшасын аралатып көрсеткен еңбекқор жан кіре берістегі гүлдерді алдымен таныстырды. Одан кейін бақты жағалай егілген шие, сары, қара өрік ағаштары жайқалып, көз тартады. Көкөністер егілген атыздардың жөні бір бөлек. Онда қызанақ, қияр, жуа, аскөк, қауын-қарбыз егіліп, күнделікті жүйелі бақылауға алынған.
– Бақшаны өсіру – үлкен еңбек. Өйткені бізге аяқсу әзірге қиындықпен келіп тұр. Ерте көктемнен жер аударып, жыртып, тыңайтқыштар сеуіп дайындаламыз. Өзім қаладағы аграрлы-техникалық колледжде шарушалық жөніндегі меңгеруші болып жұмыс істеймін. Мекеме ауласына гүл отырғызу, тал егуді әдетке айналдырғанбыз. Бау-бақша өсірудің әдіс-тәсілдері жазылған кітаптарды іздеп жүріп көп оқимын және ақпараттарға құлақ түремін. Мәселен, қашан суару керек, қалай артық бұтақтарды кесу керек екендігін үйрендім, – дейді бағбан.
Әсіресе Ерболат аға еккен «Дамский палочки» сұрыпты жүзімінің дәмі тіл үйіреді.
– Жуырда үйде үлкен той болды. Құда шақырып, қонақ күттік. Дастарқанға бақшадағы жүзімді, басқа да көкөністерден дәм дайындалып, қойылды. Базар бағасы шарықтап тұрған шақта ауладағы бау-бақшам азды-көпті көмек болды, – деген бағбанның балалары мен немерелеріне дейін бау-бақшаның күтімін жақсы біледі. Еңбек еткеннің еңсесі биік. Ерболат Ибайдуллаұлының алда жоспары көп. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң бау-бақшасының көлемін бұдан әрі кеңейтіп, жеміс түрлерін көбейте түсуді ниет етіп отыр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА