Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрмаш Алғашбаев: Әндерімді жарнамаламаймын

Нұрмаш Алғашбаев: Әндерімді жарнамаламаймын


«Қазалының Шәмшісі» атанған сазгер Нұрмаш Алғашбаев бүгінде 300-ге жуық әннің авторы. Қара сөздің қаймағын қалқыған ақындығы да бар жан-жақты жанның жүрегінен шыққан төл туындылары аудан, облыс көлемінен асып, республикалық сахналарда шырқалып жүр.
Қарапайымдылығымен ерекшеленетін өнер иесінің Отан, туған жер, табиғат, әке мен ана, бейбітшілік, махаббат, салт-дәстүр, тәуелсіздік тақырыптарындағы әндері республикалық телерадионың алтын қорында сақтаулы. «Жастық шақ әуендері», «Сырдың сұлу саздары», «Сыр әуендері» жинақтарына бір топ әндері, балаларға арналған бірнеше әуендері мектеп оқулықтарына енгізілген. Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты Нұрмаш Алғашбаев қазірде аудандық «Атамұра» ардагерлер ансамблінде өнер көрсетеді. Жуырда саз әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған сыршыл сазгермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Аға, бойыңыздағы өнер қанмен берілген қасиет пе әлде...
– Солай деуге болады. Өйткені анам Разия өнерлі кісі еді. Ән салатын. Үй шаруашылығында болып, балалардың тәрбиесімен айналысты. Әкем Қабылбай күрішші болды. Бауырларымның ішінде ағам Әбілтай екеуміз өнерге жақынбыз. Ол кісі де мен секілді аудандағы өнерпаз ардагерлерден құралған «Атамұра» ұлт-аспаптар ансамблінің құрамында.
Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ аудандағы оркестердің құрамында болып, ән айтып жүрдім. Талай жарыстарға қатысып, жүлдемен оралдық.
– Ең алғашқы туындыңыз туралы айтсаңыз...
– Мектептен кейін өнер жолына түскім келді. Алайда шығармашылық тапсыру емтиханына кешігіп қалыппын. Сөйтіп Алматыдағы Зооветеринариялық институтына оқуға түстім. Зоотехник-инженер мамандығын алған соң, жолдамамен Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Киевка совхозында екі жыл еңбек еттім. Содан соң туған жерге оралып, сол кездегі Қазалы қаласындағы СПТУ-34 мекемесінде, кейін №17 мектепте мұғалім болдым. Бертін келе С.Сейфуллин атындағы №165 мектептен музыка пәнінен оқушыларға білім беріп, зейнеткерлік демалысқа шықтым.
Алғашқы туындым институт қабырғасында өмірге келді. Бір күні бөлмеде жалғыз отырғаныма радиодан Мұхиттың әні шырқалды. Сол әннен шабыт алсам керек, ойыма әуен оралып, «О,Зәуреш» әнін шығардым. Сөзі де өзімдікі, алғашқы орындаушысы да өзім. Оқу орнында өнер студиясы болды. Оркестрдің құрамында болып, домбырада ойнадым. Гитара, прима-қобыз, баян, бас домбырада тарта аламын.
– «Өлең деген тумайды жайшылықта» деп Мұқағали ақын жыралағандай әр өнер адамының шабыт алатын дүниесі болады? Сіздің жүрегіңізді тербеп, көңіліңізді шалқытатын не нәрсе?
– Көбіне оңаша қалғанда тың дүниелер туады. Табиғаттың керемет көрінісі де менің музама айнала алады. Әсемдіктен алатын әсерім де жоқ емес.
– Білуімше, 300-ге жуық әннің авторысыз. Жаныңызға ерекше жақынын атасаңыз...
– Әр ән өзінше бір әлем. Бір-бірінен бөле-жара қарау мүмкін емес. Олда балаңдай ғой. Әрбірінің өзіндік орны мен шығу тарихы бар. Мен патриоттық тақырыпта да, лирикалық жанрда да жазамын.
«Аралым, Аяулым», «Он екі ирек», «Әләулім» әндерім қазақ телевизиясының алтын қорына қабылданған. 1998 жылы жазылған «Қызыма» атты әнім сол уақыттан бері ұзату тойларында айтылып жүр. 70 әнім қазақ авторлар қоғамында тіркелген. Күйлерім мен арнайы шығармаларым да бар.
– Ал, балаларға арналғаны бар ма?
– Иә, 50-60 шақты балаларға арнап жазған әнім бар. «Әжем айтқан ертегі», «Көгершіндер», «Суық торғай», «Су торғай», «Анашым», «Егеменді ел Қазақстан» сынды әндерім мектеп оқулықтарына енген.
– Отбасыңыз өнерге қаншалықты жақын?
– Зайыбым Жаңыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ол кісі де ән салады. Екеумізді табыстырғанда осы өнер жолы. Ол кезде Қызылтуда мұғалім еді. Мен СПТУ-34 мекемесіндемін. Аудан өнерпаздары болып, Жалағашқа жарысқа бардық. Оркестр құрамында жолдасым да болды. Сөйтіп танысып, сөзіміз жарасып, шаңырақ көтердік. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсірдік. Екі ұлым Алматыда тұрады. Ғалымжаным құрылысшы, келінім Айнұр мейірбике. Біржаным реаниматолог-дәрігер, келіншегі Жанерке мейірбике. Қазалыда қызым Ақсамал №165 мектепте орыс тілінен, ұлым Ғани №249 мектеп-лицейде музыка пәнінен мұғалім. Келіншегінің есімі Марқаббат. Ақсамал фортепиано, Ғани музыка мектебінен баян класын бітірді. Алайда өнер жолында тек Ғани ғана. Оның қыздары Жаннұр мен Қарақат ән салады. Түрлі сайыстардың жеңімпаздары.
– Бір сөзіңізде кітапты жиі оқитыныңызы айтып қалдыңыз. Қандай ақындармен шығармашылық байланыстасыз?
– Сазгер болғандықтан әніңе сәйкес өлең іздейсің. Сол себепті де кітапты көп оқимын. Кейде бірінші ән өмірге келеді. Оған лайықты өлең жолдарын қараймын. Қазалылық ақындардан Жетіскен Мәкеналы, Насыр Баекеев, Жұмабек Табынбаев, Жұмабек Құлбаевпен бірлесіп, бірнеше туындыны жарыққа шығардық.
– Қазіргі эстрада әншілерінен кімді тыңдайсыз? Қандай сазгерлердің әні көңіліңізге қонымды.
– Шынымды айтсам, қазіргі әншілерді көп тыңдамаймын. Шәмші, Ескендір, Әсеттің әндері жүрегіме жақын.
– «Өнер – ортақ байлық» деген тәмсіл бар. Кейінгіге мұра ретінде туындыларыңызды топтастырып, кітап қылып шығару ойыңызда бар ма?
– Ілгеріде Болатбек Пұсырманов аудан әкімі болған тұста: «Кітабыңызды шығарайық. Қанша қаржы болса да көтереміз» деген еді. Алайда өзім құнттамадым. Әндерімді жарнамаламаймын. Жазылып, орындалмай жатқаны қаншама. Уақыт өте келе ойланып жүрмін. Барлығы дайын. Енді жүйелеп, жинақтап, кітап қылу ойда жүрген істің бірі.
– Армансыз адам болмас аға. Сіздің де жетсем деген мақсатыңыз бар шығар...
– Атақты Шәмшінің өзі «Естайдың Қорланындай ән жазсам шіркін!» деп армандаған екен. Менің де көкейімде жүрген мақсатымның бірі әрі бірегейі – керемет туындыны өмірге әкелу. Сол арманның жетегімен «Естай-Қорлан» атты ән жазудамын. Жуырда жарыққа шығады деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет. Шабытыңыз шалқи берсін!

Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
17 маусым 2022 ж. 1 075 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031