Мерейтой мерейі
№266 мектеп-лицейде ақын-сазгер Нұрмаш Алғашбаевтың 70 жасқа толуына арналған «Жүректерді тербеткен жыр тамшысы, мерейлі мерекеңізбен ел Шәмшісі» атты сұқбат кеші өтті.
Қара сөздің қаймағын қалқыған ақын-сазгер бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық ән шығарған. Сазгердің Отан, туған жер, табиғат, әке мен ана, бейбітшілік, махаббат, салт-дәстүр, тәуелсіздік тақырыптарындағы әндері республикалық телерадионың алтын қорында сақтаулы. «Жастық шақ әуендері», «Сырдың сұлу саздары», «Сыр әуендері» жинақтарында да әндері бар. Балаларға арналған бірнеше әуендері мектеп оқулықтарына енгізілген. «Әжем айтқан ертегі», «Суық торғай», «Сұр торғай», «Көгершіндер», «Анашым», «Егемен ел Қазақстан» әндері мектептердің 1-3 сыныптарға арналған музыка пәнінің бағдарламасында орындалып жүр. Ол бүкілодақтық фестивальдің лауреаты Нұрмаш Алғашбаев қазір аудандық ардагерлер «Қорқыт сазы» ансамблінде өнер көрсетеді.
Мазмұнды басқосуда №266 мектеп-лицейдің ұйымдастырушы-педагогы, кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғабит Бәймішев шығармашылық жолындағы еңбектеріне шарықтау тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, осы білім ордасындағы химия пәнінің мұғалімі Гүлнар Жұмаева ақын-сазгердің сол кездегі оқушылардың өнерін шыңдап, қалай қанаттандырғанын сағына еске алды.
Шара барысында жасөспірімдер мерейтой иесіне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Өз кезегінде ақын-сазгер көпшіліктің сұрауымен баян тартып, жанды дауыста ән шырқап берді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.