Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел үшін еңбек еткен ер

Ел үшін еңбек еткен ер

Қасиетті Қазалы жерінде ел үшін ерен еңбек еткен қайратты да қайсар азаматтар баршылық. Сондай жанның бірі – Кемали Сермаханов. Ол Ұлы Отан соғысына аттанып, жеңіс жолында бірнеше мәрте ерлік жасаған белді тұлға. Атпал азамат сұрапыл соғыс тәмамдалған соң елге оралып, ауылшаруашылығын дамыту жолында тер төккен.

Кемали Сермаханов 1924 жылы Қазалы ауданы, Майлыбас ауылында дүниеге келген. Сөйтіп, білім ошағынан тәлім-тәрбие алып, кейін оқуды өзінің тапқырлығы, озаттылығымен аяқтады. 1941-1943 жылдары аралығында Қазалы ауданы №1 Майлыбас ауылдық кеңесіне қарасты Бірлік колхозында колхозшы болып еңбек атқарды.
Ол Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі 17 жаста екен. 1943 жылдың сәуірінде 19 жасар Кемали ұрыс алаңына аттанады. Онда №135 атқыштар полкі құрамында атқыштар қатарында болды. 1943-тің наурызынан 1945 жылдың желтоқсанына дейін №1045 атқыштар полкі құрамында сұрмерген снайпері ретінде Жапонияға қарсы болған соғыста жеңіске жетуге септігін тигізеді. Сол жылы «За Победу над Японией» төсбелгісімен марапатталады.
1945-1947 жылдар аралығында №85 теңіз жаяу әскерінде аға матрос болып, Кеңес Армиясы қатарында қызметін абыроймен атқарған.
Елге оралған соң бұрынғы Бірлік колхозында соғысқа дейінгі жұмысын жалғастырады. 1947-1950 жылға дейін №1 Майлыбас ауылдық кеңесіне қарасты Кеңтүп колхозында бас есепшілік қызмет атқарды. Кейін Сталин атындағы колхозда көмекші бухгалтер, 1953-1956 жылдары Шымкент қаласындағы колхоз председательдерін дайындайтын курста тыңдаушы, 1956-1957 жылы Сталин колхозында агроном, кейін жылға дейін Ленин атындағы колхоз басқармасының орынбасары болып қызмет жасайды. Ол 1961 жылы Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумына сырттай оқуға түсіп, 1965 жылы «Ауылшаруашылық өнімдерін жоспарлау және есептеу» мамандығы бойынша тәмамдап шығады. 1963-1973 жылдар аралығында Ленин колхозына басшы болып, колхоз шаруашылығын дамытуға аянбай еңбек еткен. Өмірінің соңына дейін «Құмжиек» совхозы жұмысшылар комитетінің төрағасы болып жұмыс жасайды.
1957 жылдан бастап Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытып, қой басын 50 миллионға жеткізуді көздеген. Сол жылдары К.Сермаханов басқарған совхоз коллективі жоғары нәтиже көрсетті. Бір ферманың өзі 3 жылда 514655 қозы алып, бесжылдық жоспарынан 1928 бас артық, 35704 дана қаракөл елтірісін өндірді. Ал ірі қара санын 3500-ге жеткізіп, жоғары нәтиже көрсеткен. Қой шаруашылығын өркендетудегі үздік көрсеткіштері үшін, совхоздың аты СССР халықшаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Бүкілодақтық Құрмет тақтасына жазылады.
Сол жылдары «Құмжиек» совхозын аудан, облыс, республика, одақ көлемінде танытуға үлес қосқан Кемали Сермаханов, Бекділда Нұршабаев және Пірімжар Оразов сынды азаматтар Москвадағы ауылшаруашылық көрмесіне барып қайтқан.
1967 жылы СССР ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысқан «Ленин» колхозынан «Ерен еңбегі үшін» 5 адам, «Өз ісінің шебері» атағын 67 адам иеленіп, Қазақ ССР Құрмет Алтын кітабына енген. 1972 жылы Кемали Сермаханов еңбек еткен Құмжиек совхозы КПСС Орталық Комитетінің, СССР Министрлер Советінің, ВЦСПС-тің және ВЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы, Диплом және 11 мың сом мөлшерінде ақшалай сыйлығын алады.
Оның көп жылғы еңбегі партия мен үкімет тарапынан бағаланған. КСРО жоғарғы Советі Президиумының секретары М.Георгадзе қол қойған «Құрмет Белгісі» орденімен екі мәрте наградталады.
Кемали Сермаханов бірнеше рет Қазалы аудандық партия конференцияларына делегат болып сайланады. 1980 жылы облыстық партия комитетінің VІ пленумына делегат болып қатысады. «Халық депутаттары» ауылдық советіне депутат болып бірнеше рет сайланады.
Социалистік жарысты ұйымдастыруда жұмысшылар комитетінің атқарар рөлі зор. Сол тұста совхоздағы жұмысшылар комитетіне Кемали Сермаханов жетекшілік етті. Ол осы совхоздың іргетасын қалауда ұшан теңіз үлес қосып, ыстығына күйіп, суығына төзген азамат. Совхоз тұрғындары оны әрдайым құрмет тұтқан. Кемали аға табиғатынан өз ісіне мығым жан болған. Оның іскерлігін, бірсөзділігін барша жұрт жақсы біледі. Еңбекшілер арасында да социалистік жарыс нақты шешімін тапқан. Жұмысшылар комитеті атқаратын ісіне қарай жасалған жарыс шарттарының тәртібін коллективтің әрбір мүшесіне жете түсіндіруді дағдыға айналдырған. Жарысты ұйымдастыруда оның пәрменділігі назардан тыс қалған емес. Әріптестердің жұмысы бірнеше мәрте тексеріліп, одан туған ой-пікірлер мен ұсыныстар кеңінен ортаға салынады. Кемшілікті жоюдың шаралары белгіленеді. Совхоз озаттарын моральдық және материалдық жағынан ынталандырып отырады. Шаруашылықтың озат фермаға берілетін ауыспалы Қызыл Туына қоса, 10 шопанға, 5 жылқышы мен 5 механизаторға, 3 құрылысшыға және 5 егіншіге тағы да басқа озат жұмысшылары Құрмет мадақтамаларымен марапатталды. Міне, Коның еңбек майданындағы өнегелі істері осылай өрілген.
Соғыс және еңбек ардагері Кемали Сермаханов 1984 жылы өмірден озса да, артында мәңгілік өшпес із қалдырған. Жүсіп Баласағұнидың «Адам өз мәртебесін кісілік қасиеттерімен көтереді», – деген қанатты сөзді Кемали Сермаханов сынды тұлғаларды сипаттағандай тұрғандай.


Серік АҚМЫРЗА
14 мамыр 2022 ж. 707 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 274

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 167

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031