Аталар ерлігіне тағзым
Атам Әлменбет Ілиясов 1925 жылы дүниеге келген. 1939 жылдың қыркүйегінен 1941 жылдың шілде айы аралығында Қазалыдағы педучилище студенті болды. 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың маусымы аралығында «Екпінді» колхозы мектебінің мұғалімі қызметінде жүрген 17 жастағы бозбала әскер қатарына шақырылады.
1944 жылы төрт ай Кіші лейтенанттар курсының курсанты болады. Оны бітіргеннен кейін Атқыштар взводының командирі ретінде 47-Армияның 1-Беларусь майданына қатысты. Ауыр шайқастарда қаһармандық көрсетіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ұрыста ауыр жарақаттанып, Саратовтағы №1680 Эвакогоспиталіне түсіп ұзақ емделеді. Сол кезде жазған күнделігі әкемнің қолында сақтаулы. Елге 1945 жылдың тамыз айында оралып, 1947 жылға дейін «Екпінді» мектебінің мұғалімі, оқу ісі меңгерушісі, директоры болып қызмет етті. Сол жылдан 1958 жылдың қыркүйегіне дейін «Коммунизм» колхозы мектебінің мұғалімі болды.
1948 жылдың желтоқсанынан КПСС мүшесі болған. 1951-1958 ж.ж. Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында білім алып, Физика-математика факультетін бітіреді. 1958 - 1965 жылдары «Бозкөл» совхозындағы № 96 мектеп мұғалімі болып жүрген кездері Қазақ КСР Жоғарғы Советінің грамотасымен, Қаз КСР Жоғарғы Советінің құрмет грамоталарымен марапатталады. 1965 - 1970 жылдары №17 мектептің мұғалімі болса, 1970 – 1971 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері болып қызмет атқарған. Ұстаздық қызметті абыройлы атқарған азаматқа 1960 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, ал 1963 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» құрметті атағы берілген. 1967 жылы қалалық Кеңестің депутаты болып сайланды. Әлменбет ата ұзаққа созылған науқастан 1971 жылы дүниеден қайтты. Көп жылдар бойы Қазалы аудандық және аймақтық басылымға басшылық жасап келген Әлмәмбет Әлішев өзінің «Елге еңбегі сіңгендер» тақырыбы бойынша берілген очерк-эссесінде «Табиғатынан ұстаз болып жаратылған, өмірден шынайы ұстаз ретінде өткен Әлмембет Ілиясов сынды асыл азаматтардың жарқын ісі қараңғы түнде теңізде жол сілтеген шам-шырақтай мен мұндалап тұрады» деп жазған екен. Бүгінде қызы мен ұлдары әке жолын жалғастырса, немерелері де ұстаздық қызметті абыроймен атқарып жүр.
Нұржан ІЛИЯСОВ,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің
өндірістік оқыту шебері