Аурухана тынысымен танысты
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы теміржол ауруханасына барып, мекеменің жұмыс барысымен, қызмет көрсету сапасымен және материалдық-техникалық базасымен танысты.Аурухананы аралау барысында аудан басшысы қабылдау бөлімі, емхана, зертхана, жансақтау, хирургия және диагностикалық бөлімдердің жұмысын көріп, қызметкерлермен кездесті. «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС басқарма төрағасы Құбыл Ршымбетов аурухананың қазіргі жағдайы, көрсетілетін қызмет түрлері, жабдықталуы және кадрлық әлеуеті туралы толық ақпарат берді.
Аудан әкімі медициналық қызмет сапасына ерекше назар аударып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті тұрақты қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, науқастардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізудің маңызды екенін айтты.
Аурухана ұжымына жауапты қызметтері үшін алғыс білдіріп, тұрғындардың саулығы жолында адал еңбек етулеріне тілектестік білдірді.
Қазалы теміржол ауруханасы 1904 жылы Қазалы уезінде амбулатория ретінде ашылған. Алғашында онда фельдшер мен акушер ғана жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы кезінде аурухана госпитальге айналып, әртүрлі жарақат алған солдаттарды қабылдап, емдеген, осылайша соғысқа өз үлесін қосқан. Ғасырдан астам тарихы бар мекеме заманауи талаптарға сай атауын өзгертіп, 2018 жылдан бастап «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС болып қайта құрылды. Қазіргі таңда ауруханада 450-ге жуық қызметкер еңбек етеді және ол заманауи медициналық аппараттармен толық жабдықталған.
Бекзат АСАН














