Отбасы құндылығын дәріптеген қойылым
Ертегі – баланы мазмұндылығымен елітіп қана қоймай, кейіпкерлерінің басынан өтетін оқиғалары арқылы күнделікті өмірінде болып жатқан оқиғаларды талдай білу, әлемді түсінуді үйретіп, әр баланың өмірінде маңызды рөл атқаратын, қиял әлемін байытатын және өнегелі тәрбие беретін құнды тәрбие құралы.Жақында Қазалы қалалық мәдениет Үйі жанындағы халық театрының өнерпаздары «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «АRT-уақыты» жобасы аясында кішкентай көрермендеріне өз көрсетілімдерін ұсынды.
Жанқожа батыр ауылындағы «Жауқазын» бөбекжай балабақшасына қойылған Виктор Орловтың «Алтын балапан» ертегісіне ұжым үлкен дайындықпен атсалысты.
Ертегі желісі байлыққа жетуді армандаған Көк бөрі мен қу Түлкі туралы өрбиді Олар алтын жұмыртқаны ұрлап, одан алтын балапан шығаруды жоспарлайды. Алайда, жұмыртқаны жарып шыққан кішкентай балапан Көк бөрінің өзіне деген әкелік сезімін оятып, оқиғаны жылы, отбасылық арнаға бұрады. Көремендер ертегіні тамашалай отырып, отбасы құндылығы, әке мен бала арасындағы ештеңе айырбастай алмайтын шынайы махаббатты жандарына ұялатып, үлкен әсермен тарқады.
Қойылым алдағы уақытта жалғасын табады.
Алтын МЕЙІРХАНОВА













