Тазалық – басты талап
Жуырда удан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентінің шет аймағында орналасқан бірқатар маңызды коммуналдық нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Атап айтқанда, аудан басшысы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны мен кәріз суларын сүзгілеп-тазартуға арналған арнайы алаңның жұмыс барысын көріп, экологиялық ахуалға қатысты мәселелерді талқылады.Ең алдымен, әкім тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және полигонға тасымалдау жүйесінің қалай ұйымдастырылып отырғанын тексерді. Қоқыс полигонының инфрақұрылымдық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін алға тартқан аудан басшысы қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу ісін жолға қоюдың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бағыттағы жобалар экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Одан соң Алмасбек Есмаханов кенттің шет жағындағы кәріз суларын сүзгілейтін және биологиялық тазалаудан өткізетін арнайы аймақтың жұмысымен танысты. 1980-жылдары салынған сүзгілеу алаңдарының әлі күнге дейін пайдаланылып отырғаны, олардың қазіргі талаптарға сай жаңғыртуды қажет ететіні айтылды. Әкім бұл аумақты қоршау, санитарлық тазалықты сақтау, ассенизатор көліктерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз ету бағытында тиісті шараларды шұғыл ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен қатар тазарту жүйесінің тиімділігін арттыру үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, кезең-кезеңімен толық жаңарту жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді. Аудан басшысы аталған саладағы кез келген жұмыс ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Жұмыс сапары барысында әкім Желтоқсан көшесіндегі жаңадан төселіп жатқан асфальт жабындысын, сондай-ақ кент көшелерінің тазалығын бақылап, жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Ол көше инфрақұрылымын жақсарту мен тазалық мәдениетін қалыптастыру – ауданның көркі мен тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін маңызды фактор екенін атап өтті.
Аудан басшысының бұл сапары коммуналдық саладағы өзекті мәселелерді жерінде бағамдап, олардың шешілу жолдарын нақтылау мақсатында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, экологиялық қауіпсіздік пен санитарлық тәртіпке баса мән берілмек.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














