Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалық жарақат немесе түпсанадағы таңба

Балалық жарақат немесе түпсанадағы таңба

Фото: ашық дереккөзден алынды
Бүгінде қоғамда жиі талқыға түсіп жүрген тақырыптардың бірі – «балалық жарақат» ұғымы. Көптеген ересек адамдар «Бұрын балалық жарақат дегенді білмей өстік, ата-анамыз таяқпен тәрбиеледі, соның арқасында адам болдық» деп жатады. Енді бірі «Тыныш заманда өткен-кеткенді ақтарып, сабылудың не қажеті бар?» дегенді айтады. Ал басқалары болса, бұл ұғымды жаңаша бір таным ретінде ғана қарастырады.
Әрине, адамның өмірін тек өткендегі оқиғаларға байлап қоюға болмайды. Дегенмен, жанға түскен жараларды жоққа шығарып, елемей кету де дұрыс емес. Өйткені көңілдегі дерттің ауырлығы әртүрлі. Кейде өткенді ұмытып, алға басу жеткілікті болса, кейде терең жарақат адамның бүкіл өмірін әлсіретіп, тіпті келешегіне кедергі келтіреді.
Балалықта алған жасырын жарақат адамның өміріне шынайы кедергі келтіре ме, әлде бұл қоғам ойлап тапқан түсінік пе? Жауап іздеп көрдік.

Термин тарихы
«Балалық жарақат» терминінің артында ғасырдан астам ғылыми зерттеулер, нейробиологиялық дәлелдер және психология саласындағы іргелі еңбектер жатыр. Алайда көпшілік оны терең түсінбей, көбіне қазіргі заманғы «жұмсақ тәрбие» философиясымен байланыстырады.
Балалық шақтағы психикалық жарақат мәселесі жаңа емес. ХХ ғасырдың басынан бері психология ғылымында бұл тақырып зерттеліп келеді. Австриялық психолог Зигмунд Фрейд эмоционалдық жарақаттың (абьюз, немқұрайлылық) ересек шақтағы мінез-құлыққа әсерін алғаш теориялық түрде көрсеткен.
Сондай-ақ Жан Пиаже мен Лев Выготский балалар дамуының әлеуметтік ортадан тәуелді екенін дәлелдеді. Ал Джон Боулбидің «Қарым-қатынас теориясы» (Attachment Theory) бойынша, ана мен басты қамқоршы арасындағы байланыс адамның кейінгі эмоционалдық тұрақтылығын анықтайды. Бұл қазіргі «жарақат» түсінігінің негізі болды.
Психиатрияда «балалық жарақат» ұғымы 1980 жылы DSM-III жүйесіне посттравматикалық стресс бұзылысы ретінде енгізіліп, балалардағы жарақаттың жеке зерттеу объектісі ретінде ресми түрде танылды.

Бұрын және бүгін
Көпшіліктің көкейінде «неге бұған дейін бұл туралы айтылмады?» деген сұрақ туындайтыны анық. Мұның өз себептері бар. Кеңес дәуірінде психология тұрмыстық деңгейде кеңінен қолданылмаған. Сол кезде басты назар адамдардың ішкі сезімін зерттеуден гөрі тәртіп пен тәрбиеге берілетін. Сондықтан «травма» деген ұғым әлсіздік немесе еркелікпен байланыстырылып қабылданған. Қазақ қоғамында да «баланы ұрып алсаң да, тәрбиеле» деген дәстүрлі қағида ғасырлар бойы қалыптасқан. Бұған қоса, бұл тақырыпқа қатысты ғылыми зерттеулер біздің қоғамға кеш жеткендіктен, ұғымның дұрыс түсінілмеуі қалыпты жағдай болды.
Қазір бұл сөздің жиі қолданылуының да себептері бар. Біріншіден, термин бізге бұрыннан келсе де, 2000 жылдары интернеттің аз болуы, психолог мамандарының жетіспеушілігі және қоғамның бұл тақырыпқа жабықтығы оның кең таралуына кедергі болды. Екіншіден, ақпарат ағынының артуы мен интернеттің кеңінен қолжетімді болуы арқылы әлемдік психологиядағы жаңалықтар қазақ тілінде де қолжетімді бола бастады. БҰҰ-ның Балалар құқығы туралы конвенциясы, мектептердегі буллингке қарсы бағдарламалар – бәрі «балалық жарақат» ұғымын қоғам күн тәртібіне шығарды. Соңғы 10-15 жылда психикалық денсаулық туралы ашық айту стигмадан арылып, тек мода емес, нақты қажеттілікке айналды.


Ертеңнің бағыты балалықта басталады
Балалық шақ – адамның психологиялық, эмоционалдық және физикалық дамуының негізі. 2000 жылдардан кейін нейробиология мен психология саласындағы зерттеулер балалықтағы тәжірибелердің ми мен организмге нақты әсерін көрсететін болды. Әсіресе мидың құрылымдық өзгерістері мен стресс гормондары жүйесінің бұзылуы адамның кейінгі өміріне айтарлықтай әсер ететіні дәлелденді. Мысалы, амигдала мен гиппокамп сияқты ми аймақтарының дамуы баланың эмоционалды реакциясына, қорқыныш пен қауіп сезіміне, есте сақтау мен ақпаратты өңдеу қабілетіне тікелей қатысты.
Стресске ұшыраған немесе эмоционалды травма алған балада стресс гормондары – кортизол сияқты заттардың деңгейі тұрақсыз болады, бұл жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Ұзақ мерзімді стресс пен травманың нәтижесінде балада мазасыздық, депрессия, агрессия, тәуелділік сияқты психикалық проблемалар дамуы мүмкін. Яғни, балалық шақтағы қорғансыздық немесе эмоционалды қиындықтар кейінгі өмірге «із қалдырады».
Сондықтан мамандар балалық шақтың тек қауіпсіз ғана емес, сонымен қатар шаттыққа, махаббатқа, қызығушылыққа толы болуы маңызды деп есептейді. Бұл жай жорамал емес, дәлелденген ғылыми факт. Бала өмірінің алғашқы жылдарында алған позитивті тәжірибелері – оның өзін-өзі бағалауына, әлеуметтік дағдыларына, эмоционалды тұрақтылығына әсер етеді. Сонымен қатар сүйіспеншілік пен қолдау баланы өмірдегі қиындықтарға төтеп беруге үйретеді, стресске төзімділігін арттырады.
«Сондықтан қазіргі қоғамда психологиялық қолдаудың, баланың эмоционалды дамуына көңіл бөлудің маңызы бұрынғыдан да артып келеді. Бұл тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін қажет. Ертеңгі күннің бағыты – осы балалық шақта қалыптасатын құндылықтар мен тәжірибелерде жатыр» дейді мамандар.

Қоғамдық көзқарас қандай?
Біз талқылаған тақырыпқа қатысты қоғамдағы пікірлер де әртүрлі. Бірі толық қолдайды, енді бірі қарсы шығады. Осы тұрғыда әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнамада Назерке есімді ару «балалық жарақат» ұғымын қарапайым нәрсе деп қарауға болмайтынын білдірген. Оның айтуынша, қазіргі қоғамды бұрынғыдан бөлек бағалау керек, адамдардың санасы өзгеше, сондықтан баланың психологиялық денсаулығына мән беру маңызды.
Осы ойды Айым есімді келіншек те қолдайды. Ол баланы ұрып тәрбиелеу дұрыс емес деп есептейді. «Баланың бүгінгі жарасы, болашақ өмірінде қиындықтарға әкелуі мүмкін. Ата-аналық қатыгездікті «тәрбие» деп ақтауға болмайды» дейді ол.
Бұл пікірлерге қарсы пікірлердің болуы да заңды құбылыс. Сауалнама қорытындысын сараласақ, қарсылық білдірушілердің дені үлкен буын өкілдері екені байқалды. Мысалы, бірнеше баланың әкесімін деп таныстырған Әсет ағамыз: «Біздің кезімізде бұлай болмады. Баланы тым еркелетіп, өсіріп жатырмыз. Меніңше, травма деп оны асыра бағалау – дұрыс емес» дейді ол.
Ал тағы бір көзқарас өзгелерінен ерекшеленеді. Азат есімді жігіттің пікірінше, бұл термин психологтардың пайда табу тәсілі ретінде пайда болған. «Қазіргі таңда психологтар көп, интернетте ақпарат мол. Олар бізге жаңа терминдерді ұсынып, кейде қоғамды адастыруы мүмкін. Кейбіреулер оған сеніп қалады, ал бізден кейінгі буын мұндай дүниелерді тез қабылдайды. Мен үшін бұл – тек қалтаны қампайтып, пайда табудың бір тәсілі» дейді ол.

Психолог пікірі
Қазіргі психологтар «балалық жарақат» терминін неге жиі қолданатынын білу үшін біз арнайы маманға сауал жолдадық. Психолог Жанар Төлеу былайша жауап берді:
«Бұл терминді қабылдау қоғамда әлі де қиындық тудыруда. Несін жасырайық, көпшілігі өзгерістерді қауіпті деп қабылдайды. Дегенмен, бұл ұғым жаңа пайда болған жоқ. Тек ғылыми түсінік кейінірек қалыптасты. Ал біз оны жиі айтамыз, өйткені зерттеулер балалық шақтың адамның бүкіл өміріне әсер ететінін дәлелдеді. Соңғы 20-30 жылда нейробиология дамып, мидағы өзгерістерді нақты көрсету мүмкін болды. Балалық шақтағы зорлық-зомбылық, қорқыныш немесе назарсыздық мидың құрылымына тікелей әсер етеді.
Клиенттердің мәселелерін зерттегенде психикалық қиындықтардың, яғни мазасыздық, агрессия, өзін төмен бағалау, тәуелділік, қарым-қатынастағы қорқыныш сияқты сезімдер балалықтағы тәжірибеден басталатынын байқатады. Сондықтан психологтар мәселенің түп-тамырына үңілу үшін «балалық жарақат» ұғымын жиі қолданады. Ерте анықталған жарақат ересек өмірдегі ауыр проблемалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ерте диагностика мен түзету депрессия, күйзеліс, қиын қарым-қатынас немесе тәуелділіктің алдын алуға көмектеседі.
Бұрын «ұят», «жылама», «тәрбие солай», «ата-анаға қарсы сөйлеуге болмайды» деген түсініктер эмоциялық жарақатты жасырып келді. Қазір біз, психологтар, осы жабық тақырыптарды ашып, қоғамды сауаттандырумен айналысудамыз. Сол себепті бұл термин ақпараттық кеңістікке жиі шығып жатыр» дейді Жанар Төлеу.

Түйін: Қазіргі таңда «балалық жарақат» туралы жиі айтылып жатқаны кездейсоқ емес. Бұл әлсіздік белгісі емес, керісінше, адамның өз ішкі әлеміне бұрын-соңды болмаған шынайылықпен үңіле бастағанының көрінісі. Өткеннің қаталдығы бізді шынықтырып, өмірге дайын еткен болуы мүмкін, бірақ оның іздерімен үнсіз жүріп келгенімізді енді ғана түсінудеміз.
Қоғам дамыған сайын адамның психологиялық халін түсінуге деген қажеттілік те артып келеді. Демек, баланың үнін тыңдау – тек мейірім емес, ұлттың мәдени деңгейінің көрсеткіші. Осы тұрғыдан ойласақ, ертеңгі күннің жарқын болуы – бүгінгі балалық шақтағы жараларды түсініп, оларды емдеуден басталады. Егер бүгін баланың ішкі дүниесіне мән бермесек, ертеңгі күннің жолы қиындыққа толуы ықтимал.
Арайлым ЖҮСІПОВА

25 қараша 2025 ж. 11 0

Сенбідегі серпіліс

25 қараша 2025 ж. 10

Үйірменің үйретері көп

25 қараша 2025 ж. 11

Жантақ жараны жаза ма?

25 қараша 2025 ж. 11

Тазалық – басты талап

25 қараша 2025 ж. 36

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930