Сенбідегі серпіліс
Өткен сенбіде аудан көлемінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өткізілді.Аудандағы барлық мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, жастар және тұрғындар қатысқан шара барысында Әйтеке би кентінің негізгі көшелері – Әйтеке би, Жанқожа батыр, Т.Бөріқұлақов, Ә.Елубаев көшелері, сондай-ақ кенттің кіреберіс қақпасы маңы мен «Қазақ қорымы» аумағы толық тазартылды. Бұдан бөлек, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық трассасының бойындағы қоқыстар да реттеліп, жол шеті күл-қоқыстан арылды.
Сенбілік барысын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов өз көзімен көріп, Әйтеке би кентінің әкімдігі мен тазалыққа жауапты бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы алғанда, елді мекендер бойынша 22,4 шақырымға созылған аяқ су арықтары тазартылып, жиналған шамамен 10 тонна қоқыс арнайы полигонға шығарылды. Тазалық жұмыстарына кент, қала және ауылдық округтерден 109 мекемеден 2035 адам және 15 арнайы техника тартылды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














