Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардақтымсың, ардагер!

Ардақтымсың, ардагер!

Ұлы Отан соғысы – бүкіл адамзат тарихындағы алапат соғыс. Ал Жеңіс – Ұлы мереке. Әрбір мерекенің өз орны болатыны белгілі. Бірақ Жеңіс мейрамының салмағы ерекше екенін терең ұғынуымыз керек.
9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихтағы маңызды күн.
Ардагерлерді құрметтеу – баршаның парасатты парызы. Ұлы Отан соғысына аттанған азаматтардың арасында қазалылықтар да аз емес.

Қайсар жүректі азамат
1945 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс күнін Берлин қаласында қатардағы жауынгер ретінде қарсы алған Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының №2 ауылдық Кеңесіне қарасты Жамбыл колхозындағы егінші Тобаберген мен сауыншы Рыскүлдің тұңғыш баласы болды. Тілеуберген елгезектігімен бауырларына күні бойы жұмыста жүрген әке-шешесін жоқтатпайтын. «Соғыс басталды» деген қаралы хабар елді дүр сілкіндіріп, бейбіт елдің бірқалыпты өмірі бір-ақ күнде астан-кестеңі шығады.
1942 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған бозбала Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласының маңындағы Шыршық стансасына жеткізілді. Осында бір ай бойы әскери дайындықтан өтті. Бір күнде әскери эшелонға тиеліп, Мәскеу іргесіндегі Смоленск қаласына жетті. 150-ші зеңбіректі атқыштар полкінде қолына қару ұстап, майдан даласына еніп кетті. Бір жылдан кейін 291-ші атқыштар полкі құрамына жіберіліп, Белоруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Кинигсберг, Калининград қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Маршал Г.Жуков басшылық ететін 158 гвардиялық полктің 28-ші автомат ротасы сапында Отан алдындағы борышын өтеп, бірнеше рет батылдығымен көзге түсті. Бас қолбасшы И.Сталиннің қолы қойылған Алғыс хат алып, «Кинигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін неміс-фашист басқыншыларының тұтқынға алынған жауынгерлерін күзетуге қалдырылып, туған жерге 1947 жылғы тамыз айының аяғында оралды.

Тағдыр тауқыметіне төтеп берген
Абай ауылы маңындағы қарапайым шаруа адамдары Бектұрған мен Ақжанның отбасында бірнеше құрсақ көтерсе де бала тұрмайды. Алланың жарылқауымен бір күні перзент иісіне зар ерлі-зайыптылардың шаңырағы шаттыққа бөленіп ер бала дүниеге келеді. Қуаныштан шалқыған ағайын ырымдап сәбидің атын Қалеп қояды.
Қалеп Бектұрғанұлы тұрмыстың тауқыметін буыны қатпастан ерте татып өсті. Білімге құштар бала Қазалы қаласындағы №16 мектептен 5 кластық білім алды. Оқуын жалғастырамын деп жүргенінде соғыс басталып, арманы аяқсыз қалды.
1942 жылы 19 жастағы жасөскін әскер қатарына қабылданды. Олар әуелі Чкалов қаласында күні-түні оқу-жаттығуына қатысады. Қарт майдангердің айтуынша, ол ПВО әскерінің сапында 1942 жылы қиян-кескі ұрыстарға Мәскеу маңында кіріседі. 1943 жылғы сұрапыл шайқастың бірінде желкесіне оқ тиіп, Рязань облысындағы госпитальда үш ай емделеді. Жарақатынан айыққан соң қайта сапқа тұрады.
1943 жылдың қыркүйегінде аяғынан қатты жараланып, екінші мәрте Мәскеудегі әскери ауруханаға түседі. Осы жолы Қалеп Бектұрғанов денсаулығына байланысты әскери комисариаттың ұйғарымымен соғыстан босатылып елге қайтарылады.
Майданнан жарақат алып келсе де ол колхозда аянбай еңбек етті. Абай колхозында ферма меңгерушісі, жүк қабылдаушы болды. 1955 жылдан бастап балық зауытына ауысып, осында табан аудармай 21 жыл тер төкті. Құдай қосқан қосағы Айымша Нұрмашевамен өмірге бес ұл, 3 қыз әкелді. Ұлағатты өмір жолымен үлгі болған Ұлы Отан соғысы ардагерімен бала-шағасы үнемі мақтанып отырады.
Қазіргі таңда ақсақал 8 баласынан 22 немере мен 23 шөбере сүйіп отыр. Бүгінде асқар тау аталарының айтқанын екі етпейтін немере-шөберелері әркез жанынан табылады.

Шөпшек сүйген майдангер
Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары қолына қару ұстаған талай азамат майдан даласына аттанды. Олардың қатарында Қабақ Смағұл да болды.
1923 жылы сәуір айында қазіргі Бекарыстан би ауылында дүниеге келген оны әкесі Смағұл мен анасы Төлебике ерекше мейірімділікке бөледі. 1942 жылғы шілде айының жиырмасы күні Москва бағытындағы Тула қаласына жақын жерде қорғаныста тұрып, сол жылдың желтоқсанынан ­бастап неміс фашисттеріне қарсы шабуылға шыққан. Үшінші екпінді армиясында Маршал Рокосовскийдің басқаруында болған Тула қаласын азат етіп, Орел қаласына бағыт алған.
1943 жылдың ақпан айының 19 күні Орел қаласын азат ету шайқасында ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальда тоғыз ай емделіп коммисия шешімі бойынша елге оралады. Өткен күндерді жиі еске алатын ІІ топ мүгедегі атанған майдангер қарт «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, «Жеңістің 25, 30, 40, 50 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл», “КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл” мерекелік, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың, А.Гречконың естелік медальдарын иеленген.
Қабақ Смағұлдың көрсеткен батылдығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Неміс басқыншыларына қарсы соғыстағы ерлігі мен батырлығы үшін СССР Жоғарғы Кеңесі Президумының 11 наурыз 1985 жылғы бұйрығымен І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және өзге де көптеген медалды кеудесіне таққан. Бұл соғыс ардагерінің жауынгерлік жолының шежіресі.
Өмір жолын жары Күлжан Смағұловамен ұштастырған Қабақ ата 5 ұл мен 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 22 немере мен 29 шөбере және 1 шөпшек сүйіп отыр. Оның ізгілікке толы ұрпағы атасының ерліктерін әрдайым ауыз толтыра мақтан етіп жүреді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

07 мамыр 2021 ж. 987 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031