Білімді бала – білікті тәрбиешіден
Әйтеке би кентіндегі «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы 2014 жылдан бастап, бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беріп келеді. Типтік жобада 280 балаға арналып салынған балалар ордасында 11 топта 250 бала тәрбиеленуде. Балабақшада 32 педагог кадр және 37 техникалық қызметкерлер жұмыс жасайды.
Бала жанының бағбанына айналған ұстаздар қауымының басым көпшілігі жоғары санатты, білікті мамандар. Бүлдіршіндерге патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру, өз ой-пікірін білдіре алатын, салауатты өмір салтына сай, болашақтың тірегі болатын дені сау, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеуде педагог ұйымдастырушы, педагог-психолог, дене шынықтыру нұсқаушысы, музыка жетекшісі, би жетекшісі жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен 2020 жылы логопед кабинеті ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда логопед маманы жұмыс жасауда.
Осы уақыт аралығында балабақшада педагогтардың озық іс-тәжірибесін аудан, аймақ, облыс көлеміне тарату жұмыстары жүргізілді. Тәрбиешілердің шығармашылық шеберлігін шыңдау, педагогикалық тәжірибесін көпшілікке тарату, мектепке дейінгі балалардың заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы білім, білік дағдыларын маңгерту мақсатында Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Нәтижеге бағытталған білім беру моделі және педагог шығармашылығы» тақырыбында облыстық семинар болды.
«Тәй-тәй технологиясының әдістемелік ерекшеліктері» тақырыбында облыстық және «Мектепке дейінгі ұйымда инновациялық технологияларды пайдалану негізінде білім сапасын арттыру жолдары» тақырыбында аудандық семинар жоғары деңгейде өткізілді.
Өткен жылы «Мектеп жасына дейінгі балаларды дамытуда заманауи технологияларды қолдану» тақырыбында онлайн режимде шығармашылық шеберхана ұйымдастырылды. Балабақша меңгерушісі Эльмира Жалпақбайқызы «Алпамыстың нәтижеге бағыт алған шығармашылық ізденістері» тақырыбында «Балабақшам бақ ұям», «Балалық қиялдың ғажайып әлемі», «Ойна балақай», «Жетістік желкенінде» тақырыптары бойынша презентация жасап, балабақшада жүргізілетін жұмыс бағыттарын жүйеге келтірген. Балабақша педагогтарының жаңашылдығы, кәсіби шеберліктері ерекше. Бұған облыстық оқу орталығының директорының орынбасары Гүлнар Дихамбаеваның ұжымға деген алғаусыз алғысы дәлел.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұжым педагогтары түрлі байқауларда бақ сынап, бәйгелерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Соңғы екі жылдың өзінде түрлі іс-шараларда көзге түсіп, алғыс арқалады.
Биыл да бөбекжай-балабақша ұжымы жетістіктер қоржынын толтыруды бастап кетті. Р.Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай «Қазағымның бұлбұлы» республикалық балалар мен ересектер байқауына зор үлес қосып, шәкірттері жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін тәрбиешілер Ж.Кадирова, А.Нұртай, С.Тұрғанбай, Ф.Оңғарбайқызы, Б.Сержанова, Г.Алдажарова, А.Өтеген арнайы Диплом алды. Аталған байқауда «Би» номинациясы бойынша өнер көрсеткен тәрбиеленушілер: Ә.Еркін, І.Талғат, І.Аралбек, Н.Жаңабай, Е.Нұржанов, Н.Алдоңғар, Т.Жанаралов, И.Құрманбай, Н.Алмас, М.Батырбек және «Көркем сөз» номинациясы бойынша өнер көрсеткен тәрбиеленушілер: А.Еділ, А.Асылбек, А.Өмірзақова, А.Сұлтан І дәрежелі Дипломмен марапатталды. Көркем сөз оқуып көзге түскен тағы бір топ тәрбиеленушілер: Я.Садыков ІІ дәрежелі Диплом, Г.Төлеміс, Н.Алпамыс ІІІ дәрежелі Диплом иеленді. «Вокал» номинациясы бойынша тәрбиеленушілер: А.Алмас І, А.Ерсайынқызы ІІ дәрежелі Дипломға қол жеткізді.
Өнерлі өрендер балалар жылы аясында ұйымдастырылған «Біз бақытты баламыз» республикалық іс-шарасында «Ана тілің – арың бұл» атты өлеңдер, ертегілер, әңгімелерді мәнерлеп оқу республикалық челленджінде «Талаптың мініп тұлпарын» номинациясы бойынша марапатталған балабақша мақтанышы Нұрмұхаммед Алпамыс Аудан әкімінің «Алғыс» хатын алды. Нұрмұхаммедті өнерге баулып жүрген жетекшісі Айнұр Жолмырзаева.
– Біз ешқашан болдым, толдым демейміз. Керісінше, әр кез алға ұмтылып, заман талабына сай жан-жақты ұрпақ тәрбиелеп шығаруға күш-жігерімізді жұмылдырып келеміз. Баланың білімі мен тәрбиесінің іргетасы балабақшада қаланады. Осы ретте ұжымдағы кез келген қызметкер өзіне артылған жауапкершілік жүгінің салмағын сезінеді. Әр баланың қарым-қабілеті мен бейімділігі болады. Оны дер кезінде байқап, шыңдай білу тәрбиешінің басты міндеті. Тәрбиеленушіні тұлға қылып қалыптастыру мен талабын ұштай түсу – басты талаптарымыздың бірі, – дейді бөбекжай-балабақша меңгерушісі Эльмира Нұрмағамбетова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА