Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақша – білім баспалдағы

Балабақша – білім баспалдағы

Бүгінгі ата-ана баласының балабақшада білім алып, тәрбиешінің тәрбиесінен өткенді құп көреді. Ол балаға ата-ананың уақыты жоқ дегенге келмес. Өйткені қазір балабақша тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағына айналды. Бұл бір жағынан болашағынан үлкен үміт күттіретін өскіннің сана сезімі жетіліп, айналасын танып білуіне үлкен септігін тигізессе, таңның атысы, кештің батысы қауырт жұмыстан қолы босамайтын ата-ана үшін де қолайлы. Ол қазір емес, сонау 1945 жылғы соғыс жылдарында да болған. Неге десеңіз, Қазақстандағы бөбекжай саны сол кезде күрт өсті. Ал ол аналарға майданда жұмыс істеуге, балаларға жай ғана тірі қалуға мүмкіндік берді. Қазіргі балабақша – мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекеме. Оған бүгінгі көзқарас осы.

Қазалы қаласында №1 «Ақерке» бөбекжай-балабақшасы халыққа қызмет көрсетеді. Иә, ол мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып жұмыс жасайды. Іргетасы 2009 жылы қаланған мекеме 90 баланы жайлы жағдаймен қамтамасыз ете алады. Бүгінгі күні екі қабаттан тұратын жаңа типтегі балабақша мектепке дейінгі бала тәрбиелеуде 100 проценттік көрсеткіш көрсетіп келеді. Онда бүлдіршіндер жас ерекшеліктеріне қарай «Айгөлек», «Балауса», «Балапан», «Балдәурен», «Ақжелкен» топтарда тәрбиеленіп, білім алуда.
Айтпақшы, бөбекжайдың ішкі тынысымен танысу барысында балабақша меңгерушісі Рабиға Қарымсақова негізгі мақсатын жасырып қалмады. Оның айтуынша, балабақшаның басты мақсаты «Денсаулық» білім беру саласы бойынша инновациялық технологияларды, жаңаша әдістерді енгізу арқылы балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сондай-ақ «Таным» білім беру саласында жаратылыстану оқу қызметі барысында дербес тәжірибе жасай білуге баулу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттерін іске асыру аясында жоба жұмыстарын ұйымдастыру және мектеп жасына дейінгі балаларда ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік бағдарларға қалыптастыру болып табылады.
– Бала тәрбиесіне бейжай қарай алмайтындықтан олардың әрбір іс-қимылына, қозғалысына, айналасындағылармен қарым-қатынасына байыппен көз тастаймыз. Балабақшаға келген уақыты мен қазірдегі айырмашылығын саралаймыз. Тәрбиешілермен бас қосып, баланың бөбекжайда қолайлы жүріп-тұруына жоспар құрып, алдағы міндеттерді қозғаймыз. Соның нәтижесінде бүгінге дейін ауыз толтырып айтарлықтай жайттар орын алды. Балабақшамыз аудан емес, облыстағы алдыңғы қатарға шықты. Ал тәрбиешілер өз ісінің мамандары екенін мақтанышпен айта аламын.
Жоғарыда айтып өткеннен бөлек те міндеттер бар. Нақтыласам, денсаулық саласы негізінде балалардың өз бетімен іс-әрекетіне жағдай жасауға, дене бітімі мен психикасын қолайлы сезінуін қамтамасыз ету. Дене шынықтыру жаттығуларын орындауға қызығушылықты арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. Ана тіліндегі барлық дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету. Сол арқылы бала ересек, құрдастарымен еркін қарым-қатынас жасап, сөз бен істі бірден ұғады. Өз білгенін ашық айтып, көрген шағын ертегілердің мазмұнын жеткізе біледі, – деді Рабиға Көптілеуқызы.
Балабақша ҚР-сы Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын басшылыққа ала отырып, «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық» және «Әлеумет» білім беру салалары турасында жұмыс жасап, «4К» моделі бойынша негізгі міндеттерді жүзеге асыруда.
Балабақша мамандары өз ісін жетік меңгергендер. Бала тәрбиесіне немқұрайлық танытпайды. Олай деп айтуға негіз де жоқ емес. Өйткені олардың барлығы дерлік бүлдіршіндермен тығыз қарым-қатынас жасап, лайықты жұмыс істеуде. Негізі мұнда «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар педагогтардың саны он жеті.
Мектепке дейінгі тәрбие – ол бүгінгі заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық санасы бар азамат тәрбиелеу. Ол үшін ең алдымен балабақша педагог-тәрбиешілері үздіксіз білімін жетілдіріп, арнайы курстардан өтіп, біліктілігін арттыруы шарт. Мұндай мамандар «Ақерке» бөбекжай-балабақшасында жетерлік. Оның үшеуі І санатты, 10-ы ІІ санатты. Ал санаты жоқ тәрбиешілер төртеу. Олардың өзі алдағы күндері білімдерін жетілдіріп, осы қатардан табылатынын айтып отыр балабақша меңгерушісі.
Негізі бұған дейін мектепке дейінгі ұйымдардың біліктілікті арттыру курстарының жаңартылған білім беру бағдарламалары «Өрлеу біліктілік арттыру ұлттық орталығы» курстары бойынша тәрбиешілер білім алған. Соңғы балабақша заңына енген «Инклюзивті балаларға білім беру» курсы бойынша 6 педагог тәрбиеші өздерін жетілдірсе, ақылы семинар мен курстардан он педагог өткен.
– Балабақшада ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар 2019 жылы бесеу болса, 2020 жылы он болды. Сондай-ақ балабақша 2020 жылдан бастап инклюзивті білім беру үшін арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіліп, логопед кабинеті ашылды. Мұның өзі біз үшін қуанышты жаңалық.
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Сондықтан біз бүлдіршіндерге түрлі ойындар ойнатып, бақылап отырамыз. Сол арқылы балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады. Кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді. Батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты қылықтары байқалады. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады, – дейді балабақша әдіскері Нұргүл Шорақызы.
Білесіз бе, №1 «Ақерке» бөбекжай-балабақшасына кіргеннен ең бірінші ондағы қызметкерлердің балаларға деген көзқарасына зер салдық. «Жылы шырай танытып, ақылмен баланы билей ме, әлде күшке сала ма?» деген ойға да кеттік. Алайда барлығы ойлағанымыздай болмай, тәрбиешілерге риза болдық.
Айта кету керек, балабақша кең жолақты интернетпен қамтамсыз етілген. Сонымен қатар «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілген. Ол аз десеңіз, балалардың білім дағыларын даму деңгейін бақылап отыру мақсатында индикатор жүйесі қарастырылған. Оған балаларға оқу жылында үш рет мониторинг жүйесін жүргізіп отыратынын қосыңыз.
Балабақшада балаларға білім беру процесінде инновациялық технологиялар: «Тәй-тәй», «Ойын», «АКТ», «Флипчарт», «ТРИЗ» технологиясы, М.Монтессори, Кюзенер таяқшалары, Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша, даму, интеллектум ойындары, дойбы, робототехника, «шебер қолдар», «өнерлі екен он саусақ», ән және би үйірмелері жұмыс жасайды.
Мұнан бөлек балабақшада педагогикалық, әдістемелік кеңестер, семинарлар, жас мамандармен жұмыстар, ата-аналарға арналған консультация, медициналық-педагогикалық кеңестер, денені сауықтыру іс-шаралары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

А. БАҚЫТҰЛЫ

26 қаңтар 2021 ж. 3 356 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930